ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ОТА ТҮРІН ОЙЛАП ТАПТЫ

47 көрілім

Түркістан облысының дәрігерлері жүкті әйелдердің босану немесе одан кейінгі кезеңде қан кетуін уақытша тоқтатудың жаңа әдісін ойлап тапты. Отаның бірегей әдісін енгізген үздіктер ҚР Ұлттық зияткерлік меншік институтының патентіне ие болды. Операцияның бұл түрін 1,5 жыл бойы зерттеген  топқа Түркістан қаласындағы №3-ші перинаталды орталығының бас дәрігері, онко-гинеколог Нұржан Махмудов басшылық еткен. Медицина саласында 33 жыл қызмет атқарып жүрген білікті дәрігердің айтуынша, отаның жаңа тәсілі дүниежүзі бойынша алғаш рет қолданысқа енгізілуде.

«Жүкті әйелдер арасында сәбидің плацентадан ажырауы – жиі кездесетін асқынулар. Көп мөлшерде қан жоғалту – ана мен бала өміріне де аса қауіпті жағдай. Жаңадан ойлап тапқан әдісіміз бойынша система арқылы жатырдағы қан тамырларын байлап қан кетуді уақытша тоқтатамыз. Бұл емдік шараны әрі қарай жоспарлауға, жедел көмек келгенше немесе шалғай аудандарға білікті хирург-дәрігер жеткенге дейін қанды жоғалтпауға мүмкіндік береді»,-дейді білікті дәрігер Нұржан Талғатбекұлы.  

Түркістан облыстық №3-ші перинаталды орталықтың білікті дәрігерлер құрамы бұл әдіс бойынша осымен 10 рет ота жасаған. Барлығы да сәтті өткен. Арнайы сарапшы-мамандардың тыңғылықты талдауынан жан-жақты өткен бұл әдісті алдағы уақытта аймақтағы әріптестеріне егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасатын болады. Сонымен қатар, жатырға эндоскопиялық әдіспен ота жасаудың да жаңа тәсілін зерттеп, халықаралық патентке ұсынуды жоспарлауда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары