«ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА БЕРЕРІ КӨП

93 просмотров

Қала әкімдігінің кезекті апталық мәжілісі шаһар басшысының міндетін атқарушы Мұрат Базарқұловтың төрағалығымен өтті. Білім, денсаулық, құрылыс салаларындағы түйіткілді мәселелер қамтылған басқосуда бірінші болып «Қамқорлық» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы Мейірхан Казиханов баяндама жасады.

   «Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сай облыс көлемінде «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Түркістанда мамандардың талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қоғамның көмегіне зәру 161 отбасы  анықталды. Алдағы уақытта бұл жанұя мүшелеріне облыстық, қалалық мәслихат депуттары, дербес бөлімдер, жеке кәсіпкерлер әлеуметтік және қаржылай көмек көрсететін болады»,-деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы М. Казиханов.

   Тақырыпты қуаттай түскен қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев аталған бағдарлама жөнінде ойын білдіріп өтті. Оның сөзіне сүйенсек, Бекзат мөлтек ауданының 1989 жылы туылған азаматтары Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мерекесі қарсаңында мұқтаж жанұяға үй салып беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, осы мөлтек ауданның 1983 жылы туылған азаматтары да 20 жылдық мектеп бітіру кездесуінде қайырымдылық іске ұйытқы болуды көздеп отыр. Осының өзі демеушілер тарапынан  бағдарламаға үн қосқан үлгі боларлық іс.

    Білім саласы талданған аппарттық мәжілісте адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова  апатты деп танылған мектептердің жай-күйін баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, Иззатуллаев мектебі апатты жағдайда. №14 білім ұясында оқушылар санының көптігінен оқу процесі үш аусымда жүргізілуде. Жаңа мектеп салу үшін жер телімі қажет. Бұл бойынша жер қатынастары бөліміне ұсыныстар айтылғанымен шешімі табылмай отыр.  М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының да басты мәселесі білім алушылар санының көптігі. Сондықтан Әмір Темір атындағы №3 жалпы орта мектебінде жаңа ғимарат салынған жағдайда орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік тумақ.

   «Халықтық кеңсенің» жұмыс барысы мен «Денсаулық» бағдарламасы бойынша мінберге шыққан баяндамашыларды тыңдаған Мұрат Серікбайұлы құрылысқа қатысты талдаудың келесі апталық мәжілісте қаралатындығын жеткізді. Мәжілісті қорытындылай келе дербес бөлім басшыларына жүктелген міндеттерді тиянақты әрі сапалы орындауға шақырды.     

    Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

   «Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары