ЕЛ АЛҒЫСЫНА ИЕ ЕРІКТІЛЕР

904 көрілім

Қайырымдылық жасау қазақ қоғамында ежелден бар дүние. Ол кезде волонтер, ерікті деген нақты атаулары болмаса да жесірін жылатпай, қарт адамға жәрдемдесуді сауапты іс деуден бұрын міндет деп білген. Асар дәстүрі де бабалар жолы. Қазіргі волонтерлық қызмет кезінде қазақта осылай аталған еді. Үйін тұрғызуға, егінін егуге өзінің шамасы келмей жұмысы өнбей жатқан жанға қол ұшын созып, жұмыла көтерген. Мұндай игі істің үлгісі Арыстағы апат кезінде, Мақтаарал оқиғасында да көрініс тапты. Жапа шеккен жандарға жәрдемдесу үшін алыс-жақын елді мекендердегі ағайынның барлығы оңтүстікке ағылғанын көз көрді, көңіл тәнті болды.

Еріктілер қоғамда жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейтін, көмектесуді парыз деп санайтын жандар. Олар ел алғысын арқалап ел игілігі жолында елеулі істер атқаруда. Жалпы, еріктілер деген кім, олар немен айналысады, не үшін мұндай жақсылықтарға барады? Сан сауалға жауап іздеу мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Амалбек Өміртаймен сұхбаттасқан болатынбыз.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен 2020 жыл Волонтерлар жылы болып жарияланғаны белгілі. Мұны былтырғы жастар жылының сабақтастығы деп қабылдауға болады. Осы ретте, облыс көлемінде қандай игі істер атқарылуда?

– Волонтерлықты дамыту тақырыбы соңғы жылдары әлемнің дамушы елдерінде қарқынды жүріп келе жатқан саясат. Себебі әлемнің дамыған елдерінде волонтерлық мәдениет ертеректен қалыптасқан. Әлемдік тәжірибеде волонтерлар арқылы елдің экономикасына да халықтың әл-ауқатына, әлеуметтік жағдайына жалпы адамдар өмір сүретін ортаның инфрақұрылымына үлкен өзгерістер жасауға болады. Біз індетке дейін жыл көлемінде атқаратын жұмыстарымыздың тізбесін жасап қойған болатынбыз. Өкініштісі, біраз дүниелер аяқсыз қалды. Десе де, карантин режиміне дейін «Асыл мұра» бағыты бойынша бірнеше жұмыстар атқардық. Жалпы ұлттық деңгейде Түркістан облысында арнайы фронт кеңсе ашылды. Осы күнге дейін біршама ауқымды іс-шаралар өтті. Оның ішінде ежелгі Жібек Жолы қалаларына, Отырар, Сауран өңірлеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Бәйдібек ауданындағы «Аппақ Ишан» мешітінде сырлау, әктеу жұмыстары волонтерлармен бірге атқарылды. Сауран қалашығындағы қамалдардың әлсіз тұстарын кірпіштермен күшейту арқылы реставрациялық жұмыстарға, Қ.А.Ясауи кесенесінің қасындағы ежелгі жер астындағы археологиялық дүниелерге де өз жәрдемдерін тигізді. Одан бөлек, ұлттық құндылықтарымызды, аспаптарымызды, мұраларымызды қастерлеу мақсатында облыстық жастар орталығында фронд кеңседе кішігірім музей бұрышы ашылды. Одан өзге, Түркістанды туризм орталығына айналдыру бағытында «Әлемге құшақ ашқан Түркістан» атты жүйелі волонтерлық қозғалыстарды ұйымдастырдық. Келешекте Түркістан үлкен туризм орталығына айналады. Сондықтан қаламыздың қызмет көрсету орталықтары (асхана, кафе, ресторан, қонақ үйлер) шет елдіктерді қабылдауға дайын болу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түркістан қаласындағы алтын 10 қағиданы ойлап таптық. Оның ішінде туристерге әрдайым күлімсіреп сөйлеу, шет тілін білмеген жағдайда да туристерден қашпау, қаланы, айналаны таза ұстау деген секілді туризмді дамытуға бағытталған қағидалар бойынша барлық қызмет көрсететін орталықтарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

– Әлемді шарпыған аты жаман індет елімізді айналып өтпегені мәлім. Осы ретте барлық аумақтар карантин режиміне көшті. Сіздерде еріктілер карантин кезінде қалай жұмыс жасады?

– Жалпы 16 аудан қаламызда, 16 жастар орталығы бар. Карантин режиміне байланысты арнайы жұмыс жоспарын түздік. Сол арқылы 1700 акция ұйымдастырылып, 6000-нан астам волонтер көмекке жұмылдырылды. Арнайы демеушілердің қолдауымен 200 мың данадай бетперделер таратылды. 17 мың отбасыға «Nur Otan» партиясымен бірлесе отырып, азық-түлік себеттері таратылды. Халық көп шоғырланатын орындарда 30 мыңнан астам ақпараттандыру парақшалары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, облыстық жастар ресурстық орталықтың ер азаматтары төтенше жағдай басталған сәтте дезинфекция жүргізу бойынша тағылымдамадан өтіп, қаладағы стратегиялық нысандардың дезинфекция жүргізу жұмыстарына қатысты. Тағы бір айта кететін дүние, «Nur Otan» партиясымен бірлесе отырып, «Шипа» және «О Mer» жобаларын қолға алдық. 500-ден аса дәрі-дәрмек қобдишасы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға берілсе, 50-ге жуық тыныс алу аппараты облыстағы емханаларға үлестірілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда.

– Ерікті дегеніміз кім? Кез келген жас волонтер бола алады ма? Ол үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Жалпы ерікті сөзінің қатып қалған анықтамасы жоқ. Бұл бір кәсіп түрі не болмаса белгілі бір мамандық иесі емес. Жалпы еріктілік деген адамның бойындағы болмыс. Мен ерікті болғысы келетін жастардың бойынан Хәкім Абай айтқан 5 асыл істі көргім келеді. Одан соң 5 дұшпаннан қашық болуы керек деп ойлаймын. Егер жастарымыз осындай асыл іспен өмір сүріп, жаман қасиеттерден аулақ болса жақынына, қоғамына жанашыр азамат болады.

– Волонтерлар ешқашан ақы алмайтындығын білеміз. Енді мемлекет тарапынан облыс көлемінде болсын қандайда бір жеңілдік, сыйақылар тағайындалады ма?

– Еріктілер істеген іс-әрекетіне ақы сұрамайды. Себебі атқарылып жатқан істер ол адамның еркінен тыс болмауы керек. Ол көмек, адамның ниетімен сәйкес болу шарт. Белгілі істі атқарғаннан кейін оның алатын несібесі халықтың алғысы болып табылады. Бірақ біз үйлестіруші болғаннан кейін белгілі бір талап-тілектері орындалып отыру керек. Олардың бойындағы ниетті жүзеге асыру үшін ынталандырып отырамыз. Мотивация болмаса волонтерлық мәдениетті қалыптастыру қиынға соғады. Мәселен, алғыс хатпен марапаттап жасаған жұмыстары үшін мақтап, қоғамның бір бөлшегі екендігіне, ел игілігіне жұмыс жасап жатқандығын ескере отыру қажет.

– Облыс аумағында жастарға қарата атқарылып жатқан жұмыстар жайында тоқталып өтсеңіз.

– Біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келсе дамуымызды әсіресе жастардың дамуы тоқтамау қажет. Осы мақсатта төтенше жағдай енгізілгеннен бастап ағылшын тілін үйретуді қашықтықтан жүзеге асыра бастадық. Мектеп жасындағы әлеуметтік жағдайы төмен 500 баланы қарым-қабілетіне, ынтасына қарай іріктеп алып тегін оқыттық. Одан өзге, облыстың талапкерлерін ҰБТ-ға тегін дайындадық. Ол үшін бірнеше білім орталықтары өз жәрдемдерін тигізді. Бұдан өзге, карантин кезінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өнер, әдебиет, жазба бағытында, ізденімпаздық ғылыми шығармашылық бірнеше жұмыстар жүзеге асты. Жастар орталығы жастарға зор мүмкіндік жасауда. Әлі де алдағы уақытта игі бастамаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!

Тілші түйіні: Қазақ адамгершілікке арналған үш сауап бар дейді. Шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап. Бұл сауаптардың сапына елге көмектесу яки волонтерлықты қосу қазіргі заман талабы. Қайырымды іске себепкер болып ерікті түрде елдің игілігі үшін еңбек ету сіздің де қолыңыздан келеді. Тек ниетіңіз болса болғаны.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы