«ТАЗА ТАБИҒАТ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

3  604 көрілім

Қазақстанда наурыз мерекесі қарсаңында «Таза табиғат» экологиялық жобасы басталды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасына экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысты. Жиын барысында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті.
Қазіргі таңда облыс бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың га.
Түркістан облысы әкімдігі мен министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңір аумағында жалпы аумағы 110210 гектарға 170 млн. түп көшет егілмек.
Шара жаңа әуежай жолындағы «DALA FRUIT» ЖШС-ның жеміс бауының жұмыстарымен танысып, өрік ағашын отырғызудан басталды. Бұған дейін алма ағашының бірнеше түрі егілген бауға биыл қара өріктің 10 түрінен 276 657 көшет отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, дәл осы бауда қауын- қарбыз өсіріліп, сатылымға шығатын болады. Жиын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы Ботаникалық бақта жалғасын тапты. Оған Әзірбайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Саха, Тәжікстан, Түркия елдерінен келген түрлі баспа және электронды БАҚ өкілдері қатысып, ағаштар отырғызды. Саябақтар, аллеялар абаттандырылып, сенбілік ұйымдастырылды.

  • «Түркі әлемінің бесігі болған киелі мекеннің гүлденуі ел абыройын арттырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көркейіп жатқан қалаға келген қонақтардың көзі алдымен айналаның тазалығы мен жасыл желекке түседі. Біз Наурыз мейрамын айналаны көгалдандыру мен тазартудан бастауды дәстүрге айналдыруымыз керек. Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлықты арттырады. Қазақстанда экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады», – деді министр.
    Түркістанды көгалдандыру үшін жергілікті климатқа жарайтын ең әдемі, ең шырайлы жыл он екі ай бойы гүлдеп тұратын талдар арнайы әкелінген. Түркістан облысы әкімінің бастамасымен Түркістан қаласын көгалдандыру үшін жасалынып жатқан жобалар өз нәтижесін береді деп сенеміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы