ҰШҚЫР ОЙЛЫ АҚЫН ЖАЙЛЫ

853 көрілім

Сол бір қым-қиғаш дүбірге толы думанды күндерді еске алу мен үшін ғанибет ұмытылмас шынайы ғибрат өнегесі мен берер берекесі бар, қызығы таусылмас мерекесі мол жылдар болатын. Ауданымыздағы он төрт шаруашылықта: 400 000 (төрт жүз мыңға) жуық қой басы, 32000 (отыз екі мың) сиыр, 6000 (алты мың) жылқы, 3000 (үш мың) түйе, 500 000 (жарты миллион) тауық болатын. Малшыларымыз еселі еңбегімен тау-тау толағай табыс пен телегей теңіз байлық әкелетін.

«Балапанды күзде сана» – демекші жаз-жайлауынан оралған малшылардың еңбек жемісінің тойын өткізу жылдағы береке. Тойда малшылардың толағай табысын айтып, еңбегін бағалап жүлделер тапсырылып, бағалы сый-сияпат берілетін. Той қызығы ойын-сауық тамылжыған ән-жырдан шашу шашып, бәйге-көкпар думанды қызықпен тарқайтын. Тойдың тамаша ойын-сауығының жалғасы аудандық мәдениет бөліміне тиесілі болатын.

Аудандық атқару кеңесінің төрағасы аузын ашса көмейі көрінетін ақкөңіл, жарқын жүзді ағамыз Әбдірашид Жансейітов мені өз қабылдауына шақырды. Әбекең Қазақстан Республикасының құрылғанына биыл 60 жыл (1922-1982) екенін атап өтті. Осы жылы малшылар тойын ерекше атаулы мерекеге сай өткізуіміз керек. Қара байыр ән шашумен емес, ол өз алдына, басты ерекшелігіміз ақындар айтысын ұйымдастырасыңдар – деп нақты, дәйекті тапсырма берді.

Мен басшының тапсырмасын міндет санағаныммен айтыс ақындарын ұйымдастыру біршама ойландырды. Бұрын-соңды ауданда суырылып шығып, айтысып жүрген ақындар жоқтың қасы, бар болса да бізге беймәлім болатын. Мәдениет саласында істеп жүрген Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов, Насыр Абдураимов, Нұрмақан Егетаев, ақындар Төребай Шериев, Өмірбай Сәуірбаев, Түгелбай Ботақараев сынды ақындарды ақындар айтысын өткізуге шақырдым.

Бас қосып пікір бөліскенімізде әлгі ақындар ат тонын ала қашып, айтыспаймыз деген пікірге келді. Бұл пікірді естіген кеңес төрағасы Әбекең ақындарды өзіне шақырып алып, ешкім анадан айтыскер ақын болып туған жоқ, бір-біріңе айтатын қағытпаларыңды жазып алып, жаттап қағысыңдар. Малшылардың жетістігін айтып жырлаңдар, кемшілігін қақпайлай көрсетіңдер, – деп нақты дәйекті тапсырма берді. Намыс десе жаны оттай лаулайтын Қаныбек Әбекеңді қоштап ақындарды айтысқа шақырды. Не керек салы суға кетіп жүрген жазба ақындарымыз жігерленіп айтысты бір кісідей жұмылып ерекше ынта ықыласпен өткізді. Айтыс соңында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхаммед-Расул Исақов ақындарға алғыс айтып, қазақтың төл өнері айтысты жалғастырыңдар, өнер өрісінде өрелі болыңдар, – деп ізгі ниетін білдірді. Сол дәстүрлі айтыста ақын Қаныбек Сарыбаев сырлы сырнайымен айтысқа шығып елді ерекше сүйсіндірген болатын. Кейін жанұялық жағдайымен Қаныбек қонысын Отырар ауданына ауыстырды. Өнер десе өрісі өрге өрмелейтін Қанекең аудан орталығы Шәуілдірден ақындар мектебін ұйымдастырды. Ақын Тәушен Әбуова апасы, қарындасы ақын Әселхан Қалыбековамен бірге иық тіресіп жастарды ақындыққа баулыды.

Қаныбек ақын болғанымен, еңбек жолын мәдениет саласында қанаттанып құлашын кеңге сермеген, талантымен ерекшеленді. Алғаш құрылған Түркістан халық театрының өнерпаз таланттарының бірі болды. Өнер адамы бірде ерке, бірде серке, еркелей той тойлап, бір топ өнерлі таланттар жұмысқа түгелдей ақылдасқандай келмей қояды. Сол кездегі мәдениет бөлімінің меңгерушісі Әнуар Кенжеғұлов ерке, серке өнерлі Болат Әуелбеков, Мизанбай Күленов, Қасым Якубов, Қаныбек Сарыбаев, Зерек Сейсекев тағы басқалардан мән жайды түсіндіруді талап етті. Жұмыс істейтін болсаңдар жұмыс істеңдер, істемейтін болсаңдар уақыттарыңды бос өткізбей табандарыңды жалтыратып басқа жұмыс табыңдар – деп түйіп айтты.

Қаныбек Әнекеңнің ашуланып отырғанын сезіп, адамгершілік ізгі ниет қасиетпен орнынан тұрып: – Әнеке, кешіріңіз, біз тәртіп бұздық. Кеше кешкісін Мәскеуде Қайрат пен Спартак командалары футбол ойнап өзара кездесті. 0-2 есебімен Қайрат ұтты. Екі допты Қайрат командасының ойыншысы Темір Сегізбаев Спартак қақпасына қақырата гол соқты. Тамаша жеңіс. Біз де сіз де Қайраттың жанкүйерлеріміз ғой. Сол жеңісті бірге тойлап едік. Әзіл-шыны аралас. Әнеке енді сізбен бірге Қайраттың жеңісін тойласақ – депті. Әнекең: – Әй, сендерге дауа жоқ екен. Ойындарыңды ойнап, тойларыңды тойлап жүре беріңдер, – деп уәж-мәмілеге келіп тәртіп бұзған ерке-серкелерді жиыннан аман-сау шығарып салады. Сонда әріптестері Қаныбекке сіз болмағанда бәріміз бір-бір жаман шапан киіп шығар едік. Сол жаман шапаннан құтылғанын жуып-шайып, мәре-сәре болды әріптестер.

Иә, Қаныбек мәдениеттің, өнердің шыншыл ақыны еді. Бірде аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Әмидулла Көпбаев ағамыз: – Екінші тың ерлері арасында мәдени көпшіліктің жұмысы көзге ұрып, мен мұндалап тұрған жоқ. Саны бар, сапасы жоқ, қызмет етіп жатырсыздар, жұмыстарыңды жандандырыңыздар. Ел, халық, майталман малшы қауымы сүйсінетін болсын, – деді.

Бұл пікір, ұсыныс, тапсырма ұжымда талқыланды. Сол, сол-ақ екен ақын Қаныбек ұйымдастыра білген ұтады – деген қағида бар. Біз жеке дара бәйгеге шапқан шабандоз болып шаба берсек нәтижесіз қаламыз. Көп қолдаса – көл. Басымызды қосып «Ағайын» атты мәдени үгіт бірлестік тобын құрайық – деп ұсыныс айтты. Міне, содан екінші тың ерлеріне таңдамалы, әнші, жыршы, күйші, бишіден құралған «Ағайын» тобы қызмет көрсетті.

Бірде, түскі үзілісте есік алдында одан-бұдан көргенімізді айтып демалып тұрған болатынбыз. Қаныбек бәрімізге таңырқай қарап, әзіл-шыны аралас бізге юмор құрастырғаны бар ма? – Ілиясты ілім ұрған, Мәкеңді шылым ұрған. Балтекеңді кім ұрса да, біліп ұрған – деп бір күлдіріп қойып, Мәке, мына әннің сөзін Қаныбек жазып еді, мен әуенін жаздым – деп Әбдікерім Манапов мені өздерінің талас-тартысына төрешілік ет деп қосып жіберді.

Сіз де біздің жанкүйер бір басшымысыз. Оның үстіне өнер мен әдебиетке жаныңыз құмар нағыз жанашырсыз. Мына әннің атын қоюға таласып тұрмыз,-деді Қаныбек. Әбдікерім әуенімен әнді шырқады. Тыңдадым, мына ән атын өзін-өзі шақырып тұр ғой. «Қаратау қарлығашы» болсын дедім. Қанекең менің пікірімді бірден құптап кетті. Сонымен әннің аты «Қаратау қарлығашы» болды. Табиғатында ақын жандар күйдіп, сүйдім пістім болғанымен есін тез жинап сабасына келіп, шырқау биігіне шарықтап самғайды.

Қаныбекте де сондай мінез болатын, бірде бастауыш партия ұйымында біреулер біреуді орынсыз кінәлап күйе жаққысы келді. Оған Қанекең қолшоқпар болып, жөн-жосықсыз орынсыз пікір айтты. Мәселенің ақ-қарасына жеткен ер мінезді Қаныбек ол кісіден менен ағаттық кетіпті – деп қол қысысып адами ізетін білдірді. Қаныбек Сарыбаев байыбы мол, ұшқыр ойлы, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін сезімтал, көңілі кіршіксіз ақжүрек жарқын жүзді ақын болатын.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы