ӘКІМ ХАЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСІП, МӘСЕЛЕЛЕРГЕ НАЗАР САЛДЫ

1  274 көрілім

«Əкім бол, халқыңа жақын бол» деген мағыналы сөз шаһардың жаңа басшысына арналғандай. Əр күні тарихта жазылған рухани мекеннің əрбір басшысы өзінше із қалдыра білді. Облыс орталығы болғалы екінші əкім атанған Рашид Абатұлы тағайындалғанына алты күн болса да, сол сəттен-ақ қаланың тыныс-тіршілігін бағамдап, құрылыс нысандарын аралап, қалалық полиция басқармасының ғимаратына аяқ басып, Арыстағы жағдайға да аса көңіл бөліп, бүгін міне алғаш рет Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінде «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғындарымен жүздесті.

  – «Қаланы толықтай аралап шыққанымда «Бекзат» мөлтек ауданында жолдың, оның ішінде асфальт көшелердің тым аз екенін байқадым. Сондықтан осы аудан тұрғындарының көкейіндегі сауалдарды тыңдауға шешім қабылдадым. Өздеріңіз білесіздер, қазір Елбасының, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің назары Түркістанда. Қала халықаралық деңгейде болуы үшін тұрғындарына және келген қонақтарға ыңғайлы, жолдары таза, қоғамдық көлігі дұрыс болуы және су, экологиясы жақсы болуы керек. Біз жоспар әзірлеп жатырмыз. Маған сіздердің әрбіріңіздің пікіріңіз маңызды. Қандай жаңашылдық керек, қай мәселеге жіті назар аудару керек, болашақ Түркістанды қалай көргіңіз келеді осы бойынша ақпарат берсеңіздер, ескере отыра бірге жұмыс істейтін боламыз», – деген қала əкімін тұрғындар жылы қарсы алды.

  Кездесу барысында қала əкімі Рашид Аюпов мінберде емес қарапайым халықпен бір бағамда отырып, олардың ойларына, сұрақтарына құлақ түрді.

  Бұл ретте 30 мыңға жуық халқы, 90-ға жуық көшесі бар ауданның тұрғындары алдымен 300 адамдық емхана мен аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, жастар орталығы, 1200 балаға арналған жаңа мектеп салуға ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, Абай көшесінде автокөлік иелері жылдамдықты асырмауға тоқтау салуын, таза ауаны тұтыну үшін көмір базды қала сыртына көшіруді, жарық мөлшері шамдай жанатын көшелерді жəне трансформаторларды қадағалауды, сондай-ақ қоқыстан көшені тазарту үшін арнайы көліктер бөліп, оларды алу үшін белгілі орын белгілеуді сұрады.

  Қала əкімі өз кезегінде мөлтек аудан халқымен келесі жүздескенде нақты мəлімет берілетінін жəне жастарды əлеуметтік желілерде де ашық пікір білдіруге шақырды. Сонымен бірге, алдағы уақытта туризм саласына көңіл бөлінетінін және тұрғындарға көңілді орта қалыптастыру үшін гүл саябағы, ғаламтор қосылған жастар саябағы және егде жастағылар үшін шахмат сынды түрлі ойындар ойнап, уақыт өткізетін қарияларға арналған саябақ салынатынын жеткізді. Ал, 1-тамыздан бастап қала көшелеріне жалпы саны 5000 бейнебақылау камералары орнатылады. Тұрғындар көкейіндегі «ақша жинау» мәселесі де шетте қалмады. Айта кетерлігі, қала басшысы аптасына екі рет басқа да мөлтек аудан тұрғындарымен жүздесуді бір жүйеге келтіріп, олардың да мәселелеріне құлақ түрмек. Жиын соңында мөлтек аудан ақсақалдары жаңа басшының жаңа бастамаларына, ісіне береке, жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы