ҚҰС ӨСІРІП, КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТКЕН ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУА

340 көрілім

Мақта егуден алдына қара салдырмайтын Жетісай ауданының Ж.Ералиев ауылдық округінде 14 мыңнан астам халық бар. Округ тұрғындары диқаншылықпен қатар шағын кәсіпкерлікті де дұрыс жолға қоя білген. Бүгінде округте 32 кәсіпкерлік нысан толыққанды жұмыс істейді. Оның ішінде 1 мақта түту және 1 көрпе тігу цехы, 17 азық-түлік дүкені мен 2 тамақтану орны, 1 автобөлшектер мен 1 құрылыс материалдарын сату нүктелері, 1 ағаш өңдеу шеберханасы мен 1 дәнеркерлеу цехы, 3 жанар-жағармай құю бекеті мен 2 шаштараз халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

Бұдан бөлек, Үтіртөбе ауылында үйрек-қаз, күркетауық бағатын үйіргелік шағын ферма жұмыс істеп тұр. Кәсіп иесі Серік Жаманқараев үйрек-қаз бағуды осыдан 2 жыл бұрын қолға алыпты. Алғашында 100 мың теңгеге 15 қаз сатып алған ол бүгінде оның басын 500-ге жуықтатып қойыпты. Жем-шөпті де өзі әзірлейді екен. Биыл 3 гектар жерге жоңышқа мен дәндік жүгері егіпті.

«Алғашында қаздарды ауыл ішіндегі үйімде бақтым. Тез көбейгендіктен улап-шулап кететіні бар екен. Көршілерім арыздана бергендіктен ауыл сыртынан, яғни, Сырдария өзенінің сағасынан 5 гектар жер сатып алып, осында көшуді ұйғардым. Қазіргі үйім мен қора-қопсым дарияның түбінде орналасқандықтан үйрек-қаз көбінде суда жайылады. Бұл өз кезегінде жем-шөпті үнемдеуге әрі үйрек-қаздардың ерте ет жинауына септігін тигізеді»,-дейді Серік Жаманғараев.

Кеңес заманында Куба елінде теңіз флотында әскери борышын өтеген Серік кәнігі аңшы екен. Ол жабайы көкбас үйректі де қолға үйретіп, бүгінде оның санын 50-ге жеткізіпті.

«Қазды 5 мыңнан, үндіктерді 8 мыңнан сатып жатырмын. Жетісай қаласынан бөлек, Шымкент шаһарынан да тапсырыстар түсуде. Алдағы жоспарым – үйрек-қаздардың санын 1 мыңға жеткізу. Егер жобам іске асса, қоражайымды үлкейтіп, үй іргесінен демалыс аймағын ашуды көздеп отырмын»,-дейді кәсіпкер.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары