ҚАЛАДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕРГЕ КУӘМІЗ

481 көрілім

Бүгін қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2021 жылға алда тұрған міндеттері туралы еліміздегі орын алған пандемияға байланысты онлайн түрде халықпен есеп беру кездесуін өткізді. Өткен 2020 жыл қиын жылдардың бірі болып көпшіліктің есінде қалды. Олай дейтініміз, коронавирус індеті бүкіл әлемді дүрбелеңге салып, біздің елді де айналып өтпеді. Бұл кезең барша қазақстандықтарға, оның ішінде Түркістан қаласы тұрғындары, кәсіпкерлері үшін де бұл жыл оңайға соқпады. Нәтижесінде, көптеген жұмыс орындары, оның ішінде бизнестік кәсіпорындар тоқтап, халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері ықпалын тигізгені жасырын емес.

Сонымен қала әкімі Рашид Абатұлы есепті жиынында бүгінде еліміздегі басты проблемалардың бірі әлеуметтік және денсаулық салаларына ерекше тоқталып өтті. Қала әкімінің мәлімдеуінше жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгеретін болыпты. 2020 жылғы атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына еңген жаңа талаптар бойынша әр тоқсанға өтініш беру арқылы 3 айға тағайындалып, төлем жүргізілетін болмақ. Атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылардың (1 мен 6 жас аралығындағы) 17755 баласына кепілдендірілген әлеуметтік топтама тағайындалған. «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы бойынша 14923 отбасына 746 150 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен бірге, демеушілер тарапынан 4127 отбасына 33 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, мұқтаж жандардың игілігіне жұмсалғанын атап өтті.

Ал, денсаулық саласы бойынша сөз қозғайтын болсақ, өткен жылы аса күрделі ауыртпалық түскені белгілі. Тосыннан келген төтенше жағдайға тосырқай қараған халқымыз, үрей мен үміттің бел ортасында өмір сүруде. Дәл қазір қауіпті індет деп қорқып-үркуден халықтың хәлі түзелмейді, күдіктің бұлты сейілмейді. Осындай қызылтаяң шақта, атадан қалған асыл қасиеттерді азық етіп, сабыр мен сақтықты санамызға терең сіңірсек қана дүрбелең туғызған қауіпті дерттен арылатын боламыз. Бүгінде қаламызда 23 медициналық мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде 13 емхана, 2 амбулатория, 1 жедел жәрдем станциясы және 7 аурухана халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Індетке байланысты былтыр қаламыздағы орталық ауруханаға жаңа оттегі станциясы модулі сатып алынғанын мәлім етті. Түркістан қаласы аумағында коронавирус инфекциясының ошақтарына 296 нысанға қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда қала аумағында – 564 нысанға профилактикалық дезинфекциялық іс шаралар жүргізілгенен жеткізді.
Иә, кездесуде қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы уақытта кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталған қала әкімі қала тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, оларға тұшымды жауаптарын берді. Онлайын форматында өткен есепті жиында қала тұрғындары қала әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.

Гүлмира БЕКБЕРГЕНОВА,
Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы