ҒАСЫР ЖАСАҒАН АБЫЗ

561 көрілім

Қазыналы қарт Қаратаудың етегін ала орналасқан Жаңақорған ауданының Бірлік елді мекенінен шыққан бүкіл Қазақстанға белгілі ақын-жазушылар да, мәдениет пен өнерді дамытуға өз үлестерін қосып жүрген өнер адамдары да, әскери және ішкі істер саласының ардагерлері-генералдар да, медицина және ағарту саласының белгілі майталмандары да, ғылым саласында жетістіктерге жеткен ғалымдар да көптеп саналады. Өз бақытын қарапайым еңбектен тапқан ардагерлерімізді біз орынды мақтан тұтамыз.

Бүгінгі әңгімеміздің арқауы 1921 жылы 15 қазанда Ақүйік өзенінің бойында өмірге келіп, Бірлік колхозы құрылғанда алғашқы мүшелердің бірі болған Әбсадықұлы Әбибулла ағамыздың өнегелі өмір жолы болмақ. Әбибулла аға тоғыз жасында әкесі Әбсадық қаза болып, анасы оны он бір жасында Шымкентте пошта-байланыс саласында істейтін інісі Махмудтың қолына жібереді. Ауыл молдасынан сауаттанған еті тірі жас баланың оқуға бейімділігін байқаған нағашысы Әбекеңді мектепке оқуға береді. Осында бастауыш сыныпты бітірген Әбекең жұмыс бабымен 1935 жылы Жамбылға (Тараз) ауысқан нағашы ағасымен бірге келіп, оқуын жалғастырып, осында орта мектепті бітіреді. Мектепте кейіннен елімізге белгілі сазгер болған атақты Нұрғиса Тілендиевпен бірге оқиды. Басқа мектеп түлектерімен бірге Әбибулла ағамыз қатысқан, 1941 жылы 17 маусым күнгі мектепті бітіру кешінен төрт күннен кейін Ұлы Отан соғысы басталады. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Сартбаев деген кісінің жұбайы Сартбаева Мария Васльевна Әбекең оқыған мектепте мұғалім екен, Әбекеңді өзінің ұлы Вениаминмен бірге Ленинградтағы жоғарғы әскери-теңіз училищесіне оқуға баруға үгіттеп көндіреді. Бұл оқу орнына түсуге Әбекең медкомиссиядан өте алмай, военкомат арқылы оқушы жетіспей жатқан артиллеристік училищеге оқуға қабылданады. Бұл кезде неміс-фашист басқыншы жендеттерімен қиян-кескі ұрыс басталып кеткен. Училищенің курсанттарымен бірге Әбекең Ленинградты қорғау бекінісі жүйесінде Луги бағытындағы соғыстарға қатысады. Небәрі екі-үш күнде осындай соғыс барысында бірнеше ондаған курсанттар қардай бораған оқтан қаза тауып, бірнеше командирлер жарақат алады.

 Соғыс жүріп жатса да курсанттардың оқып, білім алуы маңызды болғандықтан, жоғарғы әскери басшылық училищені Удмурт АССР-нің астанасы Ижевск қаласына көшіреді. Қоршаудағы Ленинград қардай бораған оқтың астынан училищені көшіру де оңай болмаса да, эшолонды түнделетіп жүргізіп, күндіз орман арасымен жаяулатып жүріп, училище әупірімдеп көшіп алады. Әрине, адам, техника шығыны болғаны өзінен-өзі түсінікті болар. Училищені жылдамдата оқыту бағдарламасымен оқыған Әбекең 1942 жылдың ақпан айында бітіре салып, лейтенант атағымен соғысқа кірісіп кетеді. Қоршаудағы Ленинградқа азық-түлік пен дәрігерлік және әскери жабдықтарды жеткізу үшін пайдаланылған Ладожа көлін 24-ші артиллерлік дивизияның гаубицалық автопарктің командирі ретінде фашистерден қорғауға қатысады. Одан ары қарай дивизя төртінші Украиналық майданның 38-ші армия құрамында батыс Украинаны, Польшаның оңтүстік бөлігін, Чехословакияны және оның астанасы Прага қаласын жаудан азат ету соғыстарына қатысып, осында неміс-фашист басқыншыларымен болған қанды қырғынның аяқталғанын, жеңіс күні жарияланғанын есітеді. Артынша Әбибулла аға полкпен бірге қиыр шығысқа, Жапон милитаристерімен соғысқа аттануға дайындыққа кіріседі.

 Әскери командирлік қызметін одан ары қарай жалғастырған Әбекең 1946 жылы Жданов атындағы Ленинград университетінің тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, ол оқу орнын 1951-ші жылы ойдағыдай бітіріп алады. Әскери қызметін 1949 жылға дейін Арыс қаласында өткізген Әбекең сол жылы ГДР-ге ауыстырылып, саяси жетекшілік қызмет атқарып онда 1953 жылға дейін болады. 1951 жылы Зият жеңгемізге үйленіп, екеуі жанұялық өмір жолын бастайды. 1953-ші жылы Қарақалпақ АССР-нің республикалық әскери комиссариатына қызметке ауысқан Әбекең, 1955-ші жылы Семей қаласына жіберіліп, 1957-ші жылы біржолата әскери қызметтен босатылады. Осылайша он алты жыл әскери маман ретінде Отанымыздың қарулы күштерінің құрамында абыроймен еңбек еткен Әбекең полковник шенінде бірнеше орден, медальдармен марапатталып, өзінің Отан алдындағы борышын адал орындап шығады.

 Сол жылы Алматы қаласына орналасып, бірқатар қиындықтардан кейін, 1961 жылы Қазақ Политехникалық институтына өз пәні бойынша оқытушы болып орналасады. Ал жұбайы Зияш Алматыға келген жылы Абай атындағы педагогикалық институтқа жұмысқа тұрады. Ерлі-зайыпты екеуі де ғылыми жұмыстармен ынталана, қызыға айналысады, Соның нәтижесінде екеуі бірінен кейін бірі ғылым кандидаты болып, ғалымдар жанұясына айналады. Бүгінде қыздары Гүлсім де, күйеу балалары да ғылым докторлары болып, ғалымдар династиясын жалғастыруда. Әбекең өзі жетімдік көріп өскендіктен бе, өзінің ұзақ өмірінде жеңгеміз Зият екеуі, қай жерде қызмет жасаса да, өзінің қарамағындағы қызметкерлерге қамқорлығын аямаған, әсіресе, жетім-жесірлерге қол ұшын созып, олардың оқуында кездескен қиындықтарды жеңуге көмектесіп, моральдық-материалдық демеу берген азамат. Өзі де өзіне жанашырлықпен жылыұшырай қараған, өзіне демеу болған кісілерді осы кезге дейін есінен шығармай, олардың жақсылығын ризалық сезіммен еске алып отырады. Ең алдымен анасы Әбекеңді балалар үйіне өткіз деп жіберсе де, олай етпей өз тәрбиесінде алып қалған Мырзахматов Махмуд нағашысына өзін өмір бойы қарыздар сезінеді. Сондай-ақ, мектептегі ұстаздары Рүстемов, Қасымбекова, Ғалиева және Сартбаеваларға, «соғыста ерлік жасап алған орден, медальдарың соғыс аяқталған соң көп ұзамай ұмытылады, сен қалай да жоғары білім алуың керек» деп, Әбибулла ағаның ЛЕНГУ-ге құжат өткізуіне мұрындық болған А.Д. Толоконцевке, жас лейтенантқа оң көзімен қарап, оның әскер ісіне машықтануына жағдай жасаған командирлері Морозенко, Терещенколарға ризалығын әрдайым айтып отырады. Политехникалық институтта профессор болып қызмет атқарып жүрген кезінде жанұясымен бірге жақсы қарым-қатынаста болған институт ректоры академик Өмірхан Байқоңыров, Қазақ ССР жоғары білім министрлері Кенжалы Айманов, Шайсұлтан Шаяхметов, ғылым академиясының президенттері Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Жұрынов, ҚКП ОК хатшысы Мұстахым Ыхсановтарды еске алып, олардың адамгершілік, азаматтық іс-әрекеттерін айтудан жалықпайды.

Ғылыми жұмыспен айналысқан студенттердің ғылыми диссертация жұмыстарына басшылық жасағандары көп-ақ. Әбекеңнен сол шәкірттерінің аты-жөнін сұрасаңыз «Біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, біреудің саған жасаған жақсылығын ұмытпа» -деп жауап береді жарықтық. Мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама берген, өздерінің өнегелі өмірімен үлгі болған ұлағатты ұстаздар Әбибулла аға мен Зият жеңгеме: «Әлі де жасай беріңіздер, ғасыр жасаған асыл жандар!» дегім келеді.

Ахмет РАХЫМҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы