ҚАЛА ДАМУЫНДА ӘР САЛАНЫҢ ӨЗ ОРНЫ БАР

505 көрілім

Биыл әлемдегі күрделі кезеңге байланысты Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың 2020 жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебі онлайн форматта өтті. Қала басшысының түрлі саланы қамтыған есебін қаланың байырғы тұрғыны ретінде мен де зер салып тыңдадым, бір жыл көлемінде атқарылған жұмысына талдау жасадым.
Айтайым дегенім, кеңестік одақ тұсында қаланың тек орталық көшелері ғана асфальттанған болса, Тәуелсіздік жылдарынан бері жол инфрақұрылымы біршама ретке келіп жөнделді. Соңғы 5-6 жыл көлемінде қала көшелеріне жан бітіп, тегістеліп, асфальттанып, жарқырап қалғанын қаланың әрбір тұрғыны жақсы біледі. Ал, облыс орталығы болғалы бері аталмыш бағыттағы жұмыстар нықтап қолға алынып, есесіне қаламызды жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында 2020 жылы бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды.

Атап айтсақ, қала ішінде 7,8 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіліп, 168,5 шақырымды құрайтын 126 көше жарықтандырылды. Мұнымен қоса орташа жөндеу жұмыстары 106,1 шақырымға, яғни 81 көшеге жүргізіліп, аяқ жолдар салынды. Сондай-ақ, қала әкімі автокөлік жолдарының үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 11,9 пайызға өскенін атап өтті. 2025 жылы Түркістанға келетін туристердің санын 5 млн-ға жеткізу жоспарланған болса, жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен ретке келтіріп, толықтай асфальт жол болса, мұндай жаңғыру жұмыстары қала тұрғындары мен қонақтарында қуаныш сезімін оятады деп сенім білдіремін.

Тағы бір қаланың негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлік екені даусыз. Қала әкімі Рашид Абатұлы өткен жылы індетке байланысты көптеген жұмыс орындары жұмысын тоқтатқанына қарамастан, қалада 6 кәсіпорын іске қосылғанын, жаңа 202 жұмыс орны пайда болғанын, «Түркістан» индустриалды аймағынан қолданыстағы 40 гектар жерді 310 гектарға дейін ұлғайғанын, онда 1124,0 млн. теңгеге 192 жұмыс орнымен 5 жоба іске асырылғанын атап өтті. Демек, шаһар басшысының есебінен пайымдағынымыз, алдағы жылдары облыс орталығында жаңа кәсіпорындар ашылып, қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына жағдай жасалатынына көзіміз жетіп отыр. Жалпы айтар болсам, жас та болса іскер басшы болған қала әкімінің өткен жылға жасаған қорытынды есебіне қанағаттанарлық деген баға беремін.

Ерназар РОЗМЕТОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы