ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДИҚАНДАР ӨНІМДЕРІН ЕЛ АУМАҒЫНДА ЕРКІН САТА АЛАДЫ

627 көрілім

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен барлық аудандарда бір жерден екі өнім алу ісі кеңінен қолға алынған болатын. Алайда, биылғы әлемді дүрліктірген короновирус пандемиясынан сақтану шаралары күшейтіліп, жарияланған карантиндік режим алғашқы өнімді сатуда үлкен кедергілер тудырды. Шаруалардың өндірген қырыққабаттарының бағасы былтырғыдан төмен болды.

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Қанайұлының тікелей араласуымен бұл мәселе де оң шешімін тауып келеді. Сөзімізге дәлел – бүгін Жетісай ауданынан жалпы салмағы 250 тонна қырыққабат тиеген 10 жүк көлігі “Дегдар” қайырымдылық қоры арқылы еліміздегі барлық балалар үйлеріне жолға шықты. Одан бөлек кәсіпкерлер есебінен 300 тонна орамжапырақ Алматы қаласына жөнелтілді.

“Шаруалардың еңбегі зая кетпесін деп осындай әрекетке барып, еліміздің барлық ірі қалаларымен, облыс басшыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алғашқы жүк көліктеріне тиелген өнім Алматының 8 базарында сатылады. Баға ол жақта бізден жоғары. Жүк көлігінің жол ақасын, өнімді көлікке тиеушілердің еңбекақыларын түгелдей алматылық кәсіпкерлер көтеріп отыр. Сұранысқа қарай жақын күндерде тағы да жіберетін боламыз”,-дейді аудан әкімі.

Мұнан бөлек, аудан диқандары тарапынан жылыжайларда егілген болгар бұрышы мен қызанақ, қияр өнімдері де пісіп, жергілікті базарларға жөнелтілуде. Жергілікті тұтынушылардың сұранысынан артылған көкөністер келіссөз жүргізілген өңірлерге жөнелтіледі деп жоспарлануда.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары