«ҚАЙ НҰСҚА ТАҢДАЛСА ДА БІЗ СОҒАН ДАЙЫН БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК»

676 көрілім

Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал ҮСЕНҚЫЗЫ БАТЫРБЕКОВА:

ХХІ ғасыр талабына сай қоғамда өзіндік салмағы бар білім саласында жаңашыл бағыттар айқындалып, жолға қойылған. Алайда, төтенше жағдайға байланысты оқу про­цесі дәстүрлі ырғағынан бөлек, қашықтықтан оқытылды. Жаңа оқу жылында қан­дай өзгерістер бар? Осы және т.б. сауалдарға орай қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы Батырбековамен сұхбат­тасқан едік.

– Ақмарал Үсенқызы, елімізде орын алған індетке байланысты өткен оқу жылы оқушылар қашықтықтан оқытылды. Бұл жағдай мектеп оқушылары мен ұстаздарға ғана емес ата-аналар қауымына да ауыртпалық көрсетті. Сабақ басталатын мезгіл де жақындады. Өткен оқу жылының соңғы тоқсаны дайындықсыз қашықтықтан оқытылған болса, алдағы оқу жылына қандай дайындық жұмыстары жүргізілуде?

– Иә, төтеннен келген індетке байланысты өткен оқу жылының соңғы тоқсаны қашықтықтан оқытылғаны, оның тек оқушылар мен ата-аналарға ғана емес, ұстаздар қауымына да бірқатар қиындықтар туғызғаны рас. Себебі, жағдайдың мұндай боларын ешкім жоспарлаған жоқ. Дайындық та болмады. Сондықтан алғашқы күндері біршама қиындықтар туындады. Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде уақыт өте бәрі бір ізге түсті. Мұғалімдер ата-аналармен байланыс жасай отырып, оқушылардың қашықтықтан оқыту сабақтарына үзбей қатысуына ықпал етті. Оқу бағдарламасын да тиімді пайдаланып, ұстаздар өз қызметтерін лайықты деңгейде атқарып шықты. Енді алдағы уақытта қалай боларын қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Яғни сол уақытта жағдай қандай болады, санитарлық дәрігерлер қандай шешім қабылдайды, соған байланысты.

Дегенмен, біз бәріне дайын болуымыз қажет. Қазіргі таңда 2 нұсқа қарастырылып жатыр. Егер жағдай тұрақталып, штаттық оқу жүйесіне көшетін болсақ, оқушылар мектепке жіберіледі. Бірақ, санитариялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Ал, бүгінгі жағдай жалғасатын болса, алғашқы тоқсан да қашықтықтан оқытылатын болады. Біз қазір қос бағытта жұмыс жасап отырмыз. Яғни қай нұсқа таңдалса да біз соған дайын болуымыз керек.

– Биыл мектеп табалдырығын қанша оқушы аттайды? Алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1 сынып оқушыларына қашықтықтан білім алу қиындық тудырмай ма?

– Түркістан қаласы облыс орталығы атанғаннан кейін басқа қалалардан көшіп келген отбасылардың есебінен бізде оқушылардың саны жыл санап артып келеді. Жобамен айтар болсам, жаңа оқу жылын 45000-ға жуық оқушымен бастаймыз деп отырмыз. Ал, 1 сынып оқушылары жайлы айтар болсам, мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндерге қиындық болдырмау жағын қарастырып жатырмыз. Яғни 1 сыныпқа қабылданатын оқушыларды санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып мектеп қабырғасында оқыту жоспарда бар.

– Қашықтықтан оқыту барысында әрбір үйде ноутбук, смартфон болуы шарт. Енді, интернет байланысына қажетті құралдары жоқ оқушыларға бөлім тарапынан қандай жағдай қарастырылуда?

Оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Жыл сайын дәстүрлі өткізілетін «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында көпбалалы және төмен отбасы балаларына мектеп формалары мен қажетті оқу құралдары берілетін. Биылғы жылы осы акция аясында қандай қамқорлық шаралары өткізілгелі отыр?

– Бұл – қазіргі таңда біздің алдымызда тұрған ең негізгі мәселенің бірі болып отыр. Қашықтықтан оқыту барысында оқушыларды техникалық құралдармен қамтамасыз ету үшін жұмыс жасап жатырмыз. Алдымен, қазіргі таңда мектептерімізде тұрған техникалық құралдарды оқушыларға уақытша таратып береміз.

Жыл сайын жаңа оқу жылы алдында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, демеушілер аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын киіммен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіп келеді. Енді биыл осындай демеушілерге ноутбук, компьютер немесе планшет алып берулерін ұсынып отырмыз. «Мектепке жол» акциясында біз негізінен оқушыларды техникалық құралдармен қамтамасыз етуге күш салатын боламыз.

Сонымен қатар, бізде жыл бойы үнемделген қаржы бар. Сол қаржыны да осы мақсатта жұмсау жоспарымызда бар. Оқушы санына қарай бұл да жеткіліксіз болатыны түсінікті. Сондықтан бюджеттен тағы да қосымша қаржы сұрауға тура келеді. Біз осы жоспарларымызды толық іске асырып, оқушыларды техникалық байланыс құралдарымен түгел қамтамасыз ете аламыз.

Министр Асхат Қанатұлы жариялаған жаңалықтардың бірі осы мектеп формасы болды. «Мектеп формасы түсінігінің өзі, оның қағидаты мен талаптары ешқайда жоғалып кетпейді. Бірақ біз бұл бұйрыққа арнайы тармақ енгіземіз. Яғни ол тармаққа төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен басқа да форс-мажор жағдайлар жатады. Дәл осындай жағдайларда балаларға классикалық іскерлік киіммен келуге рұқсат береміз» деген сөзі әркімде әртүрлі түсінік қалыптастырды. Сондықтан түсіндіре кетейін, егер ата-аналарда қазіргі уақытта мектеп формасын алуға жағдайы болмаса балаларға қарапайым классикалық киім алып беруге болады. Бұл қазіргі карантин жағдайында қабылданып отырған шешім. Дегенмен, бұл өзгеріс уақытша екендігін де қаперден шығармауымыз керек.

– Ата-аналар тарапынан қандай ұсыныс-өтініштер айтылуда? Жалпы ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған ба? Ата-аналар тарапынан айтылған ұсыныстарды ескеріп, қолға алу жағы қарастырылған ба?

– Әрине, біздің жұмысымыздың бір бағыты – ата-аналармен байланыс орната отырып, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға ала отырып жұмысымызды жүйелеу. Осы мақсатта бөлімде арнайы Call орталығы жұмыс жасайды. Осы орталыққа ата-аналардан келген ұсыныс-өтініштер қаперге алынып, дер кезінде оларға жауап беріп отыру қолға алынған.

– Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай? Арнайы курстардан өту қолға алынды ма?

– Мұғалімдеріміз соңғы тоқсанда онлайн жүйесімен жұмыс жасады. Төтеннен келген пандемия салдарынан алғашында абдырағанымыз да рас. Бірақ уақыт өте бәрі бір арнаға түсті. Яғни мұғалімдеріміз қалыпты жұмыс жасады. Ал, қазір барлық мұғалімдер еңбек демалысында. Бұл дайындықтарын пысықтауға зор мүмкіндік. Сонымен қатар, оларға бөлім тарапынан тиісті әдістемелік көмектер беріледі. Қашықтықтан оқыту үшін бірнеше электронды білім жүйелері қарастырылды. Соның ішінде ең тиімділері таңдап алынды. Яғни біз орта білім беру ұйымдарына Online Mektep қашықтан оқыту жүйесін енгізуді көздеп отырмыз. Zoom, Google Classroom, EduPage арқылы жұмыс жасау да тиімді әдістердің бірі. Сонымен қатар, озық тәжірибелі мұғалімдердің сабақтарын Youtube арнасына жүктеу, телеарна арқылы сабақтарымызды ұсыну жоспарымызда бар. Бұлардың барлығы тиімді нәтиже береді деп ойлаймын.

– Жаңа оқу жылынан бастап «Әліппе» мен «Ана тілі» оқытылады деген қуанышты жаңалық халықтың жүрегінен ыстық орын алды. Осы туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов «Әліппенің» қайта оралатындығын жариялады. Бұл көпшіліктің көптен күткен жаңалығы болатын. Дегенмен, бұл биылғы жаңа оқу жылынан емес, келесі 2021 жылы іске асырылады. Қазіргі таңда «Әліппе» оқулығын қайта дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі. Сонымен қоса, Асхат Қанатұлы «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалып жатқанын тілге тиек етті.

– «Жақсы сөз жарым ырыс» дегендей, карантин уақыты бітіп, мектепте оқитын жағдай да келіп жетер. Сұрайын дегеніміз, білім ошақтары қысқа дайын ба?

– Кезекті оқу жылына дайындықты жылда маусым айынан бастайтын едік. Биыл пандемия жағдайына байланысты соңғы тоқсан қашықтықтан оқытылғасын жөндеу жұмыстарын да ерте бастап жібердік. Тамыз айының алғашқы жартысында бүкіл мектептеріміз оқушыларды қабылдауға дайын. Ал, қысқа дайындық барысына тоқталсам, бұл орайда да дайындығымыздың дұрыс екендігін айта аламын. Қазіргі таңда барлық білім ошақтары қатты және сұйық отындармен қамтамасыз етілуде. Газға, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған мектеп және балабақшаларымыз да бар. Барлығында да дайындық жұмыстары қызу жүруде.

– Мектеп оқушылары тегін оқулықпен толық қамтылады ма? Осы жөнінде де толығырық айтып өтсеңіз?

– Бірден айтайын, бізде оқулық тапшылығы болмайды. Елімізде оқулықпен мемлекет тегін қамтамасыз етеді. Жыл сайын оқу жылының алдында сараптама жасап, қажетті оқулықтарға тапсырыс береміз. Қыркүйек айына дейін оқулықтар түгел жеткізіліп, мектептерге таратылады. Биыл да осындай. 2016 жылдан бастап 1 сыныптан жаңартылған оқу бағдарламасына көштік. Енді биыл ең соңғы 11 сынып оқушылары осы бағдарламаға көшеді. Сондықтан биыл біз 11 сынып оқушыларын жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіп жатырмыз. 2016 жылдан бері 1-ден 10 сыныпқа дейін 100 пайыз жаңартылған білім мазмұны бойынша оқулықтармен қамтамасыз еттік. Жоғарыда айтқанымдай, биылғы жылы 11 сынып оқулықтарына тапсырыс берілді. Тамыздың алғашқы аптасында оқулықтар қаламызға жеткізіледі деп отырмыз. Содан кейін біз мектептерімізге таратып беретін боламыз.

– Қала әкімі жақында білім бөліміне қарасты мектеп директорларымен онлайн кездесу жиынын өткізді. Әрдайым мұғалімдерге қолдау көрсетіп отыратын қала әкімдігі тарапынан қалалық білім бөліміне қандай жағдайлар қарастырылып отыр?

– Рашид Абатұлы қала басшылығына келгелі білім саласына ерекше көңіл бөліп, атқарылып жатқан жұмыстарды үнемі қадағалап келеді. Қазіргі таңда да қашықтықтан оқыту жүйесінде тиімді оқыту бағдарламаларын пайдалануды жолға қою мақсатында мектеп басшыларымен онлайн кездесулерге қатысуда. Өзінің ұсыныстарын жеткізіп, сапалы білім беру ісінде табысқа жетудің жолдарын бөлісуді жолға қойған. Бұл үшін қала әкімі біздің ұсыныстарымызды да қарай отырып, қашықтықтан оқыту кезеңінде оқушыларды техникалық байланыс құралдарымен және сапалы байланыспен қамтамасыз етуге күш жұмсауда. Жоспарлы жұмыстарымызды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, жүйелі жұмыс жасауға жағдай жасап отыр.

Сұхбатты жүргізген:

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы