Сырлыкүл САТТАРХАНОВА: «ЕГІЗБАЙ ЖАНҒАЛИ БЕКЗАТТЫҢ ТУЫСЫ ЕМЕС»

890 көрілім

Өткен аптаның бейсенбі күні әлеуметтік желіде, нақтырақ айтсақ «Nur кz» ақпараттық порталында «Шымкентте Бекзат Саттархановтың немере інісін өлтіріп кетті» деген тақырыпта ақпарат жарияланған болатын. Онда Түркістан облысындағы таэквандо федерациясының төрағасы, спорт шебері Егізбай Жанғалиді әлдекімдер соққыға жығып, соның салдарынан ер адам көз жұмды, ол марқұм олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың немере бауыры деп хабарланған болатын. Осы мәліметтердің анық-қанығын білу мақсатында біз  Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттархановамен бетпе-бет сұхбаттасқан болатынбыз.

«Бекзат балам 2000 жылы Сидней төрінде күллі әлемнің назарын Қазақстанға аударып, көк туымызды көкте желбіретіп өз салмағы бойынша чемпион атанды. Еңбек, жігер, сенім сияқты ұғымдарды өзінде қалыптастырып, қазақ елінің абыройын асқақтатты. Жеңісін Түркістан қаласының 2000 жылдық мерейтойына тартуым деп айтты. Уақыт – төреші демекші, барлық қазақ елінің қуанышына айналған қуанышты сәттерге де биыл 20 жыл толады.

Мені мазалайтын мына бір жәйт. Осыдан 4-5 күн бұрын әлеуметтік желіде Бекзат ұлымның суретімен қоса «Шымкентте Бекзат Саттархановтың немере інісін өлтіріп кетті» деген жалған ақпарат таратылғаны жөнінде. Мәселенің анық-қанығын білмей тұрып нақты мәлімет таратпаған аталмыш ақпарат құралы алдағы уақытта өз ісіне жауапкершілікпен қарағанын сұрар едім. Өйткені, Түркістан облысындағы таэквандо федерациясының төрағасы, спорт шебері Егізбай Жанғалидің біздің отбасымызға еш қатысы жоқ. Бүгінде қоңырау шалып, көңіл сұраушы жандардың қатары күн санап артып отыр. Сондықтан, Сіздерден сұранатыным халайық, еш уақытта жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Қазірде әлемді жаулаған індет пен жалған ақпараттан сақ болыңыздар»,-деп ішкі ойымен бөлісті ана.

Иә, бүгінде ел арасында осы оқиға байланысты түрлі ақпараттар тарап жүр. Бастысы әлеуметтік желінің кең тараған заманында нақты ақпараттарға сүйенгеніміз абзал, құрметті оқырмандар!

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы