ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМНІҢ НЕГІЗГІ ОРДАСЫНА АЙНАЛМАҚ

1  853 көрілім

Туризм саласы – Қазақстан Республикасы экономикасындағы қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Түркістан қаласындағы туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмнің дамуы арқылы еліміздің экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Түркістанда туризмнің дамуына барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Біз бүгін Түркістанда туризмді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Түркістан қаласындағы «Туристік қызмет көрсету орталығы» МКК директоры Ерасыл Төлебаевпен сұхбаттасқан едік.

– Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туризмді дамытуға қаншалықты маңызды қадам болды?

– Елбасымыз Н.Назарбаевтың 19 маусым 2018 жылғы №702 Жарлығымен облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшірілді. Көне қаланың жаңа мәртебеге ие болуы тұтас түркі халықтарының назарын аудартқанын жақсы білеміз. Әсіресе, бұл шешімді түбі бір түркі халықтары өте жылы қабылдады. Тағдырлы шешімдер қабылданып, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өткен шежірелі шаһар енді Қазақстанның туризмін жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндіктер берді. Өйткені, облыстың алдағы жылдардағы негізгі даму бағыты осы саламен үндесіп жатыр.

– Облысымыздағы тарихи орындар туризмнің дамуына қаншалықты үлес қосады?

– Түркістан облысы туризмнің елімізде алатын орны бөлек. Облыс бойынша көне қалашықтар мен әулиелі жерлер, тарихи-мәдени орындары жеткілікті. Тарихи және киелі орындарға саяхаттауға Түркістан қаласында бұрынғы заман мәдениетінің көрінісі ретінде әлемге танылған әйгілі тас ескерткіштерін, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттық пен қолөнершілердің ордасы Отырар қаласын, көне Сайрамның ескерткіштерін, Қожа Ахмет Ясауи кесені мен Арыстанбаб кесенесін тамашалауға болады. Түркістан қаласындағы ірі әлеуметтік жобаларының басым көпшілігі туристік саланы дамытуына байланысты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орталық Aзиядағы аса маңызды мәдени, рухани-ғылыми және сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады», – деп атап айтқан болатын. Осыны ескере келе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласында да туризм саласын дамытудың іс-жоспарын қайта қарап, жаңа дамыту концепциясының іске асыру жұмыстарын жүргізуде.

– Түркістанда туризмді дамыту Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен тікелей байланысты десек қателеспеген боламыз. Бүгінде кесене айналысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

– Түркістанда өткен тұрақты туризм мен қасиетті мұраны дамыту бойынша халықаралық конференцияда шетелдік қонақтар ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші, мұсылмандардың жаппай зиярат ету орнына айналған Ясауи кесенесіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен зиярат етушілердің ағылып келіп жатқанына куә болғандарын жеткізген болатын. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілер үшін бау-бақшалы жасыл аумақ іске асуда. Түрлі жеміс-жидек ағаштары өсетін ботаникалық баумен қатар, киіз үй, сондай-ақ кесене аумағында көшпенділер салты мен дәстүрінен ерекше сыр тартатын, ортағасырлық тұрмыстан айрықша көрініс беретін Этноауыл салынады.Осылайша, Ұлы Жібек Жолы дәуірі тұсындағы келбеті қалпына келтіріліп, кесенеден 700 метр қашықтықта тұрған Күлтөбе қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады.Мавзолейдің мемориалды және саябақ аймағында Абылай хан, Жолбарыс хан, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек бидің және т.б. жерленген жерлері қоршалып, биіктетілген. Кесене мен Жеті Ата қақпасы арасындағы тарихи көлдің ойыстары қайта қалпына келтіріліп, тарихи мешітке апаратын жол, құдық және Ясауидің соңғы 20 жыл өмірін өткізген Қылуетке апаратын ортағасырлық рабаттары мен орталық көшелері қайта жасалуда. Кесененің 88,7 га құрайтын буферлі қорғау аймағында рухани туризм Орталығы құрылуда. Ол жерден осы аумақта орналасқан барлық қастерлі орындарды тамашалауға болады. Ал, абаттандыру алаңының жалпы аумағы 100 гектарға жетеді. Халықаралық тәжірибенің ең озық үлгілері назарға алынып, «Әзірет Сұлтан» кешенінің мүмкіндіктері кеңейтілуде.Сондай-ақ, қаламыздың басты символының келбеті түнгі жарықшамдар арқылы ерекше кескінге ие болады. Оң шешім тапқан жоба жуық арада іске асса, туристер үшін кесененің келбетін айшықтай түспек. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жұмысы Республика көлемінде бекітілген. Сондықтан, тарихи мұраны болашақ ұрпаққа қалдыру, насихаттау және сақтау назардан қалыс қалмайды.

– Туризмді дамытуға қатысты нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Түркістан қаласында туристерге кешенді қызмет көрсету мақсатында туристерге қызмет көрсету орталығы «Визит Центр» ашылды. Орталықта мультимедиа, этнографиялық зал және «Қазақ хандығы» залы, кітапхана, кәдесыйлар дүкендері, кофехана, шығыс бағы, қолөнершілер орындары қарастырылған. Туристердің қала ішінде киелі орындарға қолайлы тасымалдау үшін орталықтың 10 электр көліктері қызмет атқарады. Алыс және жақын шетел туристеріне 3 тілде қызмет көрсететін аудиогид құрылғылары бар. Туризмді дамыту стратегиясы шеңберінде орталық қаланың барлық көрікті және киелі жерлеріне қолжетімді бірыңғай нүктесіне айналуы, сондай-ақ туристерге арналған барлық ілеспе ақпарат пен сервистерді ұсыну орталығы болуы жоспарлануда.

– Құрылыс алаңына айналған облыс орталығындағы іргелі жұмыстар жайлы айтсаңыз?

– Бүгінгі күнде Түркістанда әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми, білім беру нысандары және іскерлік-орталықтар, тұрғын үй кешендері алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр. Бүгінгі таңда Түркістанда жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстары жайлы кеңірек тоқталып өтудің қажеті жоқ. Күннен-күнге шырайлы шаһарға айналып келе жатқан қаламыздың тыныс-тіршілігімен түркістандықтар жақсы таныс болуы керек.

– Карантин кезіндегі туризмді дамыту қай деңгейде?

– Иә, әлемдегі өзекті ахуал Түркістанның туризміне біршама кері әсерін тигізіп отырғаны айдан анық. Коронавирус індетінің отандық туризмге кері әсері өте зор болатындығын атап өту керек. Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты биыл көшпелі туризм саласындағы шығын 70-80 пайызға жуықтайды деген болжам бар. Дегенмен, Түркістанда құрылыс жұмыстары бір мезетте тоқтағаны жоқ, жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. Болашаққа сеніммен қарайтын халықпыз. Ендеше, ел болып осы індетке қарсы күресіп, бейбіт күндеріміз әлі алда деп сенейік. Жалпы Түркістан қаласына өткен жылы 1137917 турист келген болса, 2025 жылға қарай туристер санын 5 млн-ға жеткізу көзделуде.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы