БАС МҮФТИ ҮНДЕУІ: МЕШІТТЕРДІ АШАМЫЗ

1  070 көрілім

Құрметті бауырлар!

Қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Алла сендерге жеңілдік қалайды», – делінген. Міне, Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады. Алайда, карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет. Қуанышты хабар! 2020 жылдың 18 мамырынан бастап еліміздегі барлық мешіттеріміз арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады.

Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады. Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз. Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық.

Қадірлі қауым! Биыл қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтуі сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы тегін таратылды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, игі амалдың сауабы еселеніп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін. Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, мешіттерімізді жамағатқа толтырып, берекелі, мерекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы