ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ

650 көрілім

Облыс орталығы атанғанына екі жыл толған Түркістан жастары Елбасының алғыс хатымен марапатталды. Тұңғыш Президентіміздің алғысын «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев арнайы тапсырды. Еріктілер жылы аясында ұйымдастырылған салтанатты шара волонтерлардың еңбегі еш кетпегендігінің дәлелі.

 “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, “Nur Otan” партиясының үйлестіруімен елімізде “Біз біргеміз” акциясы қолға алынды. Акция Түркістан облысында жоғары деңгейде өтіп жатыр. Игі істі жүзеге асыруда ерікті жастарымыз елге көмектесті. Карантинде де жұмыс істедіңіздер. Еңбектеріңізді Елбасы бағалап отыр. Отаншыл,  мемлекетшіл азаматтар өздеріңіздей жалынды жастардың арасынан шығады”,- деді Өмірзақ Естайұлы. 

Сонымен қатар, аймақ басшысы жаңару мен жаңғыруға бет бұрған Түркістандағы құрылыс жұмыстары мен жоспарлы жобаларға кеңінен тоқталып өтті.  Ол өз сөзінде: «Түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Тарихи өлшеммен қарасақ екі жыл өте қысқа уақыт, алайда атқарылған қыруар жұмыс нәтижесінде Түркістанның жаңа келбеті, жаңа болмысы қалыптасып келеді»,-деді.

Түркістан облысы «Jas Otan» жастар қанатының 138 еріктісі де Елбасының алғыс хатымен марапатталды. Еріктілердің еңбегі марапатқа лайықты. Облыстық  «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Амалбек Өміртай белсенді жастардың еселі еңбегін ерекше сөз етті. Әсіресе, карантин режиміне қарамастан ел үшін тер төккен волонтерлармен қоса өңір басшысының да іскерлігін атап өтті. Құрылыс қарқынын бір сәтке бәсеңдетпей өз деңгейінде жүргізуді тапсырған облыс әкіміне еріктілер бас киімі сыйға тартылды.  

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы