КӨП САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРГЕН ЕСЕП

518 көрілім

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Р.Аюпов 2020 жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін  берді. Бұл облыс орталығына айналғанына көп болмаған жәдігер шаһардың гүлденуі мен өркендеуі, дамуы мен түрленуінің қай деңгейде жүзеге асып жатқаны туралы көп сауалдарға берілген бірегей жауап десек қателеспейміз. 
Біздің тілге тиек еткелі отырғанымыз осы есепте айтылған, жұрттың  баса назар аударатын тұрғын үй және табиғи газбен қамтамасыз ету саласы бойынша болмақ.
Күллі әлемді аяғынан тұрғызып, салқынын тигізген індет жайлы айтып отырудың өзі артық болар. Осыған қарамастан жаңа облыс орталығын дамыту бір сәт тоқтаған емес. Барша сала мамандары жанкештілікпен жұмыс жүргізді. Мейілінше еңбектері жанып, межелі жұмыстар легі толығымен уақытылы орындалып отырды деуге негіз бар.

Тұрғын үй бойынша былтырғы жылы тұрғын үй кезекте тұрған мұқтаж азаматтардың саны 12 441 құраған екен. Осы жылы жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспары мықтап қолға алынып діттеген мезгілде тұрғындарға қуаныш сыйлауға көп күште салынған. Десе де індет салдары, шекаралардың жабылуы, жұмысшылар мен құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуі біраз  кедергі болыпты. Осыған қарамастан жыл соңында 440 мұқтаж азаматтарға пәтерлер тапсырылыпты. Сонымен қатар 534 пәтер несиемен рәсімделіп берілсе, 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып,  336 пәтер «Отбасы банкі» арқылы пайдалануға берілген. Ал шаһар бойынша бойынша 46 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін қайта жаңғырту жұмыстары да атқарылған. Ертеңгі күн үшін әкімшілік-іскерлік орталығындағы 77 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, келесі жылы 730 пәтерлерді табыстау жоспарланып отыр екен. Осының өзі қала халқы үшін шынайы атқарылып жатқан жемісті әрі нәтижелі еңбектердің бірі десек болады.

Келесі сала табиғи газбен қамтамасыз ету өте қарқынды жүргізілген жұмыстардың қатарында десек болады. Олай болатыны күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қалаға жүз пайыз газ құбырлары тартылып, қазірге дейін 62%  жеке тұлғалар, үйлер, мекемелер, түрлі нысандар газға қосылғанын айтқан болатын. Бағаның өзі 85 мың теңгеге дейін түсірілгенін жеткізген. Әкім есебінде  «2020 жылы бюджеттен 7 907 872,0 мың теңге қаржы қарастырылып, 1 магистралді және 6 ішкі орам газ құбырлары нысандары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін Түркістан қаласында 42 037 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылып, толық табиғи газды пайдалану 26 200 абонентке қол жетімді болды» делінген. Сонымен бірге  жаңадан қоныстанған, жер телімдерін екіге бөлген, жер құжаттарын жаңадан заңдастырған және тағы басқа да себептермен жобаға енбей қалған   380 тұрғын үйді 2021 жылдың 2-ші жарты жылдығына дейін газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.  Ал газбен қамтылған жәдігер шаһардағы  Сауран, мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беретін орталық жылу қазандығы бұған дейін қатты отын көмірмен жылытылып келсе,өткен жазда осы орталық толықтай табиғи газға алмасып қаланың экологиясына оң әсерін тигізуде.
Қорыта келгенде қала жұртшылығы үшін атқарылып, жүргізіліп жатқан жұмыстар легі биік деңгейде орындалып жатыр деуімізге болады. Алдағы күндерде де шаһардағы мәселелер межелі уақыттар ішінде орындалып отыратынына сенім нығая түсті.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
“Бітімгер” медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы