Келелі сұхбат Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал БАТЫРБЕКОВА: “БИЫЛҒЫ ОҚУҒА ТҮСКЕН ТҮЛЕКТЕРІМІЗДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ЖЕРГІЛІКТІ ОҚУ ОРЫНДАРЫН ТАҢДАҒАН”

983 көрілім

Ақмарал Үсенқызы биылғы түлектердің қандай оқуға түскені туралы айта кетсеңіз. Былтырғы жылға қарағанда биыл қанша түлек оқуға түсті. Оның ішінде жергілікті оқу орындарына түскені қанша?

2018-2019 оқу жылында қаламыздағы мектептерден 1351 оқушы түлеп шыққан болатын. Ал, биылғы жылы бұл көрсеткіш едәуір ұлғайып отыр. Яғни биылғы 2019-2020 оқу жылында 1507 оқушы 11-сыныпты бітірді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші бойынша да осындай өсім байқалып отыр. Өткен оқу жылында 930 бала түссе, осы оқу жылында 1015 түлегіміз студент атанды. Олардың 569-ы оқу орындарының грантын жеңіп алса, 108 оқушымыз арнайы квотамен оқуға мүмкіндік алды. Ал, 338 түлегіміз жоғары оқу орындарында ақылы негізде жоғары білім алатын болды. Сондай-ақ, орта арнаулы оқу орындарына яғни колледжерге түскен оқушыларымыз туралы да айта кетейін. Колледжде оқуын жалғастыруды дұрыс көрген жастарымыздың 96-сы оқу орнында грантпен оқыса, 117 оқушымыз ақылы негізде білім алады.
Биылғы оқуға түскен оқушыларымыздың басым бөлігі жергілікті оқу орындарын таңдаған. Біздегі деректер бойынша, түлектеріміздің 60 пайыздан астамы білімін қаламызда жалғастыруды жөн деп тапқан.
-Биылғы түлектердің таңдаған мамандықтары қандай? Сараптама жасап көрдіңіздер ме?

Ал, таңдаған мамандықтарына келер болсақ, бұл орайда басымдық техникалық мамандықтарға түсіп тұр. Екінші орында медициналық мамандықтар таңдалған. Педагогикалық мамандықтарды таңдау үлесі үшінші орында. Туризм саласына да жастарымыз қызығушылық танытып келеді, бұл төртінші орында. Одан кейін экономикалық мамандықтар. Талдауымыз бойынша, ең аз таңдалған мамандықтардың қатарында инженерия және менеджмент болып отыр.

Биылғы ҰБТ көңіліңізден шықты ма?

-Әрине, толыққанды көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Кемшін тұстарымыз да кездесті. Мысалы, шектік деңгейге жете алмаған оқушыларымыз да болды. Дегенмен, жалпы алғанда биылғы нәтижеміз жаман көрсеткіш емес. Оқушыларымыз орташа 76,0 балға ие болды. Бұл көрсеткіш біздің қаламызды облыс деңгейінде ІІ орыннан көрсетті.
Біз бұл бағыттағы жұмысымызды күн тәртібінен түсірген емеспіз. Оқу жылы бойына талдау жасап, жіберілген қателіктер бойынша жұмыс жүргіземіз. Әр пән бойынша әдіскерлерімен бірге жеке өзім басқосулар өткізіп, мұғалімдерге тиісті нұсқауларды беріп отырамын. Өткізілетін түрлі семинарларда да ҰБТ-ке дайындық барысы міндетті түрде қамтылады. Мақсатымыз – рейтинг қуу емес, оқушыларымыздың білім деңгейін көтеріп, жоғары оқу орындарына грант негізінде түсуіне жағдай жасау. Нәтижеміз де жоқ емес – жыл сайын жоғары оқу орындарына түсетін, грант пен квотаға қол жеткізетін оқушыларымыздың саны артып келеді.

-Мамандық таңдау туралы ой-пікіріңізді айта кетсеңіз? Заман ағымына сай қай мамандыққа сұраныс көп болады деп ойлайсыз?

Мамандық таңдаудың оңай еместігін, әрбір азамат өз бейіміне қарай отырып таңдау қажеттігін жақсы білеміз. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау болып табылады. Халқымыз жиі қолданатын «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – мамандық таңдағанда, екіншісі – жар таңдағанда» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Сондықтан жастарымыз өз түйсігіне сеніп, өз икеміне қарай мамандық таңдауы қажет.
Қазіргі білім мен ғылым ғасырында мамандықтың түрі де жыл санап ұлғайып келеді. Бұрындары көбінесе мұғалім мен дәрігер, немесе қаржыгер мен заңгер болуды армандайтын жастарымыз соңғы жылдары техникалық мамандықтарға да көптеп қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, туризм саласына да қызығушылық арта бастады. Бұл әсіресе біздің қаламыз үшін өте қажетті мамандықтардың бірі болмақ. Себебі, күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан қаламыз туризмнің орталығына айналып келеді. Осы саланы дамыту мақсатында жаңа құрылыстар салынуда. Алдағы уақытта туризммен айналысатын орталықтардың барлығы өз саласының білікті мамандарын іздейтіні анық. Қаламызда биылғы жылы ашылған Туризм және меймандостық университеті де дер кезінде ашылған оқу орны болды. Алдағы уақытта осы оқу орнынан қаламызды әлемдік деңгейдегі туризм орталығына айналдыратын білімді жастар шығады деп ойлаймын.

Ақмарал Үсенқызы қазіргі таңдағы қашықтықтан оқыту туралы айтып өтсеңіз?

-Біз биылғы оқу жылына жылдағыдан ерекше дайындалдық десем қателеспеймін. Себебі, биылғы жылы алғаш рет жаңа оқу жылын қашықтықтан оқыту жүйесімен бастап отырмыз. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында орын алған кемшін тұстарды болдырмау мақсатында аз жұмыс жасалған жоқ. Алдымен мұғалімдердің дайындығымен қатар оқушылардың техникалық байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуіне назар аудардық. Нәтижесінде ұстаздарымыздың барлығы дерлік қашықтықтан оқыту бойынша өткізілген онлайн курстарға қатысып, білімін жетілдірді, сертификатталды. Ал, жаз айларында техникалық байланыс құралдары жоқ және өз есебінен сатып алуға жағдайы жетпейтін оқушылардың тізімі жасақталып, республикалық және жергілікті бюджет есебінен ноутбуктер мен планшеттер сатып алу арқылы жаңа оқу жылы басталар тұста сол оқушыларымызға таратылды. Қазіргі таңда оқу тиісті деңгейде жүргізілуде. Ұстаздар Mektep.Online платформасымен жұмыс жасауда. Мұғалімдер ата-аналармен байланыс жасай отырып, оқушылардың қашықтықтан оқыту сабақтарына үзбей қатысуын қадағалап отыр. Бұл жүйе қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз. Алдағы уақытта жағдай қалай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Егер жағдай тұрақталып, штаттық оқу жүйесіне көшетін болсақ, оқушылар мектепке жіберіледі. Бірақ, санитариялық талаптарды да естен шығармаймыз.

Сұхбаттасқан: Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы