АТА-АНАЛАР БІЛІМ ОШАҒЫН ӨЗДЕРІ ТАҢДАЙДЫ

769 көрілім

Әрбір жаңа оқу жылы қарбаласпен басталатыны белгілі. Соның ішінде әсіресе, бірінші сыныпқа баратын баланы мектепке даярлау ерте басталады. Биылғы 1 маусымнан бастап 1 сыныпқа балаларды қабылдау басталып кетті. Үйде отырып-ақ ата-ана кез келген мектепті таңдай алады. Сонымен қатар, бірінші сыныпқа балаларды қабылдауға қажетті құжаттар тізімінен мекен-жай анықтамасы мен медициналық анықтама да алынып тасталған. Баланың суреті мен туу туралы куәлігінің көшірмесін ғана электронды түрде жіберсе болғаны. Бұл ата-ана қауымына үлкен жақсылық ала келгендей, себебі балаларын өздеріне ыңғайлы мектепке бере алады әрі құжаттар саны азайған. Міне, мұның барлығы қағазбастылықтан арылтқан мемлекет қамқорлығы болса керек.

Мектеп бағдарламасын алып кету үшін баланың әріпті танып, сандарды қосып-алуды біліп барғаны өзіне де, ата-ана үшін де дұрыс. Алайда, бұл біліп баруы керек деген ұғымды білдірмейді. Жасы жеткен кез келген бала дайындықсыз-ақ мектепке бара алады. Мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар үшін білім беру ұйымдары оқу жылы басталғанға дейін даярлық курстарын ұйымдастырады.

1-сынып оқушылары мектепке электронды түрде қалай тіркелуге болады. Бүгінгі күнге дейін қанша бала тіркелді. Электронды тіркелу ата анаға қиындық соқтырып жатқан жоқ па?

Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің информатика пәнінің әдіскері Талғат Шегенбаевтан осы сауалдардың жауабын сұрастырдық. Оның айтуынша, жалпы бүгінгі күнге дейін 4300-ге жуық өтініш түскен. 3800 бала білім ошақтарының 1-сыныбына қабылданыпты. Әрі қарай маманның өзін тыңдайық.

-Тереңірек түсіндіріп өтейін, жалпы түскен 4300 өтініштің 3800-і дұрыс тіркеліп, осы балалар мектепке қабылданды. Ал, қалған өтініштер дұрыс тіркелмеген. Атап айтсақ, ата-ана тек суретін салып, туу туралы куәлігін тіркемей, өтініш жібереді. Мектеп осындай және т.б. қате жіберілген өтініштерді қабылдамайды. Осылай тіркелмей қалады.

Ата-ана баласын қалаған мектепке беруге құқығы бар. Алайда, кейбір ата-аналар бір мектепке өтінішті онлайн беріп, 1 аптадан кейін өтінішін қайтарып алып басқа мектепке беріп жатқандар кездесуде. Иә, осылай мектеп таңдап жатады.

Жыл сайын оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау мерзімі 1 маусым мен 30 тамыз аралығында болатын. Биылғы жылы 1 маусым мен 1 тамыз деп жарияланды. Бірақ ата-аналар үлгере алмай жатқандығы анықталған болуы керек, қабылдау мерзімі 20 тамызға дейін созылды.

Негізінде 1-сыныпқа қабылдаудың 2 бағыты бар. 1- шісі сол өзі тұратын мөлтек аудан бойынша, 2-шісі квота бойынша. Квота дегеніміз басқа мөлтек ауданда тұратын балалар. https://sakura.turkestan.e-orda.kz https://egov.kz сайттары арқылы тіркелуге болады. Келіп түскен өтініштердің 406-ы egov арқылы болса, көпшілігі SAKURA электронды мектеп жүйесімен қабылданып жатыр.

Жас отбасылар соңғы технологияны меңгергендіктен болар, өтініштерін дұрыс жіберуде. Көбіне үлкен отбасы иелері қиналады. Осындай ата-аналар мектептердегі информатика пәнінің мұғалімдерімен хабарласып, өтініштерін қайта жіберуде. Негізінде, https://sakura.turkestan.e-orda.kz сайтын ашып кірген кезде бейнеролик көрсетіліп, онда өтінішті қалай беру керектігі толық түсіндіріледі. Осы бейнероликті мұқият тыңдап, айтылған кеңесті бұлжытпай орындаса өтініш берген ата-ананың баласы сол мектепке қабылданады,-дейді информатика пәнінің әдіскері.

Иә, жылдың осы мерзімінде ата-аналар балаларын 1-сыныпқа берерде көп ойланып-толғанып, ең жақсы білім ошағына беруді қалайды. Шынын айтсақ, көп ата-ана мектеп-гимназияны таңдайды. Осы материалды дайындау барысында бір ата-ана: «М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназия бала қабылдамай жатыр екен» деген шағымын айтты. Бұл сауалдың жауабын осы білім ошағының тиісті сала маманынан сұрастырдық.

Роза Сулейменова, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназия директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары:

– 2020-2021 оқу жылына 5 қазақ 5 орыс сыныбы ашылады. Әр сыныпқа 27-28 оқушыдан қабылдауды жоспарлап отырмыз. Былтырғы жылы 1 сыныпқа қабылдау mekten sitcen сайты арқылы қабылданған. Биылғы жылы 1 сыныпқа оқушыларды қабылдау egov пен sakura сайттары арқылы іске асырылып жатыр.

Негізінде, орыс сыныбына көбіне өзге ұлт өкілдері көп өтініш береді. Айта кетейін, біздің қаламызда орыс мектептерінің аздығына және халықтың сұранысына байланысты орыс бөлімі тез арада толып қалады. Ал, қаламызда білім ошақтары жеткілікті болғандықтан қазақ бөлімінде мұндай қиындықтар туындамайды.

1 сыныпқа қабылдау маусым айының 1-інен басталып, сол күні база ашылды. Қазіргі таңда орыс сыныбы мен қазақ сыныбына да сайт арқылы қабылдау жүріп жатыр.

Тілші түйіні: Тиісті сала мамандарының айтуынша, мектеп-гимназияларға сұраныс көп. Мектеп-гимназиялар өзіне қажетті лимитті ашып қойған, бірақ өтініш бергендер көп болғандықтан толып қалуы мүмкін. Егер орын жоқ болса қабылдай алмайды. Мектеп басшысы биылға канша 1 сынып керек сол сыныпқа қарап қабылдайтын бала санын жариялайды. Ол санға кім бірінші өтінішті онлайн тастайды және құжаты дұрыс болса сол бала қабылданады. Сондықтан, айтарымыз, баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналар ертерек қамдансаңыздар, балаларыңызды өздеріңіз қалаған білім ошағында білім алуға қол жеткізе аласыздар.

Иә, мектептің мектептен айырмашылығы жоқ. Барлығы да бір жүйемен оқытылады. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп айтқандай, жаңа технологияны терең меңгерген, білікті, тәжірибесі мол, ұлағатты ұстаз балаларымызды биікке самғатары сөзсіз. Ендеше, облыс орталығының әрбір білім ошағында еңбек етіп жатқан бастауыш сынып мұғалімдеріне сәттілік тілей отырып, оларға балаларымызды сеніп тапсырайық.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы