«Клиника Талғат» ЖШС ауруханасының бас дәрігері Алдияр АЛТЫНБЕКОВ: «КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ БЕЙҚАМДЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ»

2  548 көрілім

Бүгінде барша әлемнің назарын аударған COVID-2019 коронавирусын жұқтырғандар саны елімізде күн санап артып келеді. Әлемдік деңгейде үлкен ауқым алған бұл жаңа вирустың әлі күнге дейін емі табылар емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекцияны өте ауыр індет екендігін жария еткен болатын. Соған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы дерттің алдын-алу мақсатында Қазақстан халқына өз үндеуін жариялап, төтенше жағдай енгізіп, тиісті министрліктер мен құзырлы органдарға кезек күттірмейтін көптеген шұғыл шараларды қолға алуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда медицина мамандары аталған індеттің екінші толқыны келіп жатқанын айтып дабыл қағуда. Осыған орай, біздер «Клиника Талғат» ЖШС ауруханасының бас дәрігері Алдияр Баратұлы Алтынбековпен арнайы барып сұхбаттасқан болатынбыз. Ендеше, сұхбатқа назар аударсақ.

– Алдияр Баратұлы, күллі жаhан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт біздің елімізді де айналып өтпеді. Қазіргі таңда COVID-19 індетінің екінші толқыны ауыз салып отыр. Білікті маман ретінде «аузы күйген үрлеп ішер» дегендей алғашқы жағдайдан кейін алдын алу бағытында қандай шараларды алғашқы кезекте қолға алуымыз қажет?

– Иә, оныңыз рас COVID-19 індетінің екінші толқыны әлемнің көптеген елдерін дендеп барады. Атап айтсақ, Еуропа елдерімен қатар, көршілес Ресей мемлекетінде ушығып отыр. Аты жаман індеттің алдын алу, дайындық шараларына қарамастан коронавирустың күн санап үдеп бара жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болып келеміз. Бұл жағдай елімізде де қатаң қадағалау мен бақылауда десек болады. Алдын алу және сондай жағдайға дайындық мәселелері күнде талқыланып келеді. Қазіргі таңда ҚР Үкімет пен министрліктер тарапынан індеттің алдын алуда үлкен ауқымды шараларды қолға алуда. Дәрі-дәрмектен бастап, жеке бас сақтану заттары, медициналық бұйымдар, қажетті құрал-жабдықтар мен аппараттарға дейін жеткізіліп жатыр. Елімізде тіпті бірнеше арнайы инфекциялық стационарлар да салынды. Дәрігерлерге індет кезінде қолданылатын сақтану заттарын, арнайы киімдерін дайындайтын кәсіпорындарға дейін ашылуда. Барлық медициналық мекемелерде індет кезінде жұмыс істеуге ыңғайластырылған реконструкциялық жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілуде. Осы сияқты дайындық шараларын тізе берсек көп екендігін айтқым келеді. Мұның барлығы шын мәнінде үлкен ауқымды жұмыс болып табылады. Дегенмен, COVID-19 инфекциясы толық зерттеліп бітпесе де ол туралы білетінімізде аз емес, әсіресе емдеу және сақтану шаралары бойынша көп жағдайлар бізге мәлім. Бұл дегеніміз аурудың алдын алу немесе жұқтырып алмау үшін біраз дүниелер белгілі деген сөз. Емдік шараларға келсек, ауырып қалған науқастарға дер кезінде көмек беріп, асқынулардың алдын алуға болатындығын айта кеткен жөн. Бұл жерде айта кететін жәйт, әсіресе кейбір науқастарда, сондай-ақ қарт адамдарда басқа да созылмалы аурулардың болуы жағдайды әлде қайда күрделендіреді. Сол себепті мұндай науқастар (қант диабеті, өкпе аурулары жүрек қан тамыр жүйесінің аурулары және тағы басқа) аса сақтық жасағаны жөн деп айтар едім.

– Елімізде карантин шаралары кезінде көптеген қала тұрғындары салғырттық танытқандары бар. Мәселен, той-жиын өткізіп, сақтық шараларына құлақ аспағандықтан қайғылы жағдайлар да орын алып жатқаны белгілі. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда ҚР Үкімет пен министрліктер сондай-ақ, медициналық ұйымдар тарапынан жоғарыда айтып кеткендей орасан зор жұмыс жүргізілді және әлі де жүргізілуде. Барлық осы жасалып жатқан дүниелер бағыты, ол халықтың амандығы мен індеттен адам өлімін болдырмауға күш салып келеміз. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан індеттің алдын алу бағытында барлық шараларды қолға алып келеді. Дегенмен індетпен күресте үкімет пен халық бірге жұмыла кірісуіміз қажет. Бұл дегеніміз, еліміздің әр азаматы халық алдында және өзінің алдында індетке қатысты жауапкершілігін сезінуі тиіс. Алайда, осы аталған мәселелер шешілмей бұл індетпен күресте оң нәтижемен шығу қиынға соғады. Қазіргі сәтте бұл мәселе өте өзекті болып тұрғанына куә болып та жүрміз. Бұлай деп айтуымызға себеп, ел арасында сантитарлық ережелер мен талаптарды әлі де орындамай жүрген немесе тіпті біле тұра орындағысы келмейтін азаматтарымызды кездестіріп жүргеніміз баршаға аян. Мәселен, отбасылық жиындар, той-томалақтар өткізу, сақтық шараларына құлақ аспау секілді тәртіп бұзушылықтар халықтың бірден көптеп індет жұқтыруына, әрі қарай бір мезгілде көптеп науқастануға әкеліп соғатын біле тұра құлақ аспай өз дегендерін істеп, бұл тұрғыда салғырттық танытып келеді. Бұл өз кезегінде медициналық ұйымдарға бірден үлкен салмақ түсіреді, яғни медициналық қызметкерлердің науқастармен уақытылы толыққанды айналысуына үлкен кедергі жасайды. Негізгі қиындақ та, негізгі түйінде, негізгі проблеманың басты шешімі де осы мәселелерге тікелей байланысты деп білемін. Карантин кезінде індет жұқтыру мүлдем болмайды деп айту өте қиын, мұндағы ең негізгі өзекті мәселелерінің бірі, ол халықтың бірден жаппай індет жұқтырып алмауын қамтамасыз ету. Осы бағытта қала тұрғындары болып, сақтық шараларына құлақ асып, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, отбасылық тағы да басқа той-жиындардан арылуымыз қажет.

– Елімізде жаз айларында пневмонияның өршуіне коронавирус әсер еткенін жоққа шығармай, бактериалды және коронавирустық пневмония деп екі бөлек қарастырылып отыр. Осы екеуінің ара жігін ашып айтып берсеңіз? Олардың алғашқы белгілері қандай?

– Бактериалдық пневмония мен коронавирустық пневмония бір-бірінен біршама айырмашылықтар бар, әсіресе даму механизмдері бойынша айрықша ерекшеленеді. Кәдімгі бактериалдық пневмония микробтардың тікелей өкпе тіндерін қабындырумен дамитын процесс, яғни әдетте салыстырмалы жергілікті қабыну процесі ретінде дамиды. Алғашқы белгілеріне қысқаша тоқталсақ: Кәдімгі пневмония әдетте суықтап жаурап қалу, иммунитеттің әлсіреуі және тағы басқа сол сияқты қолайсыз факторлардан соң дамиды. Кәдімгі бактериялық пневмония температураның жоғарылауымен басталады, негізгі ерекшелігі жөтел. Жөтел ылғалды, қақырықты. Қақырығы әдетте сарғыш-жасыл түсті болып келеді.

Ал, коронавирустық пневмония кезінде өкпе тінінің қабынуын әдетте бірін-бірі күшейтетін 2 түрлі механизммен дамиды. Біріншісі: ол тікелей вирус әсерінен өкпе тінінің зақымдануы, әрі қарай иммундық қабыну синдромының дамуы. Екіншісі механизм: қантамыр эндотелийінің зақымдануы мен коагуляциялық (қан ұю) жүйенің қызметінің белсенділігінің әдеттен тыс жоғарылауынан микротромбтардың пайда болуы және сол микротромбтармен өкпенің майда қантамырларының тығындалуы, яғни тромбоздық-қабыну синдромының дамуы. Бұл өз кезегінде өкпеде қанайналымының бұзылуына әкеледі де өкпе тінінің одан әрі зақымдануын күшейтеді. Әсіресе, осы екінші механизм өз кезегінде көптеген асқынуларға себеп болады. Вирустық пневмония әдетте эпидемия кезеңінде жиі байқалады және пневмония белгілері берден басталмайды, яғни вирустық интоксикация кезеңінде біртіндеп өрбиді. Жөтелі әдетте құрғақ және кешеуілдеп пайда болады. Әрі қарай айырмашылықтарды анықтау (рентгендік, КТ, лабораториялық және таға басқа) күрделі болуына байланысты медицина мамандары арқылы анықталады.

– Коронавирус, яғни COVID-19 инфекциясы тұмауға ұқсас болғандықтан, оның алғашқы белгілерін көп адам біле бермейді. Дегенмен, алғашқы симптомдары қалай білінеді?

– Коронавирус – COVID-19 індеті адамдарда әртүрлі ауырлықта байқалуы мүмкін: симптомсыз, яғни ауру белгісінсіз өту түрінен бастап, жеңіл, орташа, өте ауыр түрлері арқылы ажыратылады. Симптомсыз түрінде ешқандай белгі – шағымдар болмайды. Ал, жеңіл түрінен бастап алғашқы ауру симптомдары байқалады, олар: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, дене сырқырауы, бұлшықет ауырсынуы, бас ауру, тамақ ауруы, иіс сезбеушілік, іш өту, құрғақ жөтел және тағы басқа белгілері арқылы байқалады.

– Коронавирус қалай жұғады және одан сақтану жолдары туралы айтып берсеңіз? Үй карантинінде жатқан науқастар нені ескеруі керек?

– Коронавирус адамнан адамға бірнеше жолмен жұғады. Ауа тамшылары арқылы: ауру адамнан немесе тасымалдаушыдан (симтомсыз адамдардан) түшкірген, жөтелген, жақын тұрып сөйлескенде және сүйген кезде бөлінетін шырыш, қол алысып құшақтас-қан кезде сау адамның бет терісіне, тыныс жолдарына, көзіне, қолына өтеді. Аэрозольдық жол: ауа арқылы, вирусты шырышты бөліктер ауа ағынымен, әсіресе желдеткіш жүйесі ортақ жерлерде өтеді. Онан соң тұрмыстық-жанасу заттары арқылы: науқас немесе тасымалдаушы ұстаған заттарды ұстап, қолды жумай (немесе өңдемей) бетті ұстау сияқты жағдайларда жұғады.

Сақтану жолдары: адамдар көп жиналатын орындарға бармау, көпшілік орындарда маска тағып жүру және оны дұрыс пайдалану (мұрын мен ауыздың толық жабық тұруын қадағалау), масқаны 2-3 сағат сайын ауыстыру, қолды жиі сабындап жуу, әсіресе бір затты ұстағаннан соң бетті, көзді қолмен жиі ұстамау, қолды арнайы антисептикпен өңдеп тұру, адамдармен қол алыспай қашықтан амандасу жөн, ауру белгілері бар адамдардан алшақ болу, жұмыстар мен жеке бас шаруларды барынша онлайн режимде шешкен жөн, бөлмені жиі желдету, иммунитетті нығайтып, салауатты өмір салтын ұстану. Егерде салқын тию белгілері пайда болса үйге жедел жәрдем шақырту қажет.

Үй карантинінде жатқан науқастар мерзімі COVID-19-дың инкубациялық кезеңінің ұзақтығына сай, яғни 14 күн болады. Олар мынадай жайттарды ескеруі шарт: үйден ешқайда шықпау, мүмкіндігінше жеке бөлмеде болғаны дұрыс. Бөлмеден шыққанда маска кию, қолды бір рет қолданатын заттармен сүрту, антисептикпен жиі өңдеп тұру, бөлмені уақтылы желдетіп тұру. Арнайы өзін-өзі бақылау парақшасын (температура, пульс, тыныс жиілігі, және тағы басқа) жүргізуге болады.

– Егер симптомдар пайда болса, бірақ ПТР талдауынан өту мүмкін болмаса не істеу керек?

– Егер симптомдар пайда болса жоғарыда айтқандай үйге жедел жәрдем немесе аймақтық дәрігерді шақыртқан дұрыс. Сондай-ақ, тіркелген емханамен телефон арқылы хабарласып кеңес алуға да болады. Онан соң қажеттілігіне қарай дәрігер ПТР анализын алу мәселесін шешеді.

– Бас дәрігер ретінде қала тұрғындарына індеттің екінші толқынынан бойын аулақ ұстау мақсатында қандай кеңес берер едіңіз?

– Кеңес ретінде: карантин талаптарын бұлжытпай орындау, бірінші кезекте той-жиындарды мүмкіндігінше тоқтату, әсіресе масканы дұрыс қолдану, яғни мұрын мен ауызды толық жауып алуды қадағалау, 2 метр арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабынмен жуып жүру немесе антисептикпен өңдеп тұру, тек ресми ақпараттарға ғана жүгінуді сұранған болар едім. Бірлігі бекем елді жау тұрмақ, жұқпалы індетте жайпай алмасы анық. Ендеше, «Көпшілік біріксе, алынбайтын қамал жоқ», – деген. Осы күресте де ауызбіршілік пен байсалдылық танытып, тәртіп бұзушылықтарды болдырмау үшін бір-бірімізге кеңесші, түсіне алмай жүргендерге жөн сілтеуші болайық. Дәл қазіргі сәтте, ел азаматтары жауапкершілік жүгін терең сезінуі тиіс. Жұқпалы дерттің жедел тарайтындығын ескерсек, жауапкершілікті жоғары сезіне отырып, барынша көпшілік орыннан қашық болуға, әрі уақытымызды түзде емес, үйде өткізуге тырысқанымыз жөн. Салғырттықтың соңы – сары уайымға әкеліп соқпас үшін барынша сақтық шараларына терең жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Өйткені, бұл мәселе туған-туыстарымыздың, ата-аналарымыздың, дос-жарандарымыздың, жақын азаматтарымыздың жалпы алғанда халқымыздың өміріне тікелей қатысты екендігін ұмытпайық ағайын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы