ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ “ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН” ҚҰТТЫҚТАДЫ

257 просмотров

Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің мәдениет сарайында “16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні” мерекесіне орай концерттік бағдарлама өтті. Қала жұртшылығын егемен еліміздің ұлық мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы Рашид Аюпов: “Құрметті түркістандықтар, сіздерді еліміздің ең басты әрі маңызды мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Қаншама жылдар бойы ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін әрбір жан түсініп, әрқашан жүрегінде ұстауы керек. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының арқасында мемлекетіміз қарыштап дамуда. Біз бұл күнді Туымызды биікке көтеріп, Әнұранымызбен бастап жатырмыз. Әрбір қазақ өзінің тамырын Түркістаннан іздеп табады. Елбасымыздың шешімімен құрылған жаңа облыс орталығы үшін Түркістан жұртшылығы алғыс білдірсек артық болмас деп ойлаймын.Ендеше, Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, Түркістанымыз гүлдене берсін!”, – деген құттықтауын жеткізді.


Салтанатты кеш аясында ҚР эстрадасының жарық жұлдыздары Мадина Сәдуақасова, Ғазизхан Шекербеков, Жігер Ауыпбаев, “МузАрт life” жобасының қатысушысы Еркебұлан Амантай сынды бірқатар танымал әншілер қоржынындағы әндерін арқалап келді. Олар рухани шаһардың тұрғындарын құттықтап, әсем әндерін тарту етті.


“Дәл қазіргі таңда Қазақстан халқының Нұр-Сұлтаннан кейінгі назары Түркістан шаһарында. Өйткені, облыс орталығы атанған Түркістан күннен-күнге құлпыра түсуде. Жаңа ғимараттар, мәдени орындар салынып, жылдам қарқын алуда. Түркістан тек қана Қазақстанның емес, бүкіл әлемнің рухани, мәдени орталығына айналары сөзсіз. Түркі жұртының түп қазығы саналатын Түркістанға туристердің назары облыс орталығы атанғанға дейін де жоғары болған. Ал, қазір екі есеге өскенін байқауға болады. Тәуелсіздік мерекесі баршамызға құтты болсын! Тұғыры биік, халқымыз аман болып, еліміз көркейе берсін! Өнерді ерекше құрметтейтін Түркістан халқының алдында, осындай кештерде өнер көрсетіп, жүргізушілік тізгінді алғанымызға өте қуаныштымыз”, – деген лебізін білдірді эстрада жұлдызы, әнші Мадина Сәдуақасова.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары