ӨҢІР ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

136 просмотров

    Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің “Қоғамдық кеңес”  отырысындағы есебі тыңдалды. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері  және БАҚ өкілдері қатысты.

    2019 жылғы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын саралап берген аймақ басшысы “Қамқорлық” бағдарламасына ерекше тоқталып өтті. Облыс көлемінде жағдайы тым төмен деңгейде өмір сүріп жатқан отбасылардың саны  2000-ға жуық екендігі анықталған. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға материалдық көмек көрсету, мамандық беру, жұмысқа орналастыру сынды жанұялардың әлеуметтік жағдайын оңалту бағытында кеңес беретін арнайы жетекшілер тағайындалған.

   Өңір басшысының ұсынысымен мекеме басшылары,  депутаттар, кәсіпкерлер мен меценаттар олардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейге жеткенше көмек беретін болады. Мұқтаж отбасыларға кедейлік шегінен шығуға биыл қосымша әлеуметтік көмекке облыстық бюджет есебінен 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылады.

   Рухани астананы дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылып, қорытындысы оң сипатқа  ие болып отыр. Бұл туралы Өмірзақ Естайұлы өз баяндамасында нақтырақ тоқталып,  облыс бойынша атқарылған тындырымды істің ретін сөз етті.

   “Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылдың 3 тоқсанымен 1 трлн. 272,3 млрд. теңгені құрап,  2018 жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда +5,1% өсім бар. Тұрғындардың мемлекеттік органдарға толғандырған мәселелерімен жүгіну жеңілдеді. Облыс әкім аппараты басшыларының жеке қабылдауына өткен жылы 809  азамат келген, соның ішінде 348 азамат менің жеке қабылдауымда болды. Азаматтық қоғам мүддесін ескеру, өтініштер мен жұмысты оңтайландыру мақсатында облыс орталығында «Фронт офис» орталығы ашылып, халықпен тікелей жұмыс жүргізе бастады,-деді ол.

     Баяндамадан соң сұрақ-жауап бөліміне  кезек беріліп, шараға қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, нақты жауаптар берілді.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары