ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

901 көрілім

Жастар еліміздің ертеңі һәм болашағы. «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз ертеден өсиет етіп кеткенін ескерсек, өскелең буынға артылған халық сенімі үлкен. 2019 жыл «Жастар жылында» үлкен серпіліс болды. Статистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4,5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Осы көрсеткішті негізге алған мемлекет басшысының тапсырмасымен жас кәсіпкерлерді еліміздің түкпір-түкпірінде қолдауға жағдай жасалып, бұл шешім елеулі өзгеріс алып келді. Осыған орай қала төңірегінде талабы мен өнері қатар өрбіген жастарға жол көрсетіп, қолдау білдіру қалай жүріп жатқанын саралап көрдік.

Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуға ұмтылады. Осыған орай билік те бұған жағымды жағдай жасап отырғанын жоғарыда айттық. Әзірет Ыдырыс ҚР ҰҚП «Атамекен» палатасының Түркістан қалалық маркетинг саласы бойынша кеңесші менеджері. Қызметкердің айтуынша «Жастар жылынан» бастап кәсіпкерлерге қолдау көрсету бұрынға қарағанда артқан. Оның ішінде жас кәсіпкерлердің де саны өсіп, алғашқы старт-ап жобасы бойынша мемлекет тарапынан көмекке ие болып, өз кәсібін бастап жүргізіп кеткендер де бар.

– Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де солардың мойынында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер» – деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастарға тікелей байланысты екендігін айқындайды. Біздің ҚР ҰҚП «Атамекен» палатасына қаламыздың төңірегінде «Бастау» оқу жобасы бойынша жыл сайын 3 100 жас буын – орта буын жазылып, оқу оқып кәсіптің қыр-сырына қанығады. Биыл бізде 3 700 шәкірт білім алып шықты. Олардың көпшілігі өз бизнес жоспарларын дайындап, оны сәтті қорғап шығып кәсібін жолға қойды.

Жасыратыны жоқ, республикамыздың барлық өңірлерінде жастар белсенділігі күшейіп келеді. Олар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің белортасынан табылуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интеллектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын айтып келеді. Қаламыздағы жас кәсіпкерлердің бірі, талапты жігіт Жомарт Алиханұлымен сөйлесіп кәсібінің жай-жапсарын сұрадық. Жомарт өз кәсібін жастайынан бастағанын айтады. Ол уақытта кәсібіне қызығушылық ретінде қараған ол бертін келе хоббиының сүйікті ісіне айналатынын білмегенін айтады.

– Кез келген жас өз кәсібімен сүйіспеншілікпен айналысып, оған үлкен жауапкершілікпен қараса биік белеске жететініне сенімдімін. Өз кәсібімді бастағаныма көп уақыт болмады, алайда бұл шаруамен ес білгелі айналысамын. Кәсібім – қолдан білезік жасаймын. Әлі есімде, анама арнап «Анашым» деген жазуы бар білезікті алғаш өз қолыммен жасап шыққанда қуанышым қойныма сыймағаны. Содан бері бұл жұмысқа махаббатым арта түсті.

Жомарт 2019 жылы «Бастау» бизнес жобасы бойынша ҚР ҰҚП «Атамекен» палатасында білім алып шыққан. Оқуды сәтті аяқтап, өз жобасын жоғары қорғап шығып мемлекет тарапынан берілетін «Бизнес қолдау» аясында 505 мың теңге мөлшерінде грантқа ие болған. Содан бері өз кәсібін де дөңгелетіп, қосымша той саласында да қызмет етеді.

– Қазіргі уақыт жастардың жылы. Мемлекетіміз бізге үлкен сенім артып қосымша қолдап та отыр. Осы орайда «Атамекен» палатасына алғысым шексіз. Мен секілді болашақтан үміті зор көптеген жастар осы жерге келіп, білімін шыңдап, өз жолын таңдап отыр. Карантин уақытында елімізге оңай тиген жоқ. Ақпараттардан экономикамыздың кіші және орта кәсіп көзі зардап шеккенін оқып отырамыз. Біз де бұл уақытта, онлайн жүйесінде жұмыс жасап, қосымша «Жастар ресурстық орталығымен» бірігіп біліміміз бен кәсібімізді дамыту үшін еңбек еттік. Қазіргі таңда карантин шектеулері сәл бәсеңсіген кезеңде өз облысымыздың төңірегінде саяхат турларын ұйымдастырып жатырмыз. Инстаграм желісінде біздің парақшамыз @flavo_travel арқылы жиналып, бір күнді белгілеп барып қайтамыз. Осылайша жан-жақты кәсіпті игеруді мақсат етудеміз. Жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, осы заманның технологияларын меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алады деп ойлаймын ,- деп сөзін түйіндеді.

Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» және заманның заңғар тұлғаларының бірі – Міржақып Дулатов: «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе, мақтанамын», – деп айтқанындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен мақтанғанымыз да дұрыс шығар. Себебі жастар – ел ертеңі!

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы