ОЛИМПИАДАЛЫҚ ЕМЕС СПОРТ ТҮРЛЕРІ ДАМУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫНА ТҮСТІ

1  439 көрілім

Бүгін облыс орталығында «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президентін сайлау және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте бірінші болып сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айтмахаметәлі Бердашев Ассоциация туралы мағлұмат берді.

Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы 2018 жылдың 26 қарашасында құрылды. Ұйым құрамына олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша аккредитациядан өткен 25 федерация енді. Түркістан облысы, бойынша аккредиттелген 34 спорт түрі бар, соның ішінде 8 спорт түрі жауынгерлік өнер қауымдастығының құрамына кіреді. Олар: «Түркістан облысының ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы», «Ушу Кунг-фу федерациясы», «Муайтай федерациясы», «KARATE федерациясы», «Таеквандо ITF федерациясы», «Кикбоксинг федерациясы», «Панкратион және греплинг (AIGA нұсқасы) федерациясы», «Самбо күресі федерациясы». Ассоциация төрт бағыт бойынша жұмыс істейді: каратэ, жекпе-жек түрлері, толық контактілі спорт түрлері, ММА аралас жекпе-жек түрі.

«Түркістан облысында Ассоциация 2020 жылдың 28 қаңтарынан бастап өз жұмысын жүргізіп келеді. Аталған қауымдастыққа кіретін 8 спорт федерациясында қазіргі таңда 105 штаттағы жаттықтырушы, 56 штаттан тыс жаттықтырушы, жалпы 161 жаттықтырушы қызмет атқарады. 3 мыңнан астам спортшы аталған спорт түрлерімен шұғылдануда. Алдағы уақытта осы олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуға дене шынықтыру және спорт басқарма тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін сеніммен айта аламын»,-деді Айтмахаметәлі Илиясұлы.

Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Дәурен Тәңірбергеновтің айтуынша, негізгі мақсат – олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту. Яғни, спорт федерацияларына қолдау көрсету, өткізетін қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарын ұйымдастырылуын бақылау, жарыстың өту ережелерімен келісу. Жаттықтырушыларды жасақтау, олардың еңбектеріне ақы төлеу жолдарын қамтамасыз ету болып табылады.

Жиын соңында, «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президентін болып ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев сайланды. Нағыз білектілер мен жүректілер бақ сынайтын спорт түрлерін дамытуды мықтап қолға алуға бекінген генерал-майор Әбілсейіт Оразақынұлына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бұқаралық спорт түрін жандандыру бағытында бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екенін жеткізді.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы