АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ – 175 ЖЫЛ!

1  811 көрілім

Қара түнек заманға шамшырақтай жарығын шашқан адамдық, адалдық мектебінің жалықпас жанашыр ұстазы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Газетіміздің кәдесыйы ретінде өткен сандарында қара сөздерін толығымен берсек, кейінгі сандарда бүгінде көзі тірі және өмірден өткен қазақ ақындарының арнау жырларын жариялаған болатынбыз. Халқымыздың мінез-құлқын, ой-санасын, әдет-дағдысын арыла ашынып паш еткен, емірене егіліп жас төккен ұлы ақынның өз өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

САҒАТТЫҢ ШЫҚЫЛДАҒЫ ЕМЕС ЕРМЕК

Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі – ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Өткен өмір белгісі – осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.

Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл.

СЕНБЕ ЖҰРТҚА, ТҰРСА ДА ҚАНША МАҚТАП

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.

КӨК ТҰМАН – АЛДЫҢҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН

Көк тұман – алдыңғы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ алла біледі рас.

Ақыл жан мен-мен өзім, тән-менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды, –
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.

Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән алып, мал да алып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.

Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

ОЙ
(М.Ю. Лермонтовтан)

Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы,
Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.
Жасынан білер ескі шалдың мінін,
Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.
Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,
Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.
Жамандық жақсылыққа қарар салқын,
Долығы тез басылып, қайтар қарқын.
Ұлыққа қошеметшіл, құл сықылды,
Қатерге аяқ баспас, көрмей артын.
Дәл бейне ерте шыққан бүлдіргенше,
Суық соғып бүрісер, дәмі енгенше.
Көзге де, ауызға да қызығы жоқ,
Қызығы – үзілгені бос жүргенше.
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер:
Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті,
Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкірер.
Қуаты қызық қызмет тойларының,
Қос қыртысын кетірмес ойларының.
Лап бергіш, к… айналғыш, қайта ойланғыш
Тыянақ оты сөнген бойларының.
Келісімді тәтті ой, әр шеберлік,
Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік.
Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай,
Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік?
Жек көрер, жақсы көрер – кезі білер,
Ашуы, махаббаты босқа сөнер.
Жанында суықтық бар бір жасырын,
Қаны отты жас күнінде шықпас өнер.
Бала мінез ойыншы бұрынғылар,
Аңқау екен, мазақтап соны сынар.
Артқа қарап, ақ пейіл шалға күліп,
Абыройсыз, атақсыз көрге құлар.
Көп салқын бірін бірі ойына алмас,
Кетер жым-жырт, артына із қалдырмас.
Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай,
Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас.
Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың,
Мал үшін аш қатасың, жан сатасың.
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын?!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы