КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚАЛЫ ҚАЛАЙ?

1  003 көрілім

Ел экономикасы үшін шағын және орта бизнестің маңызы өте жоғары. Соның ішінде кәсіптің осы түрлері жақсы дамып келе жатқан тоғыз жолдың торабындағы Түркістан қаласының кәсіпкерлері бүгінде індеттің кең таралуы салдарынан жұмыстарының нағыз қыза түсетін шағында табыстан қағылып отырған жайы бар. Әрине, оңай емес. Күнделікті кіріс көзі тұралап қалған жандардың көпшілігі карантин талаптарына мойынсұнуға мәжбүр. Десе де, арасында бір теңгесін екі етемін деп жанкештілік танытып жатқандарды да көріп жүрміз. Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың осы және өзге де мәселелерімен танысып, оларға жасалып жатқан қамқорлық жайын да сұрап көрдік.

Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Гүлжамал Дахановамен тілдесіп, сауалдарымызды қойдық. Төмендегідей жауап қайырды:

– Өздеріңізге белгілі елімізде белең алып жатқан қауіпті індет барша халықты алаңдатып отыр. Осы ретте, Түркістан қаласының кәсіпкерлері де карантин режимін қатаң сақтауды қолға алды. Қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімі барлық кәсіпкерлердің басын қосатын «WhatsApp» желісі арқылы чат ашты. Онда кәсіпкерлер пікір алмасып, ой бөлісіп отыратын болады. Аталған чат арқылы мүмкіндіктеріне қарай көмек көрсетілуде.

Атап айтсам, кәсіпкерлерге несие төлеу мерзімін уақытша тоқтатты. Мүлік салығынан босатты. Қосымша құн салығы 8%-ға қысқарды. Жалға алған алаңдардың ақысын төлемеу жөнінде жалға берушілермен келіссөздер жүргізіліп, 3 айға дейін босатылды. Тағы да айта кететін жағдай мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен (5-6%) түрлі бағдарламалар арқылы қаржылық жеңілдіктер ұсынылуда. Сондай-ақ, барлық кәсіпкерлер «Amazing Turkіstan» қосымшасы арқылы сұранысқа ие тауарлар мен тағамдарды мекен-жайға дейін жеткізіп беру қызметі арқылы өз табыстарын табу мүмкіндігіне ие болды,-деген Г.Даханова кәсіпкерлердің бұл жағдайға түсіністікпен қарап отырғандарын жеткізді.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде «той қысқартылсын» деген ұсыныстар жиі айтылып жүр ғой. Әрине, дәл қазіргі сәтте тойдың өтпеуі заңдылық. Ал, «індет жойылғаннан кейін той көйлегіне сұраныс артады» деген қала аумағындағы белгілі кәсіпкер әпкеміз осы күннен дайындық қамында жүр. Түркістан қаласындағы біршама той салондарындағы қалыңдық көйлегін тігетін әпкеміз (атын жазбауымызды өтінді) алдағы күндерден зор үміт күтеді.

– Мен 2004 жылдан бері той көйлегін тігіп, сатумен айналысамын. Мектеп кезінен қолыма қалам мен қағаз тисе той көйлегінің түрлі суреттерін салатынмын. Бірақ, мамандық таңдар сәтте дизайнер болуыма үлкендер рұқсат бермеді. Десе де диплом бойынша өзге саланы бітірсем де, жүрек қалауым мені дизайнерлікке баурады десем болады. Көйлектің маталарын Түркиядан алып келеміз. Бір көйлекті 3-4 күннен 1 айға дейін уақыт тігетін кездеріміз де болады. Қазір карантинде қол қусырып қарап отырмай, той көйлектерін тігіп, жинақтап отырмын. Өзімді келешекте өзге кәсіппен айналысамын деп айта алмаймын. Себебі, осы мамандықтың биігінен көрінгім келеді. Алдағы уақытта тың туындыларым өз иесін табады деп ойлаймын. Бастысы, жақсылықтан күдер үзбеймін. Ал, кәсібіме сұраныс болатынына сенімдімін. Әрбір қыздың арманы қалыңдық атанып, ақ көйлек кию. Сондықтан еліміздегі карантин шектеулері тоқтатылса өнімдерімізге сұраныс артады деп сенемін.

Осы күнде қызуы басылмай тұрған тағы бір мәселе бар. Ол – карантин кезінде тыйым салынса да, тәртіпке бағынбай кәсіпкерлікпен айналысып отырғандар. Есесіне мұндай жандарға құзырлы органдар тарапынан ескерту жасалып, құлақ аспағандар жауапкершілікке тартылып жатыр. Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, карантин режимін бұзғаны үшін 63 азаматқа айыппұл салынған (жеке кәсіпкер, лауазымды тұлға, жеке тұлға). ҚР Әкімшілік құқық бұзушылығы туралы Кодексінің «карантин және басқа да міндетті санитариялық эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізбеу» 476 бабы 6 бөлімі бойынша әкімшілік айыппұл салынған. Жалпы, 58 айыппұл салынып, 4 азамат әкімшілік қамауға алынса, 1 азаматқа ескерту берілген. Заң алдында барлығы бірдей болғандықтан тәртіпке бағыну керек дейді сала өкілдері.

Иә, кез келген дүниенің екі жағы бар. Кәсібін дамытамын деп жанталасып жатқан адамға кедергі жасау да қиын. Дегенмен ел тағдыры сынға түскен шақта билік тарыпынан жасалған шектеулер әрбір азаматтың амандығы, саулығы үшін жасалып жатқанын ескеру керек. Індет бүйірден қысып тұрған шақта қара бастың қамын ойламай өзгенің де амандығына тікелей қатысымыз бар екенін естен шығармайық.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы