ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ – ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТЕР ШАҢЫРАҒЫ

4  105 көрілім


2017 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің табалдырығын алғаш аттадық. Болашақ биотехнологтар ретінде білім алу жолын бастадық. Оқу ордасының тарихына үңілсек, біршама қызықты, танымдық деректерге куә боламыз.

1933 жылы 20 қазанда Кеңестер Одағының Халық Комиссарлар Кеңесі Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы қаулы қабылдады. Университет 1934 жылы 15 қаңтарда ресми ашылды. Ашылған жылы 94 студент және 25 оқытушы болды. 1984 жылы бұл сан 13 мың студентке, 928 оқытушыға жетті. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Елу жыл ішінде университет 20 мамандық бойынша 42 мың жоғары білімді маман даярлаған.

Университет іргелі зерттеулер жүргізетін ғалымдардың басым көпшілігін, жалпы теориялық базалық пәндердің оқытушыларын, халық шаруашылығының әр түрлі салалары үшін мамандар даярлап, ғылымды, оқуды және мәдениетті дамытуда зор роль атқарады.

Университет түлектерінің дипломдарында алған мамандығы көрсетіледі, ал, сол мамандықты игеру жолында олар қаншама уақыт лабораторияда  сарыла отыруына, жүздеген ғылыми және арнаулы кітапты көз майын тауыса оқуына, қиындығы мол экспедициялар жасауына тура келді десеңізші.

1934 жылы 19 қаңтарда бұрынғы Верный гимназиясының ғимаратында екі факультеттің: биология мен физика-математика факультеттерінің 94 студенті алғашқы сабаққа отырды. Оқу және ғылыми жұмыстарды 25 оқытушы жүргізді, олардың арасында 5 профессор мен 10 доцент бар еді. Шағын жатақхана салынып, бірнеше кабинеттер мен  лабораториялар ұйымдастырылды. Сол жылы қыркүйек айында химия, 1937 жылы филология факультеттері ашылды.

Қазіргі таңда университет құрамында 15 факультет, 63 кафедра, 30 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк жұмыс істейді; 2 мыңнан астам профессор, ғылым докторлары мен кандидаттары, философия докторлары, 100-ден астам ірі академиялардың академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген 30 қызметкері, 30-дан астам Мемлекеттік және ҚР атаулы сыйлықтарының иегері және 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаты, 45 мемлекеттік ғылыми стипендия иегері қызмет етеді. Университетте жоғары кәсіби білім берудің көпдеңгейлі жүйесі бойынша 18 мың студент, магистрант білім алуда. Оқу орны студенттер алмасу және тағылымдамадан өту, Халықаралық ортақ оқу бағдарамаларын жүзеге асыру жөнінде әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлесіп қызмет етеді.

Университет Қазақстанның болашағын даярлауда деп толық сеніммен айтамыз. Себебі университет түлектерінің басым көпшілігі қазақстандық қоғамның элитасы қатарына еніп, елдің даму векторын қалыптастыруға қатысып келеді. Бұл жоғары оқу орнының маңызды нәтижесі, біз оны мақтан тұтып, болашаққа сеніммен қараймыз.

Университеттің алғашқы факультеттерінң бірі биолог мамандарды даярлады. Алғаш құрылған жылы ботаника және зоология кафедрасында 22 студент білім алды. Ал қазіргі таңда факультет түлектері Гарвард, Техас және Вирджиния университеттерінде (АҚШ), Густав Рози институтында (Франция), Торонто университетінде (Канада), Ұлыбритания университеттерінде табысты жұмыс істеуде. Биология және биотехнология факультеті алдыңғы ұрпақ салып кеткен дәстүрді абыроймен сақтап келеді. Қазақстанның халық шаруашылығы мен бизнес құрылымдарында қажетті біліктілігі жоғары кәсіби мамандарды даярлаудағы ірі ғылыми-білім орталығы болып табылады. Бакалавриат, магистратура, РҺD докторантура түріндегі бойынша көпдеңгейлі жүйеде кредиттік технология аясында білім беру жүзеге асырылуда.

Осы кезеңде факультеттің күндізгі бөлімінде 1341-ден астам бакалавр, магистр, РҺD доктор білім алуда. Оларға білім беруде 6 ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, 35 ғылым докторы, 9РҺD философия докторы, 180 ғылым кандидаты, доценттер, оқытушылар мен Ғылыми зерттеу инсититуттарының ғылыми қызметкерлері қызмет етіп келеді. Ғаламтор желісі мен өткен жылдары шыққан анықтамалық, энциклопедиялық еңбектерде баяндалған жоғары білімнің қара шаңырағы қатарындағы Ұлттық университеттің өмір жолы осындай. Алға қарыштап қадам басқан оқу ордасындағы алған біліміміз ел ертеңі мен игілігі жолындағы еңбекпен егіз ұштасады деген сенімдеміз.

Б.Б.Махатаева
университеттің 4 курс студенті.
П.С.Уалиева, Г.Ж.Абдиева,
ғылыми жетекшілері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы