СЫҒАНАҚ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ

282 көрілім

Сөзтізгін

Бөкенжон даланың бөртебөктерін ендей өтіп, қара жер апшысын қуырған көлік межелі жерге жете тізгін тартты. Көлік ішінде жиырма қаралы адам бар. Дені жарғақ құлағы жастыққа тимей қалам күшімен еліне қызмет етіп жүрген журналистер қауымы. Арамызда қызыл тілдің шешені, көшелі ойдың көсеміндей Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Әміреқұл Абуов ерекше көзге шалынды. Олай деуіміздің себебі жеткенше баратын жер туралы көл-көсір мәліметтер берді. Басқа тақырыптар туралы да тілге тиек етті. Құдай-ау, қай бірін айтсада жүйелі сөзбен, дәйекті мысалмен пайым етті. Бәріміз жеткенше, одан қайтып оралғанша сол кісінің аузын бағумен болдық.

Бұл ән бұрынғыдан өзгерек дегендей, бұл сапар басқаша болды. Анықтап айтсақ Сығанақ қаласындағы 2020 жылғы жаңа археологиялық қазба экспедициясының басталуы еді. Мұнда көне қалада жүргізген қазба жұмыстардың нәтижесінде ашылған архитектуралық құрылыс, қорғаныс жүйесі мен ғимараттар, кесенелермен таныстыру болып өтті.

Сығанақ тарихы және қазба жұмыстар нәтижесі не айтады?

Қазақ ұлты ұзақ тарихқа ие даңқты ұлттардың бірі. 3000 жылдық тарихы бар ұлтымыздың ата-тегін құрайтын ежелгі сақ, ғұн, үйсін, түрік, қаңлы, қарлұқ қатарлы ұлыс-тайпалар ұзақ тарихи даму барысында, тілі бір, салты бір, психологиялық болмысы бір-бірінен айнымаған қазақ жұрағатын қалыптастырды. Ертеде қыпшақ даласы, кейін қазақ даласы аталған шығыста моңғол үстіртінен батыста Каспий теңізіне дейінгі ұлан-қайыр даланы ежелгі көшпенділер мәдениетінің ошағы, қазақ халқының тіршілік тиянағы, атажұрт, құтты мекені екендігін тарих дәлелдеп отыр. Осы дала арқылы батысқа жалғанған «Жібек жолы» шығыс пен батыстың мәдениетін алмастыруда, қазақтың өзіне тән дара мәдениетін төрткүл дүниеге әйгілеуде маңызды рөл атқарған. Ата-бабаларымыз қазақ даласында Түркістан, Отырар, Сығанақ қатарлы көптеген қалалар құрып, онда ерте кезден бастап сауда-айырбас, қолөнеркәсіп, қала құрылысы, егіншілік, малшаруашылық кәсіптерімен кең көлемде шұғылданып, оны едәуір деңгейде дамытқан. Ал, қазақ хандықтары бұл қалаларға өнімді билік жүргізіп отырған.

Біздің пайым етіп отырғанымыз үздік қалалардың бірі болған Сығанақ. Сырдарияның орта ағысында орналасқан ортағасырдағы қалалардың ішіндегі шоқтығы биік болып, ерекше мәнге ие. Тіпті тарихы мен маңызын білмейтін жан баласы жоқ та шығар. Қала Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы жерінде, аудан орталығы Жаңақорған кентінің батыс жағында 45 шақырым жерде орналасқан. Ғұмыры сонау ортағасырдан басталып, тоғыз жолдың торабында шаңырақ көтерген қаланың маңызы басым. Шежірелі тарихында үш бірдей хандықтың астанасы аталған.

Үлкен тарихи баға ретінде 2003 жылдан бастап Сығанақ қалашығында археолог ғалым т.ғ.д., профессор С.Жолдасбаевтың басшылығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих факультеті студенттері археологиялық далалық ғылыми практика жүргізетін базаға айналдырса, 2009 жылдан бастап университеттің Археология ғылыми-зерттеу институты жүргізіп келеді. Осы кешенді археологиялық зерттеулерді үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең – 2003-2008 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бөлген қаржы, екінші кезең – 2009-2013 жылдар аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бөлінген 15800000 теңге, үшінші кезең – 2014-2020 жылдар аралығында «Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бөлген 58 357 143 теңге қаржысына атқарылған жұмыстар легі болып саналады.

Ұзақ жылдар бойы жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде 1 500-ден астам көне жәдігерлер Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізілген. Бұл деген көптеп табылып жатқан көне мұралар арқылы ел тарихының ақтаңдақ тұстарына таңғажайып кемелді баға беруге негіз бар дегенге саяды. Осы негізде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Болатбек Абдрасилов мырзаның «Оқу ордамыз 2003 жылдан бастап осы қаланың тарихын ашуға жұмыс жасап келе жатыр. Біздің университетіміздің мүмкіндігі жоғары. Біздің археологтар халықаралық деңгейдегі білімді, білікті мамандар. Сығанақ қаласының тарихының ашылуына Түркия тарапы да қолдау көрсетіп жатыр» деген сүбелі ойын айта кету ләзім.

Жүйелі орындалған жұмыс ретінде 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында атаулы оқу ордасы мен Халықаралық Орта Азиялық зерттеулер институты (ЮНЕСКО) бірлескен археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сығанақ қаласының көне қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, төрт кесене орны ашылып зерттелгенін сүйіншілеген жөн.

Зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да Сығанақ қалашығын қорғауға байланысты нақтылы ұсыныстар беріліп, археологиялық ескерткіштің компьютерлік банкі жасалып, зерттеу барысында ашылған кешендердің консервациясы туралы ұсыныс жобалар ортаға салынатын болады. Былайша айтқанда көне қаланы сақтау өзекті мәселе қатарында қарқынды жүріледі деп күтілуде.

Ойтиек немесе соңғы сөз

Тағы сол сағым дала. Көлік батыстан шығысқа жүйткітіп келеді. Бәріміз ауыр-ауыр ой арқалап қайттық. Біз көріп қайтқан Сығанақ тарихы таңғалдырғандай. Иә, неше мыңжылдан бері сарғайған тарихымызды ішіне бүгіп жатқан қастерлі орын. Кезінде гүлденіп көркейген, атағы алысқа жеткен, ірі сауда орталығы болған көшпенділер қаласы. Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах ибн-Рузбихан Исфаханидың еңбектері және басқа да тарихшылардың жазуы бойынша да мықты даму құдіретіне ие болған.

Біздің көріп отырғанымыз шаһардың жұрты. Бұрқасынды замандардан аман-есен өтіп бүгінге жеткен бейнесі. Құмдар жалмап қойған сұлбасы. Бір сөзбен айтқaнда археологиялық экспедиция нәтижесінде ашылып отырған көне бейнесі. Табаныңыз Сығанақ топырағына тиіп қала аумағына кіргеннен қарасаңыз әйгілі қала болғанынан күмәніңіз болмайды. Қақпа айбынды көрінеді. Қаланы қоршай өзен болғаны көзіңізге шалынады. Қазір қала аумағы үш үлкен бөліктен құралған. Үш жағынан жанасып жатқан Рабат, Орталық және Шахристан деп аталады. Сонау оңтүстік-шығыс бөлігі саналатын Шахристан заманында формасы бесбұрыш болып келетін мықты алынбас қамал болғанға ұқсайды. Ал қала аумағында көзге шалынатын дүниелер қатарында мұнара іздерін атауға болады. Қалың қауым таңдана қарайтын тағы бір маңызды көрініс 7 метр шамасында шығыңқы 15 төбешік қалыптасқанда тұтас қалаға айналған. Сонымен бірге маңына орын тепкен Сунақ ата мешітін айтпай кетуге болмайды.

Бұл күні археологтар жұмысы қызып жатыр екен. Нақтылап айтар болсам, орта бөлігінде жүріп жатқан археологиялық зерттеу нүктесінде ежелгі қыш құмыра және ошақ орыны кездесіпті. Аталған дүниелерді мұқият қазып, зерделеп қараған мамандар қуанышында шек жоқ. Неше он жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан зерттеу барысында бұндай құнды жәдігерлер молынан кездескен. Әрбірінің маңызы зерттеліп, музейлерге орын теуіп келеді. Келешекте еліміздің теңдессіз байлықтарына айнала бермек.

«Бұлдырда-бұлдыр күн өткен, бұрыңғы да кім өткен» дегендей өткен тарихымызда ғаламат орталыққа айнала отырып, үш бірдей хандығымызға орда болған Сығанақ, өткенін түгендеп, бүгінін бекемдеп, келешегін шегендеп үлкен туризм орталығына айналып жатса таңғалмаңыз. Тарихта бабаларымыздың атын әйгілеген киелі орда, алыс-жуықты таңғалдырып, шетелдерге қазақ елінің атын шығарып жатса қандай керемет. Қара жер жаралғаннан тағдыры қазақпен байланған Сығанақ топырағы, бүгінгі біздің қоғамның ұлы мақтанышына айналуы жарасымды заңдылық. Өйткені тамыры терең Сығанақ тарихы – қазақ тарихының алтын көпірі екені ұлттың мәңгілік мақтанышы болмақ.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары