ТҮЛЕКТЕР БАС ҚОСҚАН ТАРТЫСТЫ ТУРНИР

993 көрілім

Түркістан қаласындағы кәсіпкер Сабыржан Атажанов салып пайдалануға берген «Яссы» жабық спорт кешені 4-5 жылдың көлемінде аяқ доп шеберлерінің басын жиі-жиі қосатын ойын алаңына айналды. Аталмыш кіші футбол залында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және соғыс һәм еңбек ардагері Абан Садықовтың 100 жылдығына арналған кіші футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Алдымен соғыс ардагері жайлы қысқаша тоқталып өтсек. Абан Садықов 1920 жылы 25 мамыр күні Фрунзе ауданында (бұрынғы Түркістан ауданы) туған. Соғыс майданына 1940 жылы шақырылып, Германия және Жапония соғыстарына қатысқан. Ұрыс даласында неміс басқыншыларына қарсы ерліктері үшін бірнеше орден және медальдармен марапатталған. Бейбіт өмірде Түркістан индустриалды педагогикалық техникумында 1948 жылдан 1984 жылға дейін жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берген. Соғыс және еңбек ардагеріне 1985 және 1987 жылдары Мәскеуде қарулас достарымен кездесу бақыты бұйырды.

Сонымен қаламыздағы Ә.Науайы атындағы №13 мектеп-гимназиясы түлектерінің басын қосқан жарыстың жоғары деңгейде өтуіне спорт жанашырлары Акрам Халназаров, Азиз Байқозиев және Еркін Жүсіповтер ұйытқы болды. Жалпы саны 16 команда қатысқан теңбіл доп жарысының жабылу салтанатында сөз алған Ә.Науайы атындағы №13 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Закир Закиров, еңбек ардагерлері Хайрулла Шамұратов пен Равшан Құрманбековтер бүгінгі жарыс жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануларына, мектепті әр жылдары бітірген түлектердің өзара достық қарым-қатынасының нығаюына зор септігін тигізетінін тілге тиек етті.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша І орын 1992 жылы, ІІ орын 1975-1977 жылы, ІІІ орын 1987 жылы туылған мектеп түлектерінің командалары иеленді. Соғыс ардагерін еске алуға арналған турнирге Біріккен Ұлттар ұйымы орденінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Құдайберген Тілеубергенов пен қаламызға белгілі сәулетші Садулла Садықовтар демеушілік жасап, жарыс жеңімпаздары бағалы сый-сияпаттармен марапатталды.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы