Р. АЮПОВ: «ХАЛЫҚҚА БЕРГЕН ӘР УӘДЕМІЗДІ ДЕР КЕЗІНДЕ ОРЫНДАУЫМЫЗ – МІНДЕТ»

990 көрілім

Бүгін Түркістан қаласы әкімі аппаратында өткен кезекті апталық мәжіліс  кадрлық өзгерістермен басталды. Алдымен Рашид Аюпов өзінің жаңа орынбасары Мерлан Керімжановты таныстырды. Бөлім басшылары  қызметінде де ауыс-түйістер орын алды. Сәулет және қала құрылысы бөліміне басшылық жасаған Жандос Тасов енді құрылыс бөлімінің басшысы лауазымын атқаратын болады. Ал, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып Ғани Аманқұлов тағайындалды.

   «Жылу» мекемесінің бүгінгі тынысын сынға алған шаһар басшысы жұмысты ширату керектігін ескертті. Егер  өз міндетін орындай алмай, жұмысына салғырттық танытатындар болса жұмыстан босатылатындығын айтты.    

    Карантин режимі жағдайында рейдтік іс-шаралар  мен халықтың денсаулығын қорғау бойынша полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтанов карантин талаптарын сақтамаған 312 дәйек анықталғандығын сөз етті. Алған фактілерге заңды шара қолданылуы үшін қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданған. Негізінен  бүгінгі күнге дейін 77 құқықбұзушыға айыппұл салынған.  3 жеке кәсіпкерге 230 АЕК мөлшерінде әкімшілік құқық бұзушылығы туралы хаттамалар түзіліп, айыппұл салынған.

     Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова  жаңа оқу жылына дайындық барысы жайлы баяндама жасады. 1 сыныпқа қабылдау және баласын штаттық режимде оқытамын дейтін (перзентінің мектепке баруына қарсылығы жоқ) ана-ананың өтініші электронды түрде қабылдануда. Бұл жөнінде Рашид Абатұлы: «Бастауыш сыныпқа баратын оқушы әліппені қашықтықтан үйрене алмайды. Сондықтан да мектепке бару керек. Білім ұялары бос  болғандықтан  әр сыныпта 5-10 баладан оқытуға мүмкіндігіміз бар. Ата -аналар түсіністікпен қарағаны жөн» – деді.

   Демек, 2020-2021 оқу жылының 1 қыркүйегінде 6 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде. Сабақ кестесіне сай қоғамдық көліктердің  де жүргізілуі жоспарлануда.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы