АРДАГЕРЛЕРГЕ «ЖЕҢІС» ҚОРАПШАЛАРЫ ТАРАТЫЛДЫ

704 көрілім

Түркістан қаласында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобының Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне көмек көрсету мақсатында жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы болып өтті.

Арнайы жобаны жүзеге асыру Қадыр Сырлыбеков басшылық ететін Түркістан станциясының ұжымына міндеттелді. Атаулы шара қалалық ардагерлер ұйымының қолдауымен өз деңгейінде жүзеге асырылды.

Іс-шара барысын тарқатып айтатын болсақ, ұйымдастырушылар дайындаған көмек қораптарын алып Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылдағы еңбеккерлердің үйлеріне барды. Басты себеп – елдігімізді нығайтқан ардагерлерімізге ел атынан алғыс айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлау. Сонымен бірге, қазіргі таңдағы әлем мен елімізде болып жатқан короновирус індетінің алдын алып, төтенше жағдай талаптарын сақтау да баса назарға алынды. Ең әуелі ұйымдастырушылар Өтепберген Қуанышбаев ардагер атамыздың шаңырағында болып, көмек қораптарын тарту етті. Кездесу үстінде қалалық станцияның пойыз қабылдаушысы Алишерхан Алдияров ардагерге ізгі тілегін жеткізіп өтті. Өз кезегінде Өтепберген Қуанышбаев шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Жаңа жылдың барысында, өткен сайлау науқанының аясында атқарып жатқан іс-әрекеттеріңіз берекелі болсын. Біз өз елімізге, жерімізге аянбай еңбек еттік, қазіргі таңда сол еткен еңбегіміздің жемісін сіздер – жастар арқылы сезініп келеміз. Сол үшін алғыс білдіргім келеді. Болашақ жастардың қолында, сол себепті еңбек етіңіздер, елімізді өркендетіңіздер, дамытыңыздар сол болсын менің батам,- деді ардагер қуанышын жасыра алмай.

Одан кейінгі кезекте тағдыр жолы тым ауыр болған, небәрі 4 жасында жетімдік қамытын киген, өмір өнегесі ел ертеңіне арналған ардагер Абжаппар Дайрабайұлының шаңырағында болды. Осылайша кеудесін Отан үшін оққа тосқан, маңдай терін ел үшін төккен 1соғыс, 6 тыл ардагерінің үйлеріне көмек жеткізілді. Барлығы 40 ардагердің үйіне осындай қорапшалар үлестірілетін болады деді шараны жүзеге асырушылар.

Бұндай шараның болуы бүгінгі қоғамды отаншылдық рухына тәрбиелеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға, тарихқа және ардагерлердің ерліктеріне сыйластық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған тамаша бастама, бұл жастар үшін ауадай қажет екенін ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков ерекше тебіреніспен ортаға салды.

Биылғы жылы шаһар аумағындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан және тылда еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсету теміржолшы жастардың мойынында екенін, оны соңына дейін жүйелі жеткізіп, ойдағыдай жүзеге асыратындарын қалалық станцияның еңбек қорғау инженері Ләззат Рысбаева жеткізді. Сөз соңында шараны ұйымдастырушылар қарияларымызға қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілей отырып, жастар атынан рахметтерін жеткізді.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы