ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ МЕРЕКЕ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ

945 көрілім

Әр адамның талғамы алуан түрлі. Армандары да сан қилы. Адамилық тұрғыда менің де жүрген жолым, кешкен ғұмырым мың бояулы. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметке келуім де сол биік мақсаттарымды орындау және нақты жүзеге асыру үшін десем болатындай.

Қысқаша өмірбаяныма тоқтала кетсем. Атақты Қаратаудың баурайына орын тепкен, Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушымыз «Қаратау тәжі» атаған Кентау шаһарында өмір есігін аштым. Тұрар Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта мектебінде алғаш білім нәрімен сусындап, 7 сыныптан бастап Дарын мектебінде оқыдым. Қарағанды қаласындағы Болашақ колледжінде «Ақпараттық жүйе бағдарламасы» мамандығы бойынша білім алдым. Үш жылдық оқу біткеннен кейін Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетінде алдыңғы мамандығым бойынша баклавр атағын алдым. Алғашқы еңбек жолымды Жаңақорған өңірінен бастадым. Осы жылдың ақпан айынан бастап қалалық әкімдіктің Урбанистика бөлімінің бас маманы болып орналастым. Қазіргі таңда осы бөлімнің басшысы міндетін уақытша атқарушы болып жұмыс жүргізіп отырмын.

Мемлекеттік қызметші күні ерекше мәнге ие мереке. Осы қызметтің аты айтып тұрғандай айбынды әрі жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені мемлекет дегеніміздің өзі біртұтас халық. Ондағы әрбір қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Елдегі экономикалық, саяси, тұрақтылық жағдайларды қамтамасыз ету үшін тер төгеді. Ауқымы мен ортасы кең жұмыс түрі. Содан да жас мемлекеттік қызметші ретінде тәжірибелер жинап, өз мамандығым арқылы халыққа не істеп берем, осы еңбек етіп жатқан қаланың дамуына қалай үлес қосамын дегенді жиі ойлаймын. Қашан да жемісті жұмыстар істесем деп армандаймын. Кем тұстарым болса толықтап, білмей жатқандарым болса аға буыннан үйреніп отырамын. Осы бір даңқты қызметтің үдесінен шығарыма сенімім мол.

Сөз соңында барша әріптестерімді мерекесімен құттықтай отырып, қызметтеріне толағай табыс тілеймін. Ұлы Абай айтқандай халықтың ұлы бола білу бақыты әрдайым әрбірімізге бұйырса екен. Еңбектеріңіз жемісті де, жеңісті бола берсін деген тілегімді жеткізгім келеді. Өйткені, мемлекеттік қызметші күні осы сала мамандарына халқының мұңын шынайы түсінсе дейтін, сөзден гөрі нақты әрекеттер көп болса деген тағылым жолына бастайтын күн болып табылады.

Сержан НАРБЕК,

Түркістан қаласы әкімі аппаратының урбанистика бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы