САЯБАҚТАР МЕН СУБҰРҚАҚТАР ЖҰМЫСЫ УАҚЫТША ТОҚТАТЫЛДЫ

943 көрілім

Соңғы уақытта қала тұрғындары тұмау белгілерімен дәрігерлік көмекке жиі жүгінуде. Жұқпалы дерттің таралу қарқыны артып тұрғанын да айта кету қажет. Осыған орай, халықтың қауіпсіздігі үшін қала әкімдігі саябақтар мен субұрқақтар жұмысын уақытша тоқтатты. Одан өзге, мемлекеттік қызмет алуды оңтайландыру мақсатында жаңа тұрғын үй аумағында және қаланың шеткі аумақтарында тағы да халықтық кеңселер ашылады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы көлік қарастырылады. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте белгілі болды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Байғұт хабарлама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше бүгінде халықтық кеңседе тұрғындардың 60-80%-ы «egov.kz» сайты арқылы өзіне – өзі қызмет көрсетуі қарқынды жүзеге асуда. Десе де өздігінен қызмет алуға әлі де болса қосымша құрылғылардың қажет екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, кеңсе басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦП) алудың өзіндік қиыншылықтарына тоқталды. Шаһар басшысы ондай азаматтарға алдағы уақытта көлік жағын қамтамасыз етуді тапсырып, келер жылы халықтық кеңселер саны артатындығын жеткізді.

Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбутәліп Асановқа: Заңсыз үй алған азаматтар болса анықтап, шара қолдану сіздің міндетіңіз деген Рашид Абатұлы «Отырар» ықшам ауданындағы үйлер ауласының жарығына, қураған шөптеріне, кіреберісінің тазалығына сын айтып, басқарушы компаниялармен және тұрғындармен жүздесіп, алдағы күні жоба ұсынуын тапсырды. Сонан соң тұрғын үйлерді аралап, мәселелерді назарға алатынын айтты.

Жиын соңында қала әкімі жиналыстың күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты тиісті бөлімдерге салғырттық танытпай, жұмысты жедел атқару қажеттігін жеткізді.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы