ЖАҢА НЫСАНДАР ТҮРКІСТАННЫҢ АЖАРЫН АШУДА

560 көрілім

Қаламыздың келбетін ажарландырып, туристер легінің артуына жол ашатын құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Былтырғы жылдың өзінде «Арбат» алаңы, «Гүлдер», «Жеңіс» саябақтары ел игілігіне пайдалануға берілсе, биыл да отбасымен, туыс-достармен қыдыруға арналған саябақтардың саны артып келуші қонақтардың көз жауын алуда. Алдағы уақытта құрылысы аяқталып келушілерге құшақ ашатын жаңа нысандар облыс және қала басшылығының тікелей назарында тұр.

Жаңа құрылыс орындарының ішіндегі бір төбесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Sembol construction» түрік компаниясы қолға алған «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені. Әлемде теңдесі жоқ туристік кешенде заманауи қонақ үйлер, шығыс базары, мейрамханалар іске қосылып, жасанды көл пайда болады. Көне шаһардың көрінісі сақталған бірегей жобаның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Облыс әкімі нысандарды арнайы аралап, қаламыздағы басқармалар ғимараты мен драма театры, Қ.А.Ясауи музейінің, Ұлы Жібек жолы қолөнершілер Ұлттық орталығы ғимараттарының құрылыс алаңдарында болды. Құрылыс жұмыстары аяқталып қалған орындарда ішкі әрлеу, техника мен жиһаз орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Әсіресе спорт саласына зор көңіл бөлетін облыс басшысы қаладағы жаңа спорт нысандардың құрылыс алаңдарында да болды. Қала төңірегінде дүниежүзі бойынша кең тараған спорт түрі – футболды дамыту мақсатында УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған алып стадион құрылысы жүргізілуде. 2 спорт зал, әлемдік талаптарға жауап беретін табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелер бар спорт кешені биыл пайдалануға беріледі. Жаңа стадионда облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары мен облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өтетін болады.

Сонымен қатар, Түркістан облысының спортының дамуына үлесін қосатын бассейні бар спорт кешенінің құрылыс жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілуде. Құрылысы аяқталуға таяған

заманауи талаптарға сай спорт кешенінде ұлттық құрама мүшелері мен облыстың жас спортшылары жаттығатын болады. Айта кетерлігі жаңарған Түркістанда ондаған спорттық ғимарат ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы