ӨМІР, СЕНІ СҮЙЕМІН!

4  951 көрілім

Халқымызда «Жақсы адам елдің ырысы, жақсы сөз жанның тынысы» деген керемет сөздер бар. Таңның шуағымен таласа жететін, жанды жадыратар, көңілге демеу берер, көктегі күндей жылылығын ұқтырған қанатты сөздерімен оқырмандарға қуаныш сыйлап жүрген қоғам қайраткері, ақын, сазгер Әкім Ысқақ 60 жасқа толып отыр.

«Алтыным! Өмірді сүй! Адамды сүй! Өзіңе сен! Түсіне білгенге ғұмырдағы ең басты қағидамыз осы» – деген қанатты сөздері Әкім ағаның ұранындай. Иә, өмір, адами қасиет, асыл құндылықтар жайлы керемет жазбаларын оқырмандарына ұсынып келе жатқан сегіз қырлы, бір сырлы азамат десе Әкім ағаны айтар едік. Өз оқырмандарын «Алтыным» деген қаратпа сөзден басталатын ұдайы жылы сөздерімен жұбатып, мотивациялық жазбаларымен оқырмандарын қанаттандырып келеді. Әкім Ысқақтың әрбір қанатты сөздері адамның адам болып қалыптасуына, өмірге құштар болып, адамдық қасиеттерді бойға сіңіруде жол сілтейтін бағдаршам секілді. Қолына қалам ұстап, әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып жүрген жазушыларымыз жетерлік. Алайда, адамның жандүниесіне үңіліп терең жазатындар саусақпен санарлық. «Ұлық болсаң – кішік бол» – деген дана халқымыз. Адамның ұлылығы мен қарапайымдылығы Әкім ағаның бойындағы ең үлкен қасиет – десек қателеспейміз.

Мерейтой аясында Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханаларды дамыту бөлімі «Өмір, сені сүйемін!» атты Әкім Ысқақ оқуларын ұйымдастырды. Әкім Ысқақ оқуларына жүйе бойынша барлық кітапханашылар және оқырмандар қатысып, әлеуметтік желіде фейзбук, инстаграм, ютуб парақшаларында жарияланып оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Мерейтой аясында ақын, сазгер Әкім Әбдіхайымұлымен кездесу кешін ұйымдастыруда Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары белсене атсалысты. Кездесу қазан айының 24-інде Ж.Еділбаев мектебінен бастау алып, Ататүрік мектебінде ағамыздың жас ақындар сыныбының ашылуымен жалғасын тапты. Кітапхана оқырмандары Садыкова Жанель «Алтыным» кітабынан қанатты сөздерін, Арзиметова Назима «Не маңызды» атты қара сөзін мәнермен оқыса, «Олтиним» кітабынан ақынның қанатты сөздерін Шерметова Гулнора, Асадуллаева Фатима өзбек тілінде сөйлетті және Шүкірбай Нұрсұлтанның орындауында Әкім ағаның «Күзді сүйем» әнінің тұсауы кесілді. Кездесу барысында Әкім Ысқақ «Алтыным» кітабын, «Ең бай әке» атты кітабының 20 данасын кітапханаға сыйға тартты. «Жақсымен өткізген бір күнің – бір жылға татиды» – дегендей Әкім ағамен өткен кездесу барлық оқырмандарға ерекше көңіл – күй мен шабыт сыйлады.

Ж.ЖҰРҚАЕВА,
кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы