БІЛІМ ҰЯЛАРЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ӘЗІР МЕ?

71 көрілім

Бір айдан кейін оқу жылы басталуы тиіс. Алайда еліміздегі індеттен сақтық шараларына байланысты білім ұялары өз есіктерін аша алмауы мүмкін. Десе де оқушылар ертелі-кеш мектеп табалдырығын аттайтыны анық. Осы ретте мектептер мен арнайы балабақшалар шәкірттерді қабылдауға әзір ме?

Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова осы мәселелер төңірегінде жауап берген болатын. Өз сөзінде қаламызда 33 мектеп, 20 балабақша, 5 мектептен тыс мекеме жұмыс атқаратынын айтқан еді. Биыл пандемияға байланысты мектептерде жөндеу жұмыстары ерте басталған. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары Қ.Сәтбаев, №21, №24, С.Рахимов мектептерінде толық аяқталған. Атап айтқанда 4 мектепте кәріз жүйесінің құбырлары, әжетханалардың санитарлық құрылғылары ауыстырылған. Ал С.Рахимов мектебінің қабырғалары жаңартылып, едендер, спорт залында терезелер ауыстырылып, ағаш есіктер орнатылған. Бүгінгі таңға 17 мекемеде 90 пайыз ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылғандығын жеткізді.

Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары 6 мекемеде баяу жүргізілуде екен. Оның ішінде, С.Ерубаев атындағы мектеп интернатында 53 есік ауыстыру, қоршау орнату, қабырғаларды сырлау – 40%, әжетханаларды қалпына келтіру, су-кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары, Некрасов атындағы мектеп гимназия А, В, Г блоктарының фасадтарын қырып-сылау, едендерді сырлау, есік ауыстыру, Әл-Фараби жалпы орта мектебінің сырлау жұмыстары 40%, жылу жүйелерін, есік ауыстыру, Ш.Ниязов жалпы орта мектебіне гипсокартон қағу, потолок және қабырғаларды сылау, ішкі сыртқы қабырғаларды бояу, асфальт төсеу қажет. Ал №31 мектеп балабақшасына 8 беседка, ойын алаңын орнату, қабырғаларды сылау, асфальт төсеу, әжетханаларын жөндеу, «Келешек» балабақшасына ойын алаңшасын орнату және хауызға кафел төсеу жұмыстарының өз деңгейінде жүрмей жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, мектептің ішкі әжетханаларын іске қосу жұмыстары бойынша 33 мектептің ішінде іске қосылған әжетханалар саны 28-ді құрауда. Қосымша салынатын әжетханалар саны 4 мектеп (Ғ.Мұратбаев, Әл-Фараби, Ә.Науаи, №14), 3 мектептің (Некрасов, Н.Төреқұлов, С.Рахимов) ескі ғимараттарына салынатын болады.

Бөлімге қарасты 32 мектептің аулалары толығымен қоршалған. Тозығы жеткен 9 мектептің қоршауы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша қайта жаңартылды. Бөлім басшысы сонымен қатар, 2020-2021 жаңа оқу жылына дайындық барысында адами капиталды дамыту бөліміне қарасты 58 білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарына 61100,0 мың теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда 33 мектепке 47900,0 мың теңге, мектепке дейінгі 20 балабақшаға 13200,0 мың теңге қаржы бөлініп, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына енбеген 14 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айтып өтті.

Айта кетейік, шәкірттердің жаңарған мектеп табалдырығын аттау үшін жұмыс қазірден қызу жүргізіліп, оқушылардың жоғары білім алуына жағдай жасау басты жоспарда тұр.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары