ЖАҢА СЮЖЕТТІ-ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛІМІ БАСТАЛДЫ

1  167 көрілім

Тарихи тылсымға толы киелі мекенде «Түркістан құпиялары» атты сюжетті-деректі фильмнің түсірілімі басталды. Түркістан облысы мәдениет басқармасының тапсырысымен «Оңтүстікфильм» мекемесі жергілікті «САҚ» киностудиясымен бірлесе отырып дайындалатын бұл фильм осы өңірдің көпшілік біле бермейтін құпияларын қамтып қана қоймай, көрерменнің Түркістанға деген жаңа көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Фильм продюссері Нуриддин Паттеевтің айтуынша, бұл туынды шетелдіктердің ерекше қызығушылығын оятады. Өйткені мұндағы мәліметтер, аңыздар және оқиғалар сол кезеңдерді білдіретін сюжеттік кино туындысы ретінде баяндалады. Бұл әдіске қазіргі таңда ВВС секілді әлемдік телекомпаниялар баса назар аударып отыр. Үш тілде дыбысталып, туризмнің дамуына ықпал ететін туынды болмақ.

Фильмнің ұзақтығы 20 минут. Сценарий авторы – Бақытжан Құлжабаев пен Батырхан Дәуренбеков. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Түсірілім жұмыстары 1 айға жоспарланған. Тамыз айында жаңа туындының тұсауы кесілмек.

«Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевты шақырып жатырмыз. Ол кісі негізінен Саураннан қыш тасыған кезеңді айтып береді. Екіншіден Қылует жерасты мешіті туралы түсіндіреді. Бұл тарихи жоба болады. Сюжетті болғандықтан Түркістан театрынан Аяз Ілиясов, Шанин театрынан Руслан Нұрманов секілді актерларды шақырып жатырмыз. Ол журналист ретінде жалпы фильмді жүргізіп отырады. Сонымен қатар, біз бұл жерде бірнеше тақырыпты қамтимыз. Соның ішінде мавзолейдің сыртындағы бояулар мен қыштардың құрамы. Қазір қанша технология дамыса да, олардың құрамы осы уақытқа дейін құпия болып келеді. Кесенені салдырған Әмір Темір болғандықтан, ол жайлы да қамтылады. Сондай-ақ тағы бір құпиясы – қазақтың бетке ұстар хандары мен батырларының осы жерде жерлену себебі айтылады. Менің қазір айтып жатқандарым барлық кісіге қызықты деп ойлаймын. Фильмнен кейін құпияларды зерттеуге қызығушылық артады деген сенімдемін»,-дейді Батырхан Дәуренбеков.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы