БҰЛ ҚАЛА ТӘУЕЛСІЗДІК СЫЙЛАҒАН БАҚ

558 көрілім

Көк аспанда көк байрағымыз желбіреп егеменді ел атанғалы отыз жылдың жүзі. Осы уақыттар ішінде атқарған жұмыстар шоғыры мол. Мақтан етер ісіміз бен қуанышымыз да жоқ емес. Еліміздің экономикасы өркендеп, саяси жағдай қалыптасып үлгірді. Тіпті де даңғыл жолдарға бет алып барады. Тұтас қазақ еліне атақ пен даңқ бірдей қонып жатқаны өтірік емес. Біздің білетініміз жаһандық көшке ілесіп өзінің сара жолымен кетіп бара жатқан мәңгі еліміздің өркендеп жатқаны. Таңғажайып ертеңі мен шуақ шашып тұрған нұрлы болашағы…

Мақтан атаулыны бірінен кейін бірін айта беруге болар еді. Біз көл-көсір мақтанымпаздық жасаудан аулақпыз. Айтпағымыз да әлем жұрағаты мойындаған шаһар туралы. Елбасының кемеңгер ой мен ұлы бастамашылдығының арқасында шаңырақ көтерген қала жайында. Атаулы қала бәрімізге таныс. Оның сұлулығына, әсемдігіне, дүниенің үздік сәулет өнерін тоғыстырған көрінісіне таңғалмаған адам жоқ болар. Бәрімізге таныс мекен. Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы.

Бұл қала тәуелсіздік сыйлаған бақ. Еліміз жеткен жетістіктердің ең үздігі қатарынан орын алады. Жайдан-жай, құрдан-құр бой көтергені жоқ. Аспаннан жауған тегін май шелпек те емес. Қаншама қарапайым еңбек адамдарының табан-ет маңдай тері төгілді. Қиялы жүйрік сәулетшілердің, басқа да сала мамандарының ақыл-ойы сарып болды. Ат үсті, жүрді-барды емес барын салды. Әрбірі ерекше қаланың өзгеге ұқсамайтын келбетін жасауға барын салды. Ақиқаты ешкімде еш нәрсені аямады. Бар ынта пейілімен, бар махаббатымен жұмыс атқарды. Алғашында аңыз ұқсап, болмаса ертегілерде айтылатын дүние секілді елестеді. Азы сенім білдірсе, көбі үмітсізбен қарады. Уақыт ұлы емші екенін тағы бір дәлелдеді. Солай болды да сенім артқандар іштей қуанды да, жеңістері үшін шаттанды. Сенімсіздік танытқандар ауызына құм құйылды. Ұяты барлар іштей қынжылды. Тартыс пен талас ішінде арпалыса жүріп әлемдік ірі қалалармен иық тіресер елордамыз бой көтерді.

Содан бері жиырма екі жыл өтті. Осы жылдар ішінде қазақ елінің атағын аспандату жолындағы қаланың рөлі жоғары болды. Олардың ішінде әр түрлі жиындар, саяси жағдай үшін жасалынған келісімдер, ЭКСПО, экономикалық түс алған кездесулер секілді толып жатқан іс-шаралар өткізілді. Барлығында шаһардың көшбасшылық орында болғанын мақтанышпен айтуға болады. Ақмола деп аталған өңірде бой көтерген жаңа қаланың аты Астана деп аталды. Осы атаумен-ақ әлемге танылған елордамыздың аты 2019 жылдың көктемінде тағы өзгерді. Қазақстанның екінші Президенті 2019 жылы 20 наурызда ел астанасын республиканың тұңғыш президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. Атаулы ұсынысты парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп Елбасы еңбегінің маңызы ескеріліп әрі бағаланды.

Тарих тұрғысынан бабалар аманатының орындалуы болып саналған тарихи шешімнің дұрыс болғандығы бәрімізге белгілі. Бабаларымыз қасықтай қанымен қорғаған ежелгі Сарыарқа төрінде бағаналы орда салу тарихтың қажеттілігі. Ат тұяғымен әлемді дүр сілкіндірген ежелгі көшпенділердің заңды мұрагері болған қазақ елінің бағызы жұртта әйгілі қала тұрғызуы, осы арқылы орынын бекемдеп, беделін асырып, абыройын тіктеуі орынды. Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің мақтанышы екенін, осы қала күнін мереке етіп тойлау маңызды екені белгілі. Анығы қала күнін шын жүректен құттықтай отырып, ел даңқы арта берсін деген тілегімді жеткізгім келеді.

Инара НАМАЗБАЕВА,
Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы