КЕСЕНЕНІҢ КҮМБЕЗІН ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

32 көрілім

Орта Азиядағы сәулеттік кесенелердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Тарихи-мәдени кешенде атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізілген пресс турда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер департаментінің басшысы Күміс Сейітова таныстырды.

Ауқымды жұмысты Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген болатын. Күмбездің тарихи келбеті сақтала отырып, желдеткіш қабаттары да ретке келтірілген. Қазіргі уақытта күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілуде.

Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оған белгілі тарихшылар мен зерттеушілер және білікті реставраторлар қатыстырылды.

Еліміз ғана емес түбі бір түркі жұртының рухани орталығы – Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту, зерттеу және туристік орталыққа айналдыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің үш жылға арналған даму жоспары бекітіліп, жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар Қылует жерасты мешіті (XII ғасыр), Жұма мешіті (XII-XIX ғ.), Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (XVI ғасыр), Шилдехана (XIV-XV ғғ.), Шығыс моншасы (XVI) тағы басқа орындарда ауқымды шаралар қолға алынған. Ал ортағасырлық Күлтөбе қалашығы және Жеті ата негізгі көшелеріндегі археологиялық-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Қожа Ахмет Яссау кесенесі мен көне Түркістан қаласы тарихи-мәдени кешенінің аумағынан еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы мұражай ашу жүзеге асырылып келеді. Аталған жұмыстарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қазақ ғылыми зерттеу институты және «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізіп жатыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары