КЕЛБЕТТІ ТҮРКІСТАНЫМ – ЖАСТАР МЕКЕНІ

753 көрілім

Қазақ елінің Тәуелсіздігін нығайту мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихы тереңде жатқан Түркістанды қайта түлету ойын іс жүзіне асыру жайлы шешімі қалың қазақ қоныстанған өңір үшін маңыздылығы мол еді.

Барша әлемге қазақ елінің іргесі берік, достығы мызғымас мемлекет болып қалыптасқанын танытқан көне Түркістанның қайта түлеуі жаңа Қазақстан тарихының жарқын беттері мен бірліктің, ынтымақтың, татулықтың ақ таңы болып қайта атты. Елбасының тарихи шешімін жария ету сапарына түркістандықтар ерекше дайындық жасап, ежелгі хандар ордасы болған Қ.А.Ясауи кесенесінің іргесінен Ақ Орда тігіліп, арнайы мінбе орнатылып, ел алдына шыққан Көшбасшысына ұзақ уақыт тұрып көрсеткен құрметі зор еді. Өңір жұртшылығы, зиялы қауым бұл шешімді ұзақ күткендігін де, жүрегіндегі қуанышын, ризашылығын да жеткізу сәттері көз алдымызда.

Бүгінде Түркістан егемендік пен тәуелсіздік туы астында, тұтастық пен татулықтың құтты шаңырағына айналып отыр. Небәрі екі жылға да толмас уақыт аралығында Түркістан қаласында тарихи-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүргізіліп, алғашқы жаңа ғимараттар пайдалануға беріле бастады.

Бүкіл әлем болып тосынан келген қатерлі індетпен арпалысып жатқан шақта, оның жаппай таралуының алдын алу мақсатында біздің елімізде де төтенше жағдай жарияланып, шектеу шаралары енгізілді. Облыс, қала әкімдіктерінде арнайы штабтар құрылып, көптеген мекемелер, өндіріс, сауда орындары жұмыстарын тоқтатып, қашықтықтан жұмыс істеу, білім беру мекемелері де қашықтықтан оқытуға көшіріліп, көшедегі көліктердің жүріп тұруы, қала мен ауданаралық көлік қатынастары да тоқталып, блокбекеттер жұмыс істей бастады. Шұғыл түрде денсаулық сақтау мекемелері мен полиция қызметкерлері жұмылдырылып, халық арасында түсіндіру жұмыстарына және шектеу шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуға кірісіп кетті. Әрине, қаншама сақтық шаралары жүргізілгенімен де қауіпті індет ішке кіріп, қасіретін тигізіп жатқаны өкінішті-ақ.

Міне, осындай қиын кезеңдерде облыс пен қала әкімдігі Түркістандағы жоспарланған құрылыс жұмыстарының қарқынын түсірмеу шараларын мердігер компаниялармен бірлесе қарастырып, жұмысшылардың күнделікті тыныс-тіршілігі мен құрылыс нысандарында санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қала құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын жалғастыруда. Түркістан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары мен «Жасыл Түркістан» МКМ басшылығы мен мамандарының өз салалары бойынша қажырлы еңбектерінің арқасында әкімшілік-іскерлік орталықта жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер бой көтеріп, облыс әкімдігі, департаменттер мен басқармалар ғимараты, конгресс орталығы, «Алатау» медиа-орталығы, оқушылар сарайы, музыкалық мектеп, стадион, бассейні бар спорт кешені, әлемдік талапқа сай бес жұлдызды қонақ үйлер, амфитеатр, музыкалық субұрқақтар, қала келбетін түрлендіріп, әсем сәулеттілік нұрын шашып, таңғаларлық әсер қалдыруда.

Жалпы, қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына көз ілесе алмайды десек артық бағалау болмас. Қала аумағындағы саябақтарды абаттандыру, жасыл ағаш көшеттері мен алқызыл гүлдер егу, «Нұр-Сұлтан» алаңы, «Гүлдер» саябағы, «Қазбек би аллеясы», аттракциондар мен жасыл спорт алаңдары салынып, жастардың шынығуына, серуендеп демалуына мүмкіндіктер жасалуда. Өте қысқа мерзімде қаланың қайта түрленуі жастардың тарихи Түркістанға деген патриоттық сезімі мен шаhар болашағына сенімі артып келетіні де заңдылық болу керек. Бүгінде қала сәулетіне көкшіл күмбездерімен ерекше көрік беріп тұрған, сәулет-құрылыс өнерінің қайталанбас туындыларының негізінде салынған, қазіргі таңда түркі әлемінің ортақ оқу ордасына айналған Ахмет Ясауи Университеті десек болады.

Тәуелсіздік таңының алғашқы шашуы ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне де міне 30 жылға таяп қалыпты. Осы жылдар аралығында білім берудің озық технологияларын қарастырып, Түркия мен Европа елдерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасып, көлемді халықаралық ғылыми, мәдени іс-шаралар өткізіп, Түркістан қаласының Түркі әлемінің рухани, мәдени астанасы атануына өз үлесін қосып, өзіне жастарды көптеп тарта бастады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті еліміздегі жалғыз халықаралық және ерекше мәртебеге ие, Ұлттық университеттер сияқты жоғары оқу орны. Университеттің жоғары көрсеткіштері үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 15 қаңтарында ерекше мәртебе берілді. Бұл университетті қаржыландыруды 2-3 есеге арттырды. Университет Түркия мен Қазақстан үкіметтері тарапынан қаржыландырылатындықтан ең озық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген үздік университеттердің бірі болып табылады.

Бүгінде университететте 11 факультет, мемлекеттік басқару және экономика жоғары мектебі, 1 кәсіби колледж, 6 ғылыми-зерттеу институты, 14 оқу корпусы, 2 клиника, 1 заманауи кітапхана, 11 жатақхана, 2 қонақ үй, 2 мұражай және Юнеско Халықаралық сыйлығын алған ботаникалық бағы бар. Қазіргі таңда университетте 10 мыңға жуық студент, оның ішінде 1500-нан астамы әлемнің 19 елінен келген 41 ұлт пен ұлыстың өкілдері білім алуда. Сонымен қатар, заманауи бағытта түрік, орыс, ағылшын және қазақ тілдерін еркін меңгеруге, шет елдерде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие және алған дипломы түркі әлемі мен шет елдерде маман ретінде сұранысқа ие болуы арта түсуде.

Бүгінгі таңда білім іздеген жастарға әрине таңдау мүмкіншілігі жоқ емес. Жастардың бойында романтикалық қиял сезімдері басым болуы оларды еліміздің ірі мегаполистерінде білім алсам деген арманға жетелейтіні рас. Осы орайда, шет елдерден, ірі мегаполис қалалардан білім іздеп тарыққанша, берер білімі де ешкімнен кем емес, студенттерге барлық жағдай жасалған, мол тоқшылық жерде оқығанға, ата-ананы да сары уайымға салмайтын, қайта түленіп, жаңа дәуір қаласы болып келе жатқан Түркістанда білім алғанға не жетсін. Қожа Ахмет университетін таңдаған студенттер өз ойларымен бөліскенде айтары: «Шет елде оқып жүргендей сезінеміз, өйткені басқа мемлекеттердің, ұлттардың тарихымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен жақынырақ танысып, тез арада достасып кеттік» – дейді бітіруші түлектер.

Жақында ғана университет ұжымы #Bizberaberiz атты ынтымақтастық, достық аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған түлектерінің Түркиядағы қауымдастығы арнайы хат жолдап: «Киелі Түркістан аймағында білім алып, нанын жедік. Елімізден жырақта, қазақ халқының қамқорлығын көрдік. Екінші отанымыз Қазақстанға осындай қиын кезеңде көмек көрсету біздің борышымыз» деп санап, Түркістан облысына 28 оттегі концентраторынан тұратын медициналық гуманитарлық көмегін жолдап және 25 дәрігер түлектеріміз Түркістанға көмекке келмекші екендігін, бұдан кейін де шамалары жеткенше көмектесуге ниетті екендіктерін жеткізіпті. Бұл университетіміз үшін күтпеген үлкен қуаныш, әрі мақтаныш. Иә, университет Халықаралық деңгейде маман дайындауға лайықты жоғары деңгейдегі оқу орны екендігінің тағы бір айғағы деуге болар.

Балғабай НАҚЫПОВ,
Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы