ДӘСТҮРЛІ ДІНІҢНЕН АЙНЫМА

2  001 көрілім

Мұсылман-мұсылманның бауыры, ол оған тілімен де қолымен де жаманшылық жасамайды, өзгенің малына, арына сұқтанбайды. Бұл-Ислам ұғымдарының бірі. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары сияқты, саны көбейген сайын қуаттана түседі. Ол ағаштың жемісі дәмді, көлеңкесі салқын, бұтақтары мекем болады. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылман бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене сияқты. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілгенде онымен бірге болады», – деген. Исламның пайғамбар (с.а.с.) көрсеткен жолы, осы еді.

Қазақ халқының басына түскен талай қиыншылық кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. «Тәуелсіздігі жоқ, болашаққа үміті бар» уақытта бабаларымыздың жүрегінде иманы, «Менің ұрпағым жетер» деген үміті болды. Жүрегінде сақтаған туған жерге махаббаты, дәстүрі діні, бір ізге түскен жолы бар еді. Еліміздің болашағына, рухани дамуына өз үлесін қосып, бізге аманат етіп тапсырды. Аллаға шүкір тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздікпен бірге асыл дініміз, тіліміз қайта оралды. Мұның барлығы, әрине, Алланың мейірімділігі мен бабаларымыздың дұғасының арқасында. Сол заманда халықтың Ислам діні үйреткендей еліне, жеріне деген құрметі оянды. Қоғамның алдындағы және жанұясының алдындағы міндетін орындап келді. Сол уақытта бірлік пен тыныштыққа сызат түсіруді көздеген дәстүрлі емес діндер пайда болды.

Өздеріңізге мәлім, қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде діни білім алуды аңсаған кейбір жастар, жан-жаққа шет елдерге оқуға кетті. Біріккен Араб елдері, Ливан, Түркия, Египет, Сирия, Пәкістан секілді Ислам мемлекеттеріне барып, Ислам діні білімін үйреніп келді. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары діни білімі бар имамдарымыз да аз еді. Рухани шөлдеген халықтың талабын толық қанағаттандыра алмады. Есесіне оның жауабын шетелден теріс діни бағытта білім алған жастар беріп, өздеріне қаратып, қақпанына жіпсіз байлады. Міне, осыдан халық арасында әртүрлі жамағаттар, діни ағымдар пайда болды. Аузында Құраны бар әрбір азаматты періште санайтын біздің ұлт оның парқына терең үңілмеді. Ағымның жетегіне ерген өздері, кейін өзгелерді де соған тартты.

Жат ағым өкілдері дінге жаңадан бет бұрған адамдарға кейбір парыз емес, абзал болған амалдарды (сақал өсіру, мисуак қолдану, балақ қысқарту) міндеттеп, діннің негізі ретінде көрсетті. Сенім дұрыс қалыптаспаған адамның жүрегінде күмән болғандықтан әркез мұсылмандардың арасында осы дертін жоюға тырысады. Яғни ақидадағы (сенімінде) қате түсінік еліміздегі мұсылмандар арасын бөлудегі негізгі сабептердің бірі. Осы орайда, олар басқа мұсылмандардың ақидасын қатеге шығарып, мұсылман жамағатының бірлігіне, бауырмашылығына жік салуда. Мұндай қате сенімнен әлбетте бас тартқан дұрыс. Исламдағы бауырмалдыққа балта шауып, талас-тартысқа, жік-жікке бөлінуге алып келді. Бұл надандықтың, білімсіздіктің белгісі. Қазақ тарихында неше түрлі даулар болған: жер дауы, жесір дауы, ру дауы сияқты алайда, діни алауыздық, дін дауы болған емес. Сол үшін дінімізді қастерлейік, көлденең келген көк аттының сөзіне ілеспей, бірлігімізді, асыл дінімізді сақтайық.

Қорыта келе әлемдік қоғамда технология дамып, құстан артық ұшатын, әуе кемесін жасадық. Тұлпардан жүйрік автокөлікке міндік. Балықтан артық жүзген кемені жасап шығарсақ та адамға діни, рухани білім жетіспеуде. Діни ақпаратты да кез келген негізі жоқ, бейресми ақпарат көздерінен емес берері бар, ресми дерек көздерінен үйренсек дұрыс болар еді. Қазіргі уақытта діни білім дамып, имамдарымыз сауатты, дініміз бен дәстүріміз жанданып келеді. Дегенмен де кейбір жастар әлі де адасып, діни ағымның жетегінде жүр. Тек әрбір ақпаратты білімі бар, өз маманнан алған абзалырақ болады. Сонда ғана ешкім де ешқандай діни ағымға тап болмайды.

Ж.БИТАНОВ,
облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің Сайрам ауданына жауапты маманы.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы