ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

1  275 көрілім

Құрылыс индустриясы – экономиканың iргетасы десек қателеспейміз. Кез келген елдiң әлеуметтiк қуаты құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Мемлекеттің қолдауымен Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын өркендетуге барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбейдi. Міне, соның айғағы үлкен құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласындағы бой көтеріп жатқан әрбір нысан отандық өнімдермен өріліп жатыр.

Осындай мәртебелі міндетті жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп жүрген абыройлы мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі аян. Тамыз айының екiншi жексенбiсiн «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын. Осыған орай, атаулы күнде ұстыны биік мамандық иелерін еске алмау мүмкін емес. Айтпақшы Түркістан қаласында осы салада апта ішінде елеулі оқиғалар орын алды. Атап айтсақ, бұған дейін қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Мерлан Керімжанов қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалса, құрылыс бөлімі басшысы лауазымына Жандос Тасов жайғасты. Жандос та бұл саладан алыс жан емес. Осы күнге дейін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған жас маманды болашағынан мол үміт күттіретін істің азаматы деуімізге толық негіз бар.

Иә, Түркістанда құрылыс алаңындағы жұмыстар бір сәтке бәсеңсіген емес. Карантин режимі кезінде де шаһардағы құрылыс жұмыстары жалғасын тапты. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев «Сақтық шараларын сақтай отырып, құрылыс қарқынын үдете түсу керек»,-деген болатын. Осы талаптың үдесінен шыққан құрылысшылардың ерен еңбектері бүгінде өз жемісін беруде. Екі жыл ішінде түрленіп, келбеті келісе түскен облыс орталығы әлі талай тамсандыратын болады.

Құрылыс алаңында тер төккен құрылысшылар – негізгі еңбек күші. Түркістанды түрлендіріп, жаңа келбетін қалыптастырушы – құрылысшылар. Яғни көне қаланың жалғасын тапқан жаңа тарихында қолтаңбасын қалдырып жатыр.

Тамыз айының екінші жексенбілік күні – дәл осы мамандық иелерінің мейрамы екенін әлгінде айттық. Жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтетін осындай күнтізбелік күндер биыл әлемдегі ахуалға байланысты елеусіздеу өтіп жатқаны белгілі. Дегенмен бұл еңбек адамдарының төл мерекесі ескерусіз қалды деген сөз емес. Құрылысшыларға халық ықыласы айрықша.

Түркістандық «Ныш-Ер», «СтройСервис XXI», «Ақжол» ЖШС құрылыс компаниялары туған жерді түлету ісіне үлес қосып келеді. «Отырар» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігерлер бұған дейін қаладағы бірнеше нысандардың бой тіктеуіне себепкер болған. Компания жұмысшыларының жергілікті азаматтар болғандығы өте орынды. Сонымен бірге, республика көлемінде кеңінен танымал үлкен құрылыс мекемелерінің өкілдері осы таңда Түркістан ауасымен тыныстап, қасиетті мекеннің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда.

Қазіргі таңда Түркістан шаһарындағы 100-ге тарта құрылыс нысанында 5 мыңға жуық құрылысшы жұмыс жасауда. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы басқармалар және департаменттер ғимараттары, Конгресс-холл, стадион, оқушылар сарайы, аттракциондар саябағы сынды әлеуметтік маңызға ие нысандар ертеңгі күні қала көркіне шырай беретін ғимаратқа айналары анық. Оны шындыққа айналдыру жолында әрдайым еңбегі құрылыс қарқынымен өлшенетін құрылысшылардың орны екшеленіп тұрады.

Нұртас МҰХТАРҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы