ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНЕ ШАҚЫРТУ САНЫ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

974 көрілім

Бүгінде күллі жаһан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт – еңселі елімізді де айналып өтпегені өкінішті-ақ. Тосыннан келген төтенше жағдайға тосырқай қараған халқымыз, дәл қазір үрей мен үміттің бел ортасында өмір сүруде. Қазір бұл қауіпті індет деп қорқып-үркуден халықтың хәлі түзелмейді, күдіктің бұлты сейілмейді. Осындай қысылтаяң шақта, сабыр мен сақтықты санамызға терең сіңірсек қана дүрбелең туғызған қауіпті дерттен арыларымыз анық.

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Қазіргі елімізде індеттің таралуы өршіп тұрған шақта алғашқы көмекте жедел-жәрдем қызметінің алар орны ерек. Сондықтан біздер қала аумағында жәдел-жәрдем қызметінің атқарып жатқан жұмыстарын газеттің бетіне жариялауды құп көріп, Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем станциясының бас дәрігері Дәулет Мұсаевпен арнайы барып жолыққан болатынбыз.

Облыс орталығы атанған қасиетті шаһарда Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем беру станциясында облыс бойынша тәулігіне 124 жедел-жәрдем бригадасы, оның ішінде Түркістан қаласында 16 жедел-жәрдем бригадасы қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет етеді. Жедел-жәрдем қызметі таңғы 8.00-ден ауысым жұмысын бастайды және келесі күннің таңғы сағат: 8.00-ге дейін яғни 24 сағат қызмет көрсетеді. Түркістан облысы шақырту бригадасы бойынша тәулігіне 372 дәрігер және фельдшер, 124 жүргізуші қызмет атқарады. Оның ішінде Түркістан қаласы бойынша 32 дәрігер және фельдшер, 16 жүргізуші жұмыс жасайды. Түркістан облысы бойынша маусым айында орта есеппен жедел-жәрдем станциясына тәулігіне 3000-ға жуық қоңырау түскен болса, қазіргі таңда өңірде науқас адамдардың беті бері қайтып тәулігіне 1800 қоңырау шалынуда. Шақыртудың басым бөлігі егде және орта жастағы науқастардың дене қызуының көтерілуі және өкпе қабынуы бойынша түсіп жатқаны мәлім болды. Мәселен, облыс бойынша ЖРВИ-мен (жедел рисператорлық вирустық инфекция) 150-ге жуық, пневмониямен 120 және коронавирус инфекциясы белгілерімен 15-ке жуық шақырту түскендігі анықталып отыр. Ал, Түркістан қаласы бойынша атап өтсек, маусым айында ЖРВИ-мен 50-60, пневмониямен 50-60, коронавируспен 10-15 шақырту түссе, қазіргі таңда ЖРВИ-мен 5-10, пневмониямен 15-25, коронавируспен 1-3 шақырту түсіп, өткен аймен салыстырғанда ауырған науқастардың саны едәуір азайып отырғанын байқадық.

Облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясының Call-орталығына қоңырау шалу кезінде дене қызуы көтерілген және өкпе қабыну ауруымен ауырған немесе Covid 19 бойынша сұрақтарға 1 дәрігерлік, 2 орта буынды кеңес беру қызметі де ұйымдастырылған. Мамандар науқастарға медициналық кеңес беру тұрғысында толыққанды жұмыс жасауда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен коронавируспен күресуге тартылған медицина қызметкерлеріне тиісті төленетін үстеме ақы толық төленуде екен. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша науқастарды әр өңір өз аудан, қала бойынша ауруханаларына тасымалдауда. Маусым айында шақырту санынын өсуінен Түркістан облысына қарасты ауруханаларға тасымалданып науқастар дер кезінде жатқызылып ем алып келген. Тағы бір айта кетерлік жайт, Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем станциясы 75 дана өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтылған. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне қорғаныш киімі және маска, ризиналы қолғап және жедел медициналық жәрдемге қарасты бөлімшелер мен бекеттер дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

Иә, жоғарыда айтылған мәліметтерде өткен аймен салыстырғанда індеттің беті бері қайтып, жедел-жәрдем қызметіне жүгінген тұрғындардың көрсеткіші төмен екендігіне көз жеткіздік. Бұл қуанарлық жайт. Дегенмен тоқмейілсуге ерте, барлық санитарлық талаптарды орындап, қоғамдық орында бетперде тағып, халық коп шоғырланған орындарға бармай, арақашықты сақтап жүрсек қана бұл індетті жеңуге күш-қайратымыз жетеді. Сондықтан салғырттыққа жол бермей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, бақылауда ұстасақ ауыздықтай аларымыз анық.

Қуаныш ТАСЫБАВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы