ОН МЕМЛЕКЕТ ҚАТЫСҚАН ОНЛАЙН ЖАРЫС

392 көрілім

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясы және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ұйымдастыруымен Халықаралық деңгейде ұлттық спорт түрімізді насихаттау мақсатында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне орай онлайн жарыс шымылдығын түрді. Қаламыздағы Визит орталығында өткен аталмыш шарада 10 мемлекеттен 400-ге жуық спортшылар қатысты.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясы президенті Әлихан Бәйменов «Zoom» платформасы арқылы бүгінгі Халықаралық жарыстың маңыздылығына тоқталып,  ақыл-ойды дамытатын, адамның қабілетін арттырып ми қызметін жетілдіретін зияткерлік ойынды киелі мекенде ұйымдастыру – Түркістан қаласының мәртебесін әлемдік деңгейде арттыруға үлкен сеп берерін атап өтті. Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Жәнібек Наушабай, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнюра Мурзамадиевалар ұлттық спортымызды одан әрі дамыту жайында өз ойларын жеткізді.

Аталмыш шарада тағы бір маңызды құжат, яғни Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясы мен Халықаралық туризм және меймандостық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ Федерациясының вице-президенті Мақсат Шотаев арнайы қатысқан шарада тоғызқұмалақ ойынын дамыту бойынша алдағы жоспарлар пысықталды.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары