«НАУРЫЗ КӨЖЕ ЖАСАП, ТАРАТУ – МЕНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМ»

1  888 көрілім

Наурыз, наурыз – күн игі,

Күні игі жердің – түрі игі.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді

Шаттанушы еді бір игі, – деп Роза апамыз ән салғандай, Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар түрленіп жатқан Түркістанның түкпір-түкпірінде тиісінше өтуде. Қалада Наурызға дайындықтың алғашқы көрінісі – апта сайын жаппай сенбіліктер өтіп, мыңдаған түп ағаштар отырғызылуда. «Жуанның жіңішкеретін, жіңішкенің үзілетін», ақтың молаятын, көңілдің кеңейетін тамаша мезгілінде қаламыздың одан сайын жаңарып, танымастай өзгеруі, әрине әр тұрғынның көңіліне шуақ сыйлайды. Биылғы Наурыздың ерекшелігі де сонда! Наурыз – жаңа күн, жаңа қала, жаңа көзқарас!

Қаламызда түркі тілдес 29 елден, атап айтсақ Түркиядан, Монғолиядан, Өзбекстаннан, Сахадан (Якутия), Татарстаннан, Болгариядан, Ауғанстаннан, Түркменстаннан, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан, Тәжікстаннан, Тывадан т.б. көптеген мемлекеттерден 1300-ге жуық шетелдік жастар білім алатын халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлыстың ұлы мерекесі жылда ерекше өтетін. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты, өткен жылдан бері шектеулер қойылғаны белгілі. Десе де, Наурыз тілегі мен тілі, ниеті мен намысы бір, түбі бір түркі бауырларымыздың басын қосып, пейілдерінің кеңдігін көрсететін ерекше мейрам. Бұл күні қадірі мол наурыз көже жасалып, дастарқан кеңге жайылып, түрлі дәмдер қойылып, барша жұрт бір-бірін аралап, ақ пейілмен құттықтап, ақтан молынан дәм татып, түрлі ұлттардың өнерін тамашалап, мәз-мәйрам болатын берекелі күн.

Дегенмен, Наурыз көжені жылда міндетті түрде жасап, көпшілікке дәм татқызуды басты парызы санайтын әріптесіміз Айнұр Балтенова бұл жайында жастарға былай түсіндіреді: «Киелі жеті санынан тұратын, жеті түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көжеге жеткен де бар, жетпеген де бар, жылдан жылға аман-есен жете берейік, қыстан бала-шаға, жақын туыс аман-есен шыққанымызға шүкір деген ниетпен аяулы анашым жылда жасап, жұмыс орныма беріп жіберуші еді. Ол кісіден көргенімді үйреніп, бүгінде ол дәстүрді өзім жалғастырып, көже беруді парызым деп санаймын. Түнімен бидай мен жүгеріні мол болсын! деп үлкен қазанға бұқтырып, өткен жылдан қалған сүрленген етімді қайнатып, түрлі ноқат-бұршақтар, кеспе салып, айранды молынан қатып жасаймын. Көршілеріме, бауырларыма таратамын, жұмыста әріптестерге алып келемін»,- дейді.

Расында, «Ана көрген тон пішер» демекші, ананың сүтімен, ұлттық құндылықпен жеткен осындай тәлім-тәрбиеге қалай қызықпайсың?! Қазақтың қанатты әр сөзі де, ұйымшылдыққа жетелейтін әрбір мерекесі де қастерлі ғой! Ұйымшылдық пен татулыққа шақыратын мерекеден үйренер өнегеміз мол бола бергей.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы