ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

935 көрілім

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны қарқын алды. 2020 жылы Түркістан облысы көлемінен 17-27 жас аралығындағы төрт мыңнан астам адамды шақыру жоспарланып отыр. Карантин кезінде жас сарбаздар борышын қалай өтейді? Бұл туралы сұрақтарды Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары майор Кулдербаев Жандос Тынымбекұлына қойған болатынбыз.

Жандос Тынымбекұлы, елімізде орын алған пандемияға байланысты азаматтарды әскерге шақыруда өзгерістер орын алғаны белгілі болды. Биылғы талаптар қандай?

– Төтенше жағдайға байланысты көктемгі әскерге шақыру науқаны және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылған болатын. Президенттің 2020 жылғы 30 сәуірдегі №312 Жарлығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айынан басталып, тамызға дейін ұзартылды. Биыл азаматтарды әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қатаң түрде жүзеге асырылады.

Маңызды жаңалықтардың бірі – әскери борышын өтеуді кейінге қалдыруда өзгерістер бар. Яғни, Кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылардың санаттары кеңейтілді. Атап айтқанда, бұрын кейінге қалдыру ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдарының оқытушыларына ғана берілген болса, енді бұл жалпы білім саласында еңбек етіп жүрген педагог азаматтарға қатысты болмақ.

Әскерге шақыру кезінде санитарлық талаптар қалай сақталады?

– Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері әкімдіктерге жүктелген. Олар әскерге шақырылушыларды медициналық бетпердемен және антисептикалық құралдармен қамтамасыз етеді. Бұл ретте әскерге шақырылушылар және Қарулы Күштерін жасақтауға тартылған лауазымды тұлғалар арасында коронавирустық инфекцияны алдын алу шараларын күшейтуде пункттердің кіре беріс жерлерінде дезинфекциялық туннель орналастырылды. Жас буынды салтанатты шығарып салу шаралары тоқтатылды. Қалалық медициналық комиссия құрамына дәрігер-инфекционисттер енгізілді.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, басқармалар мен бөлімдердің жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар ету және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Әскерге шақырылушылар кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, медициналық куәландырудан өтуге жіберіледі. Біздің қызметкерлер осы талаптардың сақталуын, дәрігерлерде кезектің толып қалмауын бақылайды. Күніне ең аз дегенде екі рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Науқан кезінде азаматтардың әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға және босатуға құқықтары бар. Мерзімін кейінге қалдыру келесі негіздер бойынша беріледі:

1) отбасы жағдайы бойынша;

2) білімін жалғастыру үшін;

3) денсаулық жағдайы бойынша;

4) басқа себептер бойынша, мысалы:

1) оқытушыларға жұмысының барлық кезеңіне;

2) ауылды жерлердегі дәрігерлерге;

3) олардың құзірет мерзімдеріне Парламент немесе жергілікті уәкілетті органдардың депутаттарына;

4) тергеу астындағы тұлғаларға;

5) азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипаждарының мүшелері, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне;

6) кеме экипаждарының мүшелеріне;

7) құқыққорғау органдарының білім беру ұйымдарын-да алғашқы кәсіби дайындықтан өтіп жүрген тұлғаларға.

– Отан қорғаушылар әскерге шақырылу алдында коронавирусқа тест тапсырады ма?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша, ПТР зерттеу әскери бөлімдерге келгеннен кейін жүргізілетін болады. Екі апта ішінде олар жеке құрамнан оқшауланады. Осы карантин кезінде жас буынға медициналық тексеру және әлеуметтік психологиялық зерттеу, сондай-ақ бастапқы әскери дайындық өтеді.

Биыл Отан қорғауға қанша азамат шақырылады? Әскери салада қандай мамандықтарға басымдылық беріледі?

– Биылғы науқанда 18-ден 27 жасқа дейінгі 2000-нан астам бозбаланы мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлануда. Ал мамандыққа келер болсақ, әр әскер түрінде белгілі бір бір талаптар бойынша әскерге шақырылушы қандай әскери бөлімдерде қызмет ететіні белгіленеді. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Ұлттық университетінің әскери-ғылыми взводын жасақтау үшін ІТ-мамандықтары, ал десанттық әскерилер және арнайы тағайындалған әскерилер үшін бойының параметрлері 170см-ден төмен болмауы секілді талаптар бар. Сондай-ақ, спортшыларға артықшылық беріледі.

Сонымен бірге, Қарулы күштер музыканттар, аспазшылар, жүргізушілер және байланысшыларға мұқтаж екенін атап өткім келеді.

Әскерге шақырылғандар алғашқы 6 ай ішінде мынадай әскери мамандықтар бойынша оқудан өтеді: БТР, БМП, танк техник-жүргізушісі, артиллериялық және минаатқыш қаруларынының командирі және көздеушілері, инженерлік қамтамасыз ету мамандықтары, Қарулы Күштері оқу орталықтарында байланыс мамандары.

Бұдан басқа негізгі дағдылардың арасында әскер жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және шыдамдылыққа үйретеді.

Әскери қызметшілер топпен жұмыс жасауды, оқу жаттығулардағы тапсырмаларды орындауға, тез ойлануға және шешім қабылдауға үйретеді. Олар әскери қару-жарақты қолдануда, күрделі әскери техниканы пайдалануда техникалық дағдыларға ие болады.

Әрине, әскери қызметтің қауіпсіздігі басты назарда. Әскери бөлімнің әр бөлмесінде бейнебақылау жүргізілген. Әр әскери бөлімде гарнизон прокурорының және Әскери полиция жасағы бастығының сенім жәшіктері орналасқан, хат-хабарлар проблемалық мәселелер бойынша тездетіп шешімдер қабылдау үшін мекенжайларға түседі. Казарманың әр жайғасу орындарында, штабта, асханада, БӨП, клубта барлық деңгейдегі басшылық құрамның, соның ішінде қызметтік телефоннан қоңырау шалу үшін қолжетімді сенім телефондары туралы ақпарат орналастырылған. Әскери қызметшілердің қызметтік әрекеттегі проблемалары туралы әр уақытта оларға қоңырау шалуға немесе СМС-хабарлама жолдауға мүмкіндіктері бар. Әр келіп түскен сигнал бойынша проблемалық мәселелерді тексеру және жою бойынша, сондай-ақ осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін алдын алу бойынша қажетті жұмыс жүргізіледі. Яғни бүгінде елімізде азаматтардың әскери борышын өтеуге барлық жағдай жасалған. Департамент бастығы әскери қызметке қызығушы жастардың қатары көбейгенін патриотизмнің, сенімнің, елдегі тұрақтылық пен бірліктің нығая түсуімен байланыстырады.

Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметтің 6 айын өткергеннен кейін келісім-шарт бойынша әскери қызметте еңбек етуге құқықтары бар. Атап айтқанда, егер әскерге шақырылушы өзінің алдағы болашағын әскери қызметпен байланыстыратын болса, онда ол келісім бойынша қызметке жарты жылдан кейін-ақ орналаса алады.

Борышын өтеуден жалтарғандарға қандай шара көріледі?

– Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген.

Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 617-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 800 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.

Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабының 1-бөлімі негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімді бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сол баптың 2-бөліміне сәйкес, өзінің денсау-лығына қасақана зиян келтіру арқылы, ауруды симуляция-лау арқылы, құжаттарды қолдан жасау немесе өзге алдау амалдарына барғанда – үш мың айлық көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жүктеледі. Болмаса үш жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Әңгімеңізге рахмет!

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы