ЕГІСТІГІН СУ БАСҚАН ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАРҒА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНДІ

772 көрілім

Көршілес Өзбекстан Республикасының Сырдария облысында орналасқан «Сардоба» су қоймасында орын алған апатты жағдай салдарынан Мақтаарал ауданымен қатар Жетісай ауданының да бірқатар егістік алқаптары судың астында қалды. Нақтырақ айтар болсақ, Атамекен ауылдық округінің Қоғалы елді мекенінде жалпы аумағы 42 гектарды құрайтын 14 шаруа қожалығының, Жылы су ауылдық округінің Мырзашоқы және Сейфуллин елді мекендерінде орналасқан 17 шаруа қожалықтың 153 гектар егістік алқаптарын су басқан.
Егістіктерге ентелей кірген топан су құлақ көрсетіп, бой көтере бастаған егістіктерді түгел алды. Ағын суды ары қарай өткізбеу үшін арнайы тоғандар құрылып, насостармен сулар тартылды. Су кеткен жерлерді шаруалар қайта өңдеп, екінші рет тұқым септі.

Келтірілген шығындардың орынын толтырып, зардаптарын жою мақсатында Үкіметтің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде шаруалардың еккен дақылдарының түрлері мен егістік жер көлеміне қарай шығын көлемі толық есептелді.
Облыс әкімдігінің тікелей бақылауымен арнайы мамандардан құрылған комиссия мүшелерінің шешімімен су астында қалған егістік алқаптардың көлемі 194,97 гектарды құрады деп нақтыланып, мемлекет тарапынан 43 млн 219 мың теңге өтемақы төленген.
«Басында бізде шығынымызды қалай толтырамыз деген уайым болды. Оны жасырмаймыз. Әйтсе де, Президентімізге, облыс әкіміне үлкен рахметімізді айтамыз – шығынымызды есептеп, толық өтеп берді. Егістігін су басқан ешбір шаруаның кеудесінен итеріп, далада қалдырмады» дейді «Абай» шаруа қожалығының төрағасы Жұмат Ауанов.
Айта кетейік, мұнан да басқа жетісайлық шаруа-дихандарға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген жанар жағар май, минералды тыңайтқыштар еш кедергісіз қолжетімді бағада жеткізіліп берілуде.

Бауыржан НАЙМАНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы