«ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АРТЫП КЕЛЕДІ»

864 көрілім

У.БАИМБЕТОВ, «Түркістан қалалық ветеринарлық қызметі» МКК директоры:

Бүгінгі таңда қаламыз облыс орталығы атанғалы бері әрбір салада жауапкершілік жүгі артып отырғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда ветеринарлық қызмет саласының да атқарар қызметі де ауқымды. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері «Түркістан қалалық ветеринарлық қызметі» МКК директоры Уалихан Баимбетов болмақ.

– Уалихан Абибуллаұлы, алдымен облыс орталығы мәртебесіне ие болған қаламыздағы ветеринарлық саласының атқарар қызметі жайлы тоқталып өтсеңіз?

– Иә, дұрыс айтасыз, бүгінде әр салада жауапкершілік жүгі арта түскені рас. Сол сияқты біздің ветеринарлық қызметте де. Негізінен біз «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру», «Жануарлардың эпизоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүргізу», «Ауру жануарларды санитарлық союды ұйымдастыру», «Жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізу», «Ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу» сияқты ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз. Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңын басшылыққа алып жұмыстар жасайды және Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асыру басты міндетіміз болып табылады.

– Тұрғындардан көшемізде қаңғыбас иттер мен мысықтар қаптап кетті деген сұрақтарды жиі естиміз. Бұған қарсы қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі қаңғыбас иттер мен мысықтардың тұрғындарға қаупі алаңдатады. Бұған қарсы біздің кәсіпорын тарапынан өз деңгейінде жұмыстар атқарылып отыр. Атап айтсақ, Түркістан қаласы ауыл шаруашылығы басқармасынан 2020 жылы 11280100 мың теңге қарастырылып, 6963 бас иесіз қаңғыбас ит, мысық ауланып жойылуы жоспарланып бекітілді. 2020 жылы бекітілген жоспарға сәйкес, 2020 жылдың басынан 6 айда 2042 бас қаңғыбас ит, мысық ауланып жойылды. МКК-дан ит мысықтарды аулап жою жұмыстарына 2 бригада құрылып бүгінгі таңда жұмыстар қызу жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырмалы түрдегі қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жою жұмыстары туралы мәлімет бойынша 2019 жылы 6333 бас ит, мысық ауланып жойылса, 2020 жыл басынан барлығы 2042 бас қаңғыбас ит, мысық ауланып жойылды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жыл басынан 4 291 бас ит, мысық кем ауланып жойылғанын көрсетеді.

– Осы мәселе бойынша тұрғындардан жиі-жиі қоңырау түсе ме, зардап шеккен азаматтар туралы айтсаңыз?

– Қазір жаз айы, сондықтан жұмысымыздың қызған шағы. Қоңыраулар негізінен көшемізді қаңғыбас иттер көбейіп кетті, соған қарсы бір шара қолдансаңыздар деп шағымданады. Қала бойынша ит-мысықтардан жарақат алған адамдар туралы мәліметке сүйенсек, 2019 жылы 6 айда 333 адам зардап шеккен. Ал, 2020 жылдың басынан 6 айда 240 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш 2019 жылға қарағанда 93-ке төмендеген.

– Түркістан қаласында қанша үй жануары бар, оларды қалада ұстау тәртібі ескеріліп жатыр ма?

– ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің «ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы статистикасының мәліметі бойынша Түркістан қаласында бүгінгі таңда нақты 5940 бас ірі қара мал, 11650 бас уақ мал (қой-ешкі), 2332 бас жылқы, 21653 бас құс, 1038 бас түйе тіркелген. Жалпы алғанда, қала тұрғындарының мал ұстауы бойынша нақты ереже бекітілмеген. Ол әрбір тұрғынның қанша мал ұстауы өз еркінде. Тек, санитарлық талаптарды орындауы қажет. Бұл үшін мал қораны таза ұстау, дер кезінде дезинфекциялау жұмыстарын атқарып отыруы тиіс. Жалпы көршілерден ешқандай шағым түспесе, қала тұрғындарының мал ұстауына толық құқығы бар.

– Қала ішінде үйлер жақын орналасқан, сондықтан мал ұстауда белгілі бір ережеге сай профилактика жұмыстары жүргізіле ме?

– Түркістан облысының АШБ басшысы Н.Бадырақовтың 06.11.2019 жылғы №198 н/қ санды бұйрығы негізінде, бекітілген 2020 жылғы жоспарға сәйкес, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша 12 ауру түріне қарсы 2020 жыл басынан 6 айда ІҚМ – 58529 бас, уақ мал – 86313 бас, жылқы – 2193 бас, түйе – 2778 бас, ит – 35788 бас, мысық – 558 бас, ауыл шаруашылығы жануарларына егу жұмыстары мен 2 ауру түріне аллергиялық тексерулер жүргізілді. Серологиялық тексерулері бойынша Түркістан облысының АШБ басшысы Н.Бадырақовтың 05.02.2020 жылғы №30-н/қ бұйрығы негізінде бекітілген 2020 жылғы I-ші жарты жылдық жоспарға сәйкес, жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы бойынша 6 айда 10479 бас ірі қара мал, 15450 бас уақ мал, 386 бас түйе мал, 26 бас жылқы мал, 130 бас ит бруцеллез ауруына тексерілді.

– Жалпы тұрғындарға қаңғыбас иттер мен үй жануарлары қолда ұстауда не нәрсені ескергені жөн?

– Қала тұрғындарына ескертетін жайт, иттерін үй бақылауында ұстап, айналаға зиян тигізбеу жолдарын қарастыруды сұранар едім. Ал, үй жануарларын ұстауда дезинфекция талаптарын сақтау қажеттілігін ескергені жөн. Бұл қағидалар негізінен облыс орталығының әрбір тұрғынынан талап етілетіні анық. Малдарды мал сою орындарында мал дәрігерінің бақылауымен сойдырып, қалдықтарын арнайы полигондарға апарып тастауы қажет. Үйде кенеттен өлген немесе жанталасып жатқан малды міндетті түрде мал дәрігерлік зертханалық тексеруден өткеннен соң ғана пайдалануға кеңес берер едім.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы