ТҮРКІСТАНДЫҚТАР САЯБАҚТЫҢ АШЫЛУЫН АСЫҒА КҮТУДЕ

1  546 көрілім

Түркістан қаласының тұрғындары үшін таптырмас демалыс орындарының бірі шаһардың шығыс бөлігінен орын тепкен жаңа қаланың бастауындағы «Жібек жолы» саябағы. Былтыр құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, ерекше келбетке еніп межесіне жеткен. Десе де ашылу салтанатын асыға күткен көпшілік арманына пандемия салдары тұсау болды. Енді көп ұзамай саялы орындары мен ойын аттракциондарына жетуге асыққан жандар үшін саябақты қолданысқа берер күн жақын деген үміттеміз.

Шынында да баяғы алаңсыз күндерді сағынышпен еске алатын болдық. Оның үстіне түрленіп келе жатқан Түркістанда сәт сайын бір нысан бой көтеріп, қаланың ажарын ашқанымен қоймай тұрғындарды өзіне баурай түсуде. Міне, сондай жанға сая сыйлайтын орындардың бірі тақырыбымызға арқау болған «Жібек жолы» саябағы. Ия, бұл нысан өткен жылы қолданысқа беруге дайын болатын. Дегенмен, елімізге төнген төтенше жағдайға байланысты саялы орынды ел игілігіне пайдалану кейінге шегерілді. Алдағы уақытта індетке байланысты шектеу шаралары аяқталған соң түркістандық бүлдіршіндер мен бозбалалардың және жас толқынның басын біріктіретін ғажайып мекенге айналғалы тұр.

Киелі өңірдің көркін арттырып, 30 гектар аумақты алып жатқан саябақтағы бүлдіршіндердің делебесін қоздыратын ойын аттракциондары, жасанды көлдері мен жанға жайлы көрікті орындары кімді де болса тамсандырмай қоймасы анық. Келушілерді бірден өзіне жетелейтін тағы бір орын саябақтың дәл ортасынан орын тепкен биік төбе және оның мәңгілік қозғалысты бейнелейтін дөңгеленген өрнекті мұнара іспеттес бейне менмұндалап тұр. «Әлем шатыры» деп аталатын сол биіктен саябақты алақаныңыздағыдай тамашалап, төңіректің төрт бұрышына көзіңіз жетеді.

Саябақтың атының өзі қандай ғажап. Ұлы керуеннің іргесінен орын тепкен саябақтың «Жібек жолы» аталуы да заңдылық дерсің.

Енді оқырманға демалыс орынының сипатын ұсынсақ. Жалпы аумағы 30 гектарды құрайды дедік қой. Соның 12,5 гектары балаларға арналған түрлі ойын аттракциондары, 5 гектары аллеяға бөлінсе, қалған 12,5 гектары серуендеу аймағы болып саналады.

Шығыс үлгісінде бейнеленген саябақ ауласы еркін серуендеуге қолайлы. Барлық жағдай жіті қарастырылған. Көркі көз тартатын тамаша көріністер, арнайы демалыс орындықтары, аркалар, алуан түске бөленіп аспанға шаншыла атылатын субұрқақтар, ескі заманды еске түсіретін көш керуен мүсіндері секілді саябақтан мағыналы орындарды кезіктіресіз. Жарық бағаналары да ерекше түске енген. Мұндағы жердің 25 пайызы жаяу жүргіншілер жолына арналған. Сонымен қатар, дене шынықтыру яғни бұқаралық спортты дамыту мәселесі де осы жерде көрініс табады. Атап айтсақ, теннис үстелі, футбол, баскетбол алаңдары, веложолдар салынған. Балалардың емін-еркін ойнап, серуендеуін қамтамасыз ету бағытында көзге ерекше көрінетін «Ертегілер әлемінде» деп аталатын арнаулы орын ойластырылған. Сонымен бірге ас-су сататын сауда нүктелері де бар. Мұндағы негізгі ерекшеліктің тағы бірі Түркістан табиғатында сирек кездесетін (тіпті жоқ деуге болады) түрлі ағаштар отырғызылып, гүлдермен көмкерілген. Енді көп ұзамай саябақтың сәнін арттыратын бұл ағаштар да жанға сая сыйламақ.

Әрбір жанға осындай керемет көңіл-күй сыйлайтын әсем баққа серуен құрудың өзі адам ағзасына үлкен пайда әкелетіні белгілі. Біріншіден таза ауамен тыныстап тыныс жолыңыз ашылса, екіншіден саябақтың көңіл сергітетіні анық. Олай болса, жанға жайлылық сыйлайтын «Жібек жолы» саябағының ашылуын асыға күтеміз.

А.ШАРАСУЛОВА.

Суреттерді түсірген

А.ЛЕЩЕНКО.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы