АЛҒЫС АЙТУ – БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

991 көрілім

  Бүгін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің мəдениет сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Аналар кеңесі, қоғамдық келісім мүшелері “Алғыс айту” күнін атап өтті.

  Алдымен, қонақтар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен  қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырған көрмелерін тамашалап, əр ұлт өкілдерінің бұйымдары, ұлттық киімдері мен  елімізде өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі суреттелген кітаптармен танысты.

  Облыс əкімінің орынбасары Мəлік Отарбаев: алғыс айту күнін – тарихқа тағзым ету күні дей келе, Ассамблеяға облысымыздан сайланған жаңа мүшелеріне куəліктер тапсырды.

  XX ғасырда солақай саясаттың нəтижесінде қуғынға ұшырап, қазақ елінен пана тапқан өзге этностықтар жиын барысында Елбасымыздың сарабдал шешімдеріне, қазақ жұртының жүрегінің кеңдігі мен көңілінің дархандығына ризашылықтарын білдірді.

  Сонымен қатар, ұйымдастырушылар айтулы мерекенің құрметіне орай Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студент-жастарымен эссе жазу шарасын өткізді. Оның қорытындысы алдағы уақытта белгілі болып, ең жақсы туынды авторларына марапаттар ұсынбақ.

  Елбасымыздың 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жайлы Жарлығы – халықтар достығын, ынтымақтастығын бүгінге дейін де, кейін де көрсете бермек. Ендеше, көк туымыз желбіреген дархан даламызда, бір шаңырақ астына жиналып, айрандай ұйып отырған ұлттардың татулығы бекем, достық ықыласы берік демекпіз.

                            Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

                                                        “Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы